Жұмекен Нәжімеденов
«Шырағың сөнбесін» не айтады?
Совет офицері Қасымбек Нәзира атты ауыл қызына үйленеді. Соғыс басталып кетеді. Қасымбек мерт болған соң Нәзира Абанға шығады, о да қаза табады. Баласын құшақтаған жас әйелдің көрген күнінің көбі қасірет, алғанының бәрі азап. Соғыс басталғанда эвакуацияға ұшыраған әйел, бала-шағаның қатарында Нәзира да бар. Нәрестесі қолында. Еңіреп еліне оралады. Романның ұзын ырғасы осы. Әрине, бұл бір сөзбен айтқанға ғана. Оқи, көре, аңғара келгенде көп-көп тағдыр, талай табиғат, характер қақтығыстары ашылады. Бұрын кітап бетіне, не театр сахнасына, кино экранына түспеген неше алуан деталь, хат-қабат тірлік. Оқиға Нәзираның аузынан баяндалады. Бәрі соның көзімен беріледі. Соғыс, ел басына түскен ауыр жағдай әйел, бала-шағаның өзіне бейбіт күн кешуге мұрша бермейді. Жұрт қалай шегінсе де – алдынан соғыс шығады. Жағдайдың өзі кімді болсын, қақпалап апарып қан майданға салып жібереді. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрінің» кебі.
Усачев, Гуськов сықылды бірер сатқын болмаса романда жаман адам жоқ. Адам ғана бар. Қорқақтардың өздері – Совет адамдары. Қырып-жойып бара жатқан ерек ерлер де көрінбейді. Командирлер ақылды, байсалды коммунистер, бірақ олар да қарапайым Совет азаматтары. Ең бастысы – жан бәріне бірдей керек.
Усачев – бұрынғы белсенді. Евдокия Герасимовна:
« – Сенің кеше қып-қызыл белсенді болғаныңды да жұрттың бәрі біледі…
– Сіз де қайдағыны айтасыз, Евдокия Герасимовна. Ол қашанғы оқиға.
– Ал, одан кейін «жеке меншік жойылсын, бәрі ортақ болады» деп, жұрттың тауығына шейін сыпырып алған да сен емес пе едің?
– Жарайды, жарайды… Өткенді қаза беріп қайтесіз.
– Енді, міне, антихрист Гитлерге қызмет етіп жүрсің.
– Байқап сөйлеңіз. Фюрерге тіл тигізген адам қазір…
Рас. Басында белсенді болғаным рас. Бірақ менің еңбегімді бағалады ма большевиктер. Ақыр аяғында арбакеш боп кеттім.
– Немістер бағалады ма?
– Оһо, бағаламаса осындай мықты қызмет бере ме… Қазір герман әскері Москваның түбіне барып қалды. Жетінші ноябрьде Гитлердің өзі Қызыл алаңда парад қабылдайтын болыпты.
– Не дейсің? – деді Дуня апай тіксініп.
– Это уже точно. Неміс деген халық аккуратный. Олар бекер айтпайды». – Міне, Усачев-сатқынның сенген түрі, неміс әскеріне деген сенімін дәлелдеген түрі. «Аккуратный», «бекер айтпайды». Жазушы сарказмінің уыты осы жерде. Дуня апай (Евдокия Герасимовна) сұрақпен қайырмалап, Усачевті біраз сөйлетеді. Полицай мәз-мейрам:
– …Комендант мырза: Жарайды, бұрынғы қателескеніңді біз кешіргенбіз, – деді. Кетерде, тіпті арқамнан қағып: «Сен, Усачев, бізге керек адамсың» – деді. Қалай, ә? Әрине, Усачев керек болады.
Романда Усачевқа параллель тағы біреу бар. Ол – қазақ ауылындағы Тұрсынғали белсенді. Нәзираның ойынша, Тұрсынғалидың даусы Усачевтың даусынан «ащырақ» болатын. Айырмасы сол ғана.
– Пошом шықпайсыңдар? Мен атымды далаға тастаймын ба? Опырым балнамошный келгенде қарашы бұларды». Усачев немісше білмейді. Онысын өзі де мойындайды. Ал, Тұрсынғали орысша «сайрап» тұр. Усачевты сөйлететін Дуня апай тәрізді, Тұрсынғалиды да көкітіп қарап, көк желкесінен мырс-мырс күліп отыратын жұрт баршылық. «Мен белсенді боп қызмет атқарам, белсендінің кім екенін білесің бе өзің?» «Мен сені жекеге жатқызам», «Тұжырымға жатқызам», «аластаймын», «Қарқаралы айдатамын». Тұрсынғали дегенде жазушы да тілінің уын тамызып бағады: «Тұрсекеңнің жан қалтасының аузы мен саусақтары ылғи да көкпеңбек сия болып жүретін. Саусағына сия жұғу сол замандағы біздің ауыл үшін үлкен оқымыстылықтың белгісі тәрізді көрінетін, сөйтсек, Тұрсынғали хат танымайды екен».
Бірі орыс орманында, екіншісі қазақ даласында туғанымен, Усачев пен Тұрсынғали, расында да, бір-бірінен аумайды. Усачевтың «соры» жеріне жау кірді. Тұрсынғалидың «соры» – топырағын жат аяқ аттаған жоқ. Әйтпесе бұ да сатар-ақ еді! Екеуінің де қызметі – белсенді, екеуі де белсенді болып туған. Ал, белсендіге бәрібір: дос па, жау ма - әйтеуір біреуге қызмет етсе, әйтеуір біреу арқасынан қақса болғаны. Барлық тірлік-мақсаты науқандық қана. Бүгін өмір сүрсе – ертеңгіде шаруасы болмайды. Жазушы ойы: белсендіде топырақ та, ұлт та жоқ дегенге саяды. Усачев арбакеш болғанына өкінеді ғой, Тұрсынғали қойшы боп, тәубәсіне келеді.» Бірақ жағдай туса ше? Бұлар типтік бейнелер, әйтсе де халықтық типтер емес, халықтың азған, тозған, былайша айтқанда «жарылған жұмыртқалары» іспеттес. Осы арада көзге ұрып тұрған тағы бір жай бар.
Тағы бір параллель: Дуня апай (Евдокия Герасимовна) мен Қамқа әжей. Бұл екеуін де бір-бірінен айырып, ажыратып қарау мүмкін емес тәрізді. Екеуі де Усачев, Тұрсынғали дәурендерінің өтпелі екенін түсінеді, екеуі де әлгі белсенділерге кекей, күле қарайды. «Жағдайларың белгілі ғой, қайда барам дейсіңдер» дегенді әр сөз, әр қимылдарымен білдіріп отырады. Екі белсендінің іс-қарекеттеріне күліп, кектеніп жүрген олар жоқ, қайта аяй, мүсіркей қарайды. Халықтың кешірімі мен кеңшілігі осы екі кемпірдің басында тоғысқандай. Усачевтың Дуня апайға іш тарта қарайтын үлкен себебі бар: Дуняның ұлы Павел адам айтқысыз ауыр айып тағылып кеткен адам. Советтерг