ң әйелге Мархабат:
– Тілдің ұшын, жеңеше, әртіс қайныма берші, тілі шығар ма екен,– деп
сыңқылдады.
Электр шамы күн батар-батпаста жағылған. Содан үйдің іші күңгірт. Әркімнің
тұсына қос-қостан көлеңке құлайды. Елең-алаң, қараң-құраң бөлмеде жылт-мөлт
етісіп, әр тұстан, әр аралықтан арақ толы қырлы стакандар мен әйелдердің сақина,
сырғалары көрініп кетеді. Бекең дастарқаннан ыңырана шегінді. Май-май
саусақтарын жалғыз-жалғыздап сорып алды. Шулыға, ауыр тыныстайды.
– Бала, мме-ее,– айтар ойын дәл жеткізетін ажарлы, жаңа сөз іздеп, соны
таппай қиналғандай ыңырси толғанып,– жолдас, бала сен осы әлгі аркестр жазды
дей ме, пилармония шығарды дей ме? Не өзі істеп жүргенің?! – Терден быршыған
бет-жүзіне жеңді білегін аунатып-аунатып қойды,– анада Қанішкен барсам, бір
бращура тұр екен. Күйескіде. Ішінде сенің де бірдеңең бар дегесін саттым да алдым.
Үйге әкеліп мына отырған жеңгеңе бердім. Бұл дедім, марқұм Әжімгерей қарттың
қара домалақ баласының бращурасы дедім. Мме-ее, сен, әй, бәйбіше, нәптелен сеуіп
пе едің, сан-дықтан күйе жеп қоймасын?! Ысматри!– Бекеңнің бәйбішесі де өзі
сықылды тұла бойы мол пішілген кісі-тін, Бекеңе қарай бір жонымен ғана
бұрылды да:
– Иә, сепкемін, пырсылдатып,– деп, басын изеудің орнына кірпігін қақты.
Ибрай ағамыз адамша сөйлеп қапты. Айтып отырғаны кәдімгі сөз. Сөйлемінің
бас-аяғы түгел. Тіпті, әңгімесін тыңдағаның былай тұрсын, қаласаң, түсінуіңе де
болады. Идаят осылай ойлап, тағы бір жымиды. Үйдегілер дуылдап алған-ды.
Бекеңнің әлгі орашолақ сұрағына мән берген жан болмады. Тек Еділхан:
– Отағасы, ондай, филармония жазу деген болмайды ғой,– деп салды.
Қасқа бас шаршы адам ірк етіп бір жөткірінді.
– Шырақ, біз өзің көрген ауылдың оқымаған, қараңғы халқымыз. Көп іштеңе
ұға бермейміз. Естуімізше, Жарқынов атты, кампазитр ме, артіс пе, біреу... соның
есімі елге ұнап тұр. Одан қандай хабарың бар? Көресің бе, аман-сауларың бола
ма?– Үйдегілер бір сәт Идаяттан көз алмай қалды. Бейне, аузынан Жарқынов
шыға келсе жерге түсірмей қағып алуға дайындалған сынды, аңдып отыр.
– Көрдім,– деп қалды Идаят ағына көшіп,– көрдім. Аман-сау, жақсы.
– О кісі,– Бекеңнің бәйбішесі іргесіне қарады,– о кісі бұ балалар көретін
жерде жүреді дейсің бе? Идаят ұялғанынан жерге кіре жаздады.
2
Жолымбол Жарқыновты көрген, көріскен-ді. Ұйым одағы консерваторияның
төменгі қабатында, бірінен-біріне өтетін қос бөлмеде. Жарқыновты соның есігі
алдынан кездестірген. Жылтырап күліп, саудырап төгілген біреу екен. Мұнымен
амандасқан бір сәтте тынши алмай, екі аяғына кезек сенделіп, тыпыршып бітті. Көз
жанары да қыдырып, ештеңеге тоқтамады. Қоштасарда Идаяттың иығына қолын
салып: «қалай бауырым, ән көп пе?» деп кете барды. Қатын-бөксесі, жүзген
жыланның басындай қайқаңдаған көкірегіне ілесе алмай, бұратылып артта қалды...
Сол Жарқыновты көрдім дегенге сенбейді. Иығына қолын салғанын айтса қайтер
еді? «Көрдім, көрістімнің» өзін кішкене адамдарға тән мақтаныш жорыды. Идаятты
әрі ұялтып, әрі қынжылтқан осы еді. Бірақ «Әй, қайран қараңғылық-айды» ішінен
айтуға да батпады. Атақ дегеннің не екенін жаңа түсінген сияқтанды.
Жарқынов есімін елдің еңбектегенінен бастап еңкейгеніне шейін біледі.
Республика өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, қызметі одан да үлкен. Идаят ән-күйі
бар хабарды үзбей тыңдайды. Қабылдағыштың құлағын бұрады болды:
«Композитор Жолымбол Жарқыновтың шығармаларынан концерт береміз.
Орындайтын...» Бұл ілкіде оркестр ойнаған әуендерді ұқпай жүрді. Кейін
Жарқыновтың музыкасын ғана ұғынбады. Білгіштердің айтуынша, ол кісінің
музыкасында «жұлын жоқ». Бағзы біреулері: «жұлын не керек, бет бар, Жолекеңе
сол жетеді» деп күлісетін-ді. Жолымболдың бетті кісі екені шын. Ол сөйлемейтін
жиналыс болмайды. Әдебиет пен өнер төңірегінің съезд, пленумдары өз алдына.
Академияның ғылыми кеңесі, қалалық кәсіподақ жиыны – оған бәрібір, сөйлей
салады. Өзі ылғи президиумнан түспейді. Және қайда бір жұрт қадірлейтін
адамдармен қатар отырады. Консерваторияның композиторлар дайындайтын
бөлімін бітіріп, президиумға алғаш қонжиған кездері залдағы жұрт фотоға
түсетіндей сіресе қалған аққұба жігітке иектерін көтеріп: «анау кім?»,
«түгеншекеңнің оң қолындағыны айтам» десіп, өзара күбір-сыбыр етісетін. Бірте-
бірте ондай сауалдар азая кеп, ақыры, мүлде жоғалуға айналды. Шыған-тоғайда
әлдекімнің елу, не алпыс жылдығы іспетті мәдениетті қауымның ырду-дырдуын
алғаш көрген жастардың бірі сұрай қалса, «өй, ол Жарқынов, композитор, неғып
білмейсің?» сын-ды кіналаған жауап қайтады. Жарқыновты білмейтін кісінің
жиналыста несі бар? Аңғырт жас осыны ұғынғанда екіншілей сауал бермеске іштей
бір бекінеді. Иә, ол кісінің бала-шаға көретін жерде жүрмейтіні хақ. Тым, тым
атақты. Тағы бір ерекшелі-гі: күйлері тыңдалмайды, әндері айтылмайды.
Орындаушысы – радио ғана, әйткенмен, Жолымбол аты ел аузында... Идаят ол
берген туындыларды есіне ала, әрі-бері ойлап, әйгілі азаматтың талантын танытар
ештеңе таппады. Ендеше, бүтіндей жоққа шығару керек қой?