ы. Осы арада тағы бір түйсік келді: «бастың көкесі шеге емес пе
екен?» Жансыз нәрсе, ойлай алмайды дейсің бе? Атаққа ақылдың керегі не? Ұстап
тұрар беріктік болса жетеді. Шегеден мықты, тұрақты зат жоқ. Болмаса мұндай
бөрікті ешбір бас, мойын ұстап жарытпайды. Шеге, дәл солай, шеге ғана лайық,
себебі, көп таныған қасиетімен қоса тым ауыр. «Тяжела, ты шапка Мономаха!»
Ойы қайтадан Идаятқа ауысты. Екеуінің арасынан алшақтық сезгелі көп
болған. Сол алшақтық Садықжанов деген фамилияда ғана жатқан құсады. Соны, өз
ойындағыдай бөрікке айналдырып, шегеге іліп қойса – досының, әппақ жанды
аяулысының өзі қалады, ешбір айырма, бөтендік білінбейді. Бұл Идаятты атағына
емес, өнеріне, кісілігіне бола сүйетін еді. Өнеріне бола? Баламысың деген-ау,
атақсыз өнер бола ма, ондайды қашан көріп ең? Бір ойы: болады, бар, бар деп
ерегіседі, тек ол жолы болмаған, бақытсыз адамның өнері! Кемел өз көкірегін тағы
да өзі басады, сонда немене, түпкі пиғылы қалқан қараның бақытсыздығын
қалағаны ма? Ойдың байланыс-жүйесіне сайсаң солай болды ғой? Нақ осы мезетте
алдына Идаят бейнесі қайыра елестеді: біресе елпілдеген аңқау, біресе мұңды,
тұйық. Жігіт те емес, бала, сәби. Саусағының ұшына шейін жүрек, тиіп кетсең
лүпілдеп қоя береді. «Ал енді алып тастайық!» Тост айтқан сияғы. Сөйлеу
білмегесін қайтсін дейсің бе? Қате. Сөйлегенде түбін түсіреді. Өтірік айта
білмегендіктен. Тіпті, әйелдерге де айта алмайды, әй, байғұс бала. Қор боп барасың
ба, қалай? Кенет жазығы иіді. Келесі минутта ыза болды. Ондай адамдар күрт
кетеді, себебі, не істесін, не айтсын – сеніп істейді, сеніп айтады. Ішімдікке де ерек
беріліп барады. Енді қайтып көзіңе стакан көрсетпеспін!– деп түйді Кемел.
Кемел мастау-тын. Бір мезет жаңағы ойының бәрі, бір жағынан, ішімдіктің
әсері екенін де сезді. Сосын жалғыз досы Идаятты – Садықжанов деген
фамилиядан, атақ-даңқтан қызғанатынын құлай мойындады. Мұнысын ұят та, айып
та санамады, тек бірте-бірте айығып, сезімі қатайып, ой-пікірі жүйеленіп келе
жатты. Манадан бері, ойша, «композитор Идаят Садықжановты» бөрік қып ілген
қарсы қабырғадағы шегеден өзінің ескі кепкісін танып, мырс етіп күлді...
7
Идаят әнеугі, Жарқынов қабылдаған күннің ертеңіне консерваторияға қайыра
соққан. Мұғалімдермен жеке-жеке сөйлесті. Ғұмырында жасаған пысықтығы:
кафедраға кіріп, жағдайын ойда жоқта кезіккен шалға айтты. Үлкен кісі мезгілдің
таяп қалғанын ескеріп, қынжыла отырып, жұбатып шығарды: «қарағым, бір жыл
кейін-ақ бітір. Әркімге жалынбай-ақ қоялық». Мұны тәмамдағанда композитор
деген диплом алмайтынын білетін. Әйткенмен музыка әлеміндегілердің ешбірінен
дәсі қайтып көрмеген жігітке қиын тиді. «Баяғыдан бері не бітірдің?» «Түбінде бұл
оқудың бір сұрауы болатынын ойламадың ба?» Мұндайда жұрт ақыл айтқыш қой,
со күні Идаяттан ақылсыз, одан есер жан болмай шықты. Біреулер аяныш қып,
таңдай қағысты, «сәл ертерек білгенде реттеп жіберетіндерін» сөйледі. Бәрі
құдіретті, бәрі мұны жақсы көреді екен, тек кеш, майталман-ай, кеш қапты.
Біреулер сыңар танауларын тартысты: «Крыловтың Абай аударған «Шырылдауық
шегірткесін» оқып па едің! Бәрінен жанына батқаны осы сөз болды. Шырылдауық
шегіртке. Імм. Композитор бірден күйреп, жасып кетті. Төбесінде тұрған шатыр-
далданы әлдекім көтеріп әкетіп, өзін ашық далада, жел өтінде қалдырғандай сезінді.
Қаралай бұғып, қорынып алды. Жанын жасырар қуыс таппады, әлденендей бір ұят,
жалаңаштық, түйсінді. Өзіне тән кішкене, аңқау айла-шарғысын жұмсап баққан,
онысы жүз таныстарының көздерінен де сақтай алмады.
Тапсырылмаған сабақтары соңғы айда ғана толғантқан. Оқудың, кез-келген
оқу орнының заңын түсінетін. Кездейсоқ сәттілікке, тағы да сол кешірімге сенген-ді.
Тіпті, соңғы күнге дейін ғайыптан құтқарушы күтті. Ертегідегі сияқты, әлдекім
ақбоз атпен ағызып кеп, «қарыздан» өрілген дар арқанын қиып, босатып алатын
тәрізденді де тұрды. «Композитор Идаят Садықжанов». Есімі ел аузында. Бүкіл
республика көлемінде оның әндері айтылмайтын бірде-бір сағат жоқ шығар. Той,
шілдехана, концерт, радио, телевидение. Осыншама атақ-абыройдың бір диплом
әперуге күші жетпегені ме? Диплом да емес-ау, ол әлі алыс қой – соған өтер
жолдағы бір есікті аштыра алмай отыр. Ал осы факультетті кім бітірмеді? Бір күйді
аяғына шейін дұрыс ойнап шыға алмайтын, жоқ, нотамен үйренген ғой, дұрысы –
дұрыс, бірақ адам тыңдайтын қасиеттің бәрінен жұрдай ғып, даңғыратып беретін
біреулер, әне, солар, құтарып шығады. Көбі музыканың нюансын түсінбейді,
қағазда жазулы, көрсетулі тұрса – ойнайды, өздіктерінен сезбейді. Өздері – өздері
ғой, ертең оқытқан, үйреткен адамдары не оңады? Жігіт өзі ақтайтын дәлел, себеп
іздеген сайын, күндес қатындар сияқты, күйкі сезімге бата береді.
Көкке шарықтауы мен құрдымға құлауының арасы бір тұтам кісілер бар.
Құлағаны ма, көтерілгені ме – кезінде аңғармайды. Бұл ондай жанның шын өмірі,
шын болмысынан гөрі рухани жағдайына, көңіл күйіне тән. Соның бәрі тез
берілгіш, ұйтқымалы сезімнен. Шалқып сөйлеп отырған бағзы біреуге ұтымды
бірер сөзбен