н,
қазақтың ән өнері үшін сыртынан алғыс жаудырысты. Әсіресе қарттар жағы қатты
құлады. Консерваторияда домбыра, қобызбен қатар сырнай секілді көне
аспаптардың шеберлері, орындаушы-күйшілері барды. Солардың соңғы жұмада
шәкірттермен өткізген сабақтарының бәрі – Жарқынов жайлы, соның кісілігіне,
білігіне арналды. Жарқынов музыкасының аталған үш аспаптың үшеуіне де қатысы
жоқ-ты, соған қарамастан қарттар Жарқыновтың бірер сюита, симфониясын
ақтарып, әрқайсы өз аспабына тән үзінділер тапты, құнжың қағысып, соларын
шәкірттердің де құлағына сіңіруге кірісті. Олар өз ара сөйлескенде:
– Мұндай азаматтардың кебісін салудың өзі бір ғанибет.
– Ә, иә, несін айтасың бақырдың, кісі болды ғой, кісі, кісі-ақ.
Бұлар неге, кімге де болса сәбише сеніп үйренген, сенуге, табынуға дайын, оқу-
тоқулары үстірттеу, бала жастарынан меңгерген қолдарындағы аспаптарынан
бөтен ештеңе білмейтін аңқау, сүткөңіл жандар-тын. «Аллаға шүкір, шүкір ғой»
дегенді күніне үш-төрт мәрте айтатын. Айтқан сайын көздеріне жас алады. Не
шүкір? О жағын ойламайды, тек сенсе, қуанса, шүкір етсе болғаны!
– Осы азаматты атқа мінгізген кім еді әлі?
– Кімді айтасың?
– Кімді айтам.
– ?
– Жолымболды ма?
– Иә, түпі-түпі, соны.
– Иә, оны,– деді қобызының ішегіне бармағын батырып көріп, теңселіп
отырған анадан да жапырық, сол жақ ұртында топай сиғандай шұқыры бар,
күлдікөмеш қара,– иә, мұны кісі қылған анау академик аға, сол. Көзімізше, білеміз,
мына Әдекең біледі.
– Өзі түсіп орынын осы балаға берген.
– Өзі, қарт қалай екен?
– Жатыр дейді ғой.
– Иәәә,– деп созды, әжімінің бәрі бұғағына түсіп кеткен мыртық сары қарт,–
есіл арыс, есіл азамат! Айтып келген ажал ғой. – Екі қара шал мына сөзді
жақтырмай, қабақтарын шытысты.
– Ауырып атқан кісіге жаман айтпас болар!
– Тәңір сәтін салса жазылып кетеді әлі-ақ. Мәскеуден дөкей профессор келіп,
әпәрәтсия жасаймын, жазамын деп құлшыныпты.
– Шүкір, шүкір ілім, доғдыр жақсы ғой бүгінде.
– Қарынын алып, орнына өңеш салатын көрінеді.
– Доғдыр әйтеуір, өлсең тірілте алмайды.
– Біздің қарт марқұм жетпіс үш жасында кетіп еді.
– Иә, жас. Өлуге жас.
– Жетпіс үш жасында, марқұм, әкеміз осы мен сықылды қайратты, ірі кісі еді,–
жапырың қара кемсең қағып, елу жыл бұрын өлген әкесін кәдімгідей жоқтап
сөйлейді, қалған екеуі жымың қағысады,– кісі еді марқұм, со кісі жетпіс үш жасында
бармағына бартылдауық шығып, содан кетті ғой. Қазіргідей доғдыры бар
заманда...
– Әй, ажал-екең жетіп тұрса доғдырға қарамайды-ау.
– Соған әлі күнге өкінем. – Жапырық қара түрегеп барып, бұрыштағы
түкіргішке ерніндегі насыбайын тастады, мұрынын бір босатып алып, әңгімеге
қайта кірісті.
– Біздің ауыл онда Итаршыны жайлайтын. Шілденің күні еді...
– Өткенді қайтеміз сағына беріп.
– Әлі есімде, ақтылы қой, көктілі жылқы қаптап жататын...
– Алда шұнақ-ай, қап! – Қарт күйші әңгімеге айналып, домбырасының құлағын
бұраңқырап жібергенді, ішегі үзіліп кетті.
– Слюда неге тақпайсың?
– Слюдаң бар болсын! Шыңылтыр, үні – әйнектің үніндей.
Қарттар талай әңгімелесті. Жастық шақтарын, осыдан елу-алпыс жыл бұрын
қаза болған әке-шеше, жақын-жарандарын естеріне алысты. Академик-композитор
жайлы, Жарқыновтың азаматтығы, ақыры Садықжанов атты баланың осы айдан
бастап, қашан оқуды бітіргеніне шейін жүз сомнан ақша алатыны туралы сөз етісті.
Нені әңгіме етсе – соның бәрінде де адамға, азаматқа деген сенім, ақ тілек, қуаныш-
сүйініш барды. Жылт еткенге шүкір ғып, жымыраңдай күлісіп, үшеуі сыртқы
есіктен шыққан.
Үшеуін Қазаңстанның үш түкпірінен академик-композитордың ұсынысымен
консерватория өткен жазда шақыртып алдырған-ды. Ескі өнердің ең соңғы көздері
еді. Бұларға бөлініп берілген студент-шәкірттердің концерті таяуда өткен-ді. Үш
қарт өзара әрқайсы өз шәкіртін мақтан ете дабырласып, Коммунист проспектісімен
төмен түсті. Қолдарында домбыра, қобыз, сырнай.
12
Жетім күшікке әлде біреу қайырым етті – сүйек тастады. Сонда күшік есі шыға
арсалаңдайды ғой. Аш құрсақта ақыл аз, сол аздың өзін жоғалтатыны сонша,
тіпті кімге еркелерін, сабалақ құйрығын қалай бұлғарын, кімнің қолын жаларын
білмей сасады. Жарық дүние жалғыз соның бақыты үшін жаралғандай, жарбақ
қағады, алақан атаулыға маңдайын тосады. Идаят та ілкіде дәл осындай күйге
түсті. Оқу орындарының ешқайсысында жоқ заң. Арнаулы стипендия. Онымен
жарылқанбайтынын сезді. Бірақ... соңғы жылы үлгерімі де нашарлап кеткен-ді.
Кез келгеннен сөз, сөгіс күтіп жүр еді, кенет, шыбыртқы қамшының орнына
қолақпандай сүйек – жіліктің майлы басы! Әсіресе, Жолымбол Жарқыновтың
қолы-нан дәметпейтін тағам. Алғыс, ризашылығын кімге айтарын, сол бір бала
күшік құсап, құйрығын кімге бұлғарын білмей дал болды. Көңілін тойдырған,
бәрінен бұрын өзгеден, құрбыларынан айырықша аталғаны-тын. Сабасына
түсірген тағы да Кемел:
– Әкең, сонша неңе мәз болдың? Өгізің бұзаулады ма? – Әуелі Идаят
күндеп тұр деп ойлаған, келесі сәтте ол ойынан