еле жатқан жоқсыз. Елге қайтыңыз.– Осы арада Темірәлі екінші
мәрте түкіреді: «Тфу!» Идаятқа Тем-ақаң үшінші рет те түкіретін сияқтанды, бәлкім,
ендігі түкірген де шығар. Мұның ойынша ол енді «Тфу!» деп өліп кетуге тиіс!
Қызбала хақында ел екі ұдай сөйлейді.
Ешкім ештеңе анықтап жарымайды. Мұндай қауесет төңірегінде әдеттегі
кермеқар, талас пікірлер бей-берекет әңгімеге айналып, өрбіп барып өшеді де,
ақыры ешкімнің ештеңеге көзі жетпестен тарап-тарап шаруаларына ұмтылысады.
Сол Қызбала Тем-ақаң Мыңтөбе асқан жылдың күзінде жоқ болады, бір түнде
жоғалады. Әлдекімдер сонда Темірәліге есік ашқан ағасы ма, басқа бірдеңесі ме,
әйтеуір сонысы қалмақ қырына көшіріп әкетіпті деген лақап таратады. Кызбала
кеткесін үш күннен соң рабкооптан бір топ ревизор келді. Олар қарындаштарын
құлақтарына қыстырып ап, бір жұма бойы ешкіммен тіл қатыспай сұрланысты да
жүрді. «Қызбала дүкеннің дүние-мүлкін тонап қашыпты». Бұл хабар дымқыл
отынға қойылған оттай, бірер ыш-пыш етті де, әрі қарай тұтанбады. Біраз күннен
соң орынында: «көп, аз», «ал, берді» қазақша таза білетін, самай шашы сексиген,
көк көз сары қыз тұрды.
...Іші-бауыры ылжырап, сондай-ақ аяғының басына түскен секілденген.
Жеңгесінің бейнесі көз алдынан әлі кетпейді. Әлі де сондағыдай, қоңыр қабаққа
шығып, артына қараса көрінетін тәрізді. Қара бала үзеңгіге аяқ салғалы артында
қанша адам қол бұлғап қалды! Соның бәрі бірақ адам – Қызбала бейнесінде
елестейді. Сондықтан артына жиі қарайтын-ды. Сол әңгімеден кейін Қызбала кейпі
өлік сықылды суық, қорқынышты тартты. Енді көріссе, тағы да: «Ө-өөй, садағаң
кетейін, Әжатаның жалғызы» деп шәушиер ме екен? Мейлі, бұл енді қайырылмас,
амандаспас та. Қалқан қара осылай бекінген. Кейін жеңгесін ақтап, жұртты айыптап
еді. Бүгін басқаша ойлады. Өткен данышпандар «өзі алдамшы, өткінші сұм дүние»
дегенде бұл кәрі кісілердің аузынан шығатын, соларға ғана лайық сөз санайтын.
Себебі: айтатындары баяғы бір өлім, өлімнің зары. Соған бола бүкіл дүниені
кіналаудың қажеті не? Өзін-өзі тексеріп көрсе, ұзақ уақыт өстіп толғап, өстіп түйіп
жүріпті. Бақса, дүние – ғұмыр ғана емес, мәңгілік атанатын серт, сенім де, достық,
махаббат та өткінші. Ғұмырды өткінші еткен, бәлкім, осылар шығар? Идаят бір
ауық осылай ойысады. Жаңа ес біліп, етек жиған жастың әдеті. Оқығаны, естігені,
түйгені – бәрі білім. Жаңа білім, жаңа ой. Бар шындықты жаңадан ашып, бәрін өзі
ғана түсінетіндей көреді. Өзінен бұрын туғандардың байқамаған, көрмеген міндерін
өзі көргендей сезінеді. Бәрінің бет-пердесін сыпыратын тек бұл, Идаят тәрізді. Ал,
осы азғантай сезген-білгені – бүгінгі жаңа – кешегі құм астында қап, уақыт тоты
шалған жылтырақ, соның бетін жеңімен сүртіп мәз боп отырғанын ұғыну үшін –
бұның да ескіруі, қартаюы керек қой?
– Эй, ты, молчаливый! Постель надо сдавать, слышешь?
Вокзал алдында шоғырланған қарсы алушылардың арасынан іздегенін таба
алмағанда көкірегі құлазып жүре берді, вагоннан сүйретіліп, бір түрлі қартайып
түсті.
5
Әрлі-берлі сапырылысқан жұрттан, құдды, қалың тікен арасынан жол
іздегендей, әлдене шайпау-бұта бір жерін іліп жыртатын сын-ды, қорғалақтап әзер
өтті. Троллейбустың аялдамасында адам көп-ті, күте алмады. Әр жерде шоғыр-
шоғыр болып, кез-келген машинаға қол көтеріп, жапырыла ұмтылған жұртты
көргенде көңілі алып-ұшты. Асыққаны сонша, жеңіл де болса көлемді, көне
шамаданын көтеріп, түу қала шетіндегі үйіне жаяу тартқан.
Идаяттың пәтері қаланың тау жақ таусылысындағы сыңсыған алма бағының
ішінде болатын. Алдында кішкене ас үйі бар жалғыз бөлме, жалдап тұрады. Пәтер
иесі қырықтың мол ішіндегі, бет-аузы қож-қож, күніне екі-үш мәрте арақ
сұрағанынан басқа міні жоқ, семіз қара қазақ. Бүкіл бітім-тұлғасында назар
аударуға татырлық жалғыз мүшесі – мұрын, екі қастың ортасынан белгісіздеу
басталады да, көздің деңгейінен төмендей бере сәл оңға ойысады, солға бұрылады,
сонсоң оңға бұрылып, жоғарғы еріннің үстіне үңіле кеп, біздей боп бітеді. Ұшының
жіңішкелігі, өткірлігі сондай, анау-мынау былғарыны тесіп жіберіп тарамыс
өткізуге болар еді. «Алатау» атты жеміс-жидек колхозында, өз айтуынша, қойма
меңгереді. Жағында, иегінде ештеңе көрінбейді, бар түгі екі ұртында ғана. Тағы бір
белгісі: арақ ішпейтін күні аз. Кейде қайда жүретіні беймәлім, жұмалап жоғалып
кетеді. Қандай шалбар кисін, беліне не буынсын – мықыны ұстамайтынын сөз
етпегенде, қашан да ауы салақтап тізесінің басында, балағы жырым-жырым,
бәтеңкесінің жапырылған сірісінен өкшесі жылтылдап кеп есік қағып тұрады:
– Інішек-жан, бол, тез құя ғой, Қасиба көріп қалар,– осыны айта артына
жалтақтайды. Жоқ десең ренжімейді, ыржиып бір күледі де, кете салады. Бірақ шәй
пісірімнен соң қайта соғады, әлгі тілегін тағы қайталайды. Тағы кетеді, тағы келеді.
Осымен күндер өтіп жатады. Қашан келсін шаруасы біреу-ақ: «Құя ғой, Қасиба
көріп қалар». Қасиба бәрін көреді. Бірақ осынша құлдырап бара жатқан еріне бір
ауыз реніш айтқанын естіген емес. Қайта Қабекеңнің бұл қылығын ұнататын секілді.
Идаят сөз келісінде Қа