ңағы ақ сұр жігітке мына əйел күйеуінің
сонша дарақы, есуас қылықтарын кекеп, күліп отырғанға
ұсады. Бірақ бұ сезіктің негізсіз екенін іштей тағы мойындайды. Отырғандар одан сайын аңтарыла, аңыраса берді.
Қайсыбіреулері кедей сорлының онсыз да болымсыз шаруасын мүлде бүлдіріп, құртып қайтқанынан қаралай қысылып,
самайлары терши бастады. Ал үй иесінің ойында ондай дəнеңе жоқ, мұқым бөтен біреудің басынан өткен хикаяны баяндағандай қызып, асығып-аптығып сөйлеп отыр.
– Содан қара көкті ойнақтатып, қара жолға қиып салдым.
Базар бағы осыдан озбас деп əндетіп қайтып келе жатыр
едім, алдымнан тағы бір аттылы кезікті. О да бір еңіреген ер
екен. Ей, қатын, жер көрген, ел көргенге не жетсін, жігіттің
не бір сұлтандарын көрді-ау мына көз. Мына төс кіммен
түйіспеді? Ел кең екен, қаты-ын! Сонымен, алдымнан тағы
бір жайсаң жолыға кетті. «Ассалаумағалəйкүм!» – дедім. Ол
сəлемімді алып, қайыра сəлем берді – жасы менен кіші болып шықты. Үстіндегі шапаны жалт-жұлт етеді. Етек, өңірін
оқалап, зерлеп тастапты. Сыңар шалғайының өзі шалымды
жігітке қазына болғандай еді. Уа, қатын, ісің оңғарылайын
дегенде сөз бар ма, Абатжанның көкесіне ылғи ығай мен
сығай жолығуын қарасаңшы! Сонымен сол марқасқаңның,
менің қара көк арғымағыма қарағанда жанары жақұттай
жанды. Қойшы, не басыңды ауыртайын, ақыры шапанымды
желбегей жамылып жаяу тарттым.355
– Иініңіз жаңарған екен, – деп сүйінді əйел.
– Сабыр, қатын, сауда мұнымен де біткен жоқ. Шапанды
құндыз бөрікке ауыстырдым.
– Бөрік – басқа қонған бағыңыз ғой, баянды болғай.
– Қиғаштан қайықпен өтіп келе жатқанда бөркімді жел
ұшырып, су ағызып əкетті, – деп жігіт сөзін тəмамдады.
– Басыңыздан пəле кетеді екен, – деп қуанды əйел.
– Ал, бəйбіше, əйтсе, сой ана желідегі торпақты, азаматтар ас жеп аттансын! – деді жігіт.
Əйел күйеуіне қарап иіліп, түсінген, құптаған ишара жасады да, жылыстап шыға берді. Бұл уақытта төрдегі қонақтардың бастары түгел салбырап кеткен-ді. Əрқайсысының
алғаны бір-бір байдың бір-бір паң кеудесі-тін. Өздерінің
көкіректері одан да, зор, мал мен баққа бөккендер емес пе,
мына тұста аруақтары мықтап қашты. Үпір-шүпір ұсақ балалардың ортасында тəштие қалған қара қазаққа енді манағыдай кемсітіп, мазақтап емес, сүйсіне, қызғана назар салысты. Көз алдарында үй иесі жігіт, кенет іріленіп, айбаттанып
алды. Əлгінде тапалтақ көрінген тұлғасы да зорайып кетті.
Өздерін осы отырған кісінің қолтығынан келердей құйты,
таты сезіністі. Нағыз ердің ісі, сабаздың бітімі де келіскен-ақ
екен. Туһ, жаңа танылды ғой! Əй, азамат...
Отызыншы жылдары Көкжалдың арқа басына ел шоғырланды, алғаш ТОЗ құрылып, тұңғыш мəрте қызыл жалау
тігілген бəкене үйдің маңдайына «Азамат ауылы» деген
сөздер жазылды.