Бүгінгі күн тағы сол көңілсіз, күңкіл сөзден басталды.
– Сенің жайың белгілі, білем мен сені! – Жуан бұрымның ұшын көйлек етегімен қоса шалбарланып алған дембелше қара келіншек осы сөздерді айтқанда өзі-өзінен ыдырынып, жұлынып кетті, көзге көрінбейтін мықты бір тұсауды үзгісі келгендей аяғын сілкіп, серпіп аттады, шелек суды шайқалуға да үлгертпей, түбінен бір-ақ көтерді. Үш құлақ, төрт құлақтанып қылтиған қырбық жапырақтар судың ыңғайымен бір-бір жығылып тұрды. Ауланың шет жағында арық қара жігіт өзінше «арам» санаған бейтаныс шөптерді өткір күректің жүзімен кірш-кірш қырқады. Табаны астына келіп қалған суды көріп:
– Қасқа-ау, байқасаңшы, құртасың ғой,– деп айнала қарады.
– Қалғаны да жетер көз алдауға? Жайың белгілі, тапқан екенсің мақауды!– деді келіншек.
– Не белгілі, немді білесің?
– Неңді білгізейін деп ең маған, өй, көргенсіз, сөзін, сөзінің түрін. «Ерге сенгенше, екі босағаңа сен» деп, сенерім мен саған!
Келіншек кісі бойы қол созым қызыл бактің жанындағы ескі ағаш сандыққа әлсін-әлсін ұмтылып шығады, үлкен ақ шелекті батырып алады да, аула ішіне аудара салады. Қимылы ширақ. Қызыл бакке ақ шелек өстіп қатарынан әлденеше мәрте батып шыққан соң аула іші – өзі алақандай жер – қалқып жүре берді. Арық қара жігіт анадай барып, бәтеңкесінің жұлығындағы балшықты күрегімен қырып түсірді.
– Жә, тамсанбай-ақ қой, білем, ауызыңнан дәмі кетпей жүрген шығар?
– Сендер не айтпайсыңдар. Әлгі, анау сұрқияның сондағы сөзін естігенде тура ет пісірім жылағам жоқ па? Білсемші, сонда соңыңның не боларын?! Тап сол арада бетіне түкірер едім ғой суайттың?! Көрге бірге түсердей болды емес пе, бәсе, бәсе-е! Сен де ғой орамалыңды көзіңе басып жыртиып жылап тұрдың? Біреу соған сенер еді-ау. Есіл Кәкіш, есіл әйел қор болған! – Келіншектің ауызы – сөзде, қолы – істе. Манадан бері тыным тапқан жоқ, резен галошы шылп-шылп етіп, бақты әлі суарып жүр. Көрші ауладан біреудің: «Ау, ау, келінжан-ау, бәрімізді қалқытып жіберуге жұмылғаннан саумысың»,– деген дауысын естіп кілт тоқтады. Шелек ұстаған қолын маңдайына апарып, жеңімен терін сүртті. Сонсоң, жаңағы дауыс шыққан жаққа жүзін бұра түсіп, күңк етті: «Кер есекке кері мін, мені қай ініңе алып беріп ең».
– Нағып, сопая қалдың, әй? Болашақ тоқалыңды қарап тұрмысың? Ол келмейді, өзің бармасаң. Ендігі ұрғашы басын бұлдауды білер. Құнжыт өңкей. Білем ғой, мен сенің қалай қарағаныңды білем, әне, бәрің солсың. Қабірінің басында қатын құсап шарылдап жылады-ау әлі! «Бес баланы шұбыртып тастап қайда кеттің, сенен қалып мен не кісі болам, ала кет мені!» Өмай, шікін, алаяқ! Енді бүгін... тфу, бетсіз, ана жас тоқалдың алдында қайтып сайрап отыр екен, тыңдар ма еді! Беті бүлк етпейді, білем мен сені, сендерді.
Қара келіншек бірте-бірте үдей түсті. Қол-аяғына да тыным бермейді. Екі тонналық қызыл бакты еңкейтіп-ақ салған. Тәңірге жазған баяғы ақ шелек, салдыр еткізіп лақтырып жібереді; томпаңдап барып қайта алады, ернеуіне, бүйіріне жұққан батпақты жуады; одан, сөздің не бір дүлей, дауылды тұстарында қайта домалантады.
Арық қара жігіт жаңағы бәтеңкесін тазартқан жерінде күрегіне таянып тұр. Есік алдындағы үлкен орамнан анда-санда машина өтеді. Тым сирек. Жігітте маза жоқ, қарадан қарап қысылып, қылпың қағады. Ит үріп, не мал келетін де кез емес, ауыл тым-тырыс. Әншейінде осындай демалыс күндері ішіп ап барқырап әндететін Коля мен Костя үйлері жаққа ауық-ауық үміттене көз тастайды: тып-тыныш. Мына жұртқа не болған? О, осы қазір совхоздың алпыс машинасы мен қырық тракторын тізіп әкеліп, мына көшемен айдаса ғой!
Қара жігіт қалқан құлағын жан-жаққа тігеді. Қылтың-сылтыңы мол, сыры беймәлім атқа мінгендей тақымын қысып, қай жерде масқара боларын білмеген қалпы. Әне... әне бір үйдің терезесі қақпағымен ашылды. Мына жақта. Оқыс естілген дыбысқа жалт еткен, үлкен көк қақпа тақтайларының арасынан сығалаған сыңар көзді көріп қалды. «Е-ее, бітті,– деп ойлады қара жігіт,– енді бұл ауыл бүгінгі күнді Байбақтың қатыны бақша суарып, байын сілейтетін күні атап еске алатын болады екен». Сонсоң мырс күліп, теріс айналған, кенет өзінің де әлдекімді сілейткісі, кінәлағысы келіп кетті. Әй, алдымен, совхоздың жаңа тұрған директоры кінәлі. Шамасы, ол бауы, бақшасы бар қаладан оқыса керек, келе сала ауылдың бүкіл атқа мінерін жинап ап бұйрық таратты: «Әркім өз ауласына зелін отырғызсын, кімде-кім дәннен, жемістен дәмеленбесе – шырмауық ексін, гүл өсірсін!» Сөйдеп, күрек сабындай қарындашының дүмімен столды бір түйді. Бұйрыққа іле мойынсұнғандардың бірі – осының өзі еді; ғұмыр бойы қырда боп, мал танып, машақат қуғаннан өңгені білмеген байғұс елпең еткен. Әнеуне әдейі барып, не екені беймәлім, дән әкелді де, аула дейтін аула да емес, терезе алдындағы ағаш қадалармен қоршалған алаңқайға шашып салған. Бүгін екінші суғаруы. Тауық жегеннен қалғаны бас көтеріпті. Мына сәтте аралға кеп, көк өсіруді «үйренгеніне» сүйсінгенімен, осынша жауапты, қиын іске әйелін қатыстырғанына өкінулі.
Анау мана ертеңгісін-ақ ерімен ілігіскен. Жігіт алғашқы бірер сөзге жауап қайырам деп ушықтырып алған соң, көңілін жұмысқа алаңдатып баспақ боп, келіншекті әдейі далаға шақырған-ды. Енді байқаса онысы тар қазандықта тұншыққан отты сыртқа, жел өтіне алып шығып қаулатқанмен бара-бар екен. Әлгінде де екі-үш мәрте басу айтып көрген – ештеңе өнбеді. Ал әйел айтар сөз, артар кінәсінің ең мәнді тұсына енді-енді жеткен сияқты. Өз сөзіне өзі иланып, әбден беріліп сөйлейді:
– Тұлыпқа мөңіреп жүрген сорлымыз ғой біз. Анттарың анау, уәделеріңде де береке болсын сендердің. Құдай төбесінен ұрар-ау, ұрар. Аруақты мазақ еткені де ол. Аруақты, өлікті алдаған суайт тіріні қайтсін! Осы күнгі жұрт о дүниеден қорықпайды. Құдайға сенбегенмен аруақты сыйлаушы еді, одан қалған соң не үміт, не қайыр. Еркек, ұрғашысы түгел дуана. Әне, заңның, заманның өзі қопаңдатып қойған албастылар. Кеуделерін жел кернеген өңкей жуабас, түге. Қайран Кәкіш, есіл әйел, ана! Бес баласының қайдағы бір салдақыға қарап қалғанын көрсе ғой! Жарым сағат, жоқ, ол көп, жиырма минутқа ғана тірілсе, шіркін! Ана бетпақ не айтар еді, а?
– Жеңеше-ау, өлшеп айтсайшы, жиырма минутта Кәкіш сүйретіліп қабірінен шығып та үлгермейді емес пе?– деді әсем ақ келіншек ерлі-зайыпты екеуге кезек-кезек қол беріп амандасып,– Бүгін сөзің көбейіп тұр екен өзіңнің, қай жақтан жел ұйтқып еді?! Бүйте берсең ағадан айырылып қаласың-ау байғұс.
Жеңгесі шелекті қоя салды, ұсынған қолды қыспастан ақ келіншекті құшақтай ап, жылап жіберді: – Қарғам-ай, Кішкене қыз-ай, мына ағаң аралға келгелі бұзылды ғой, бұзылды. Жолдастары шетінен сұмырай, соларға ереді бұл, басы бос бейбақ,– деп балпылдады. Кішкене қыз ағасына қарады. Арық қара иығын бір көтеріп тастады, сонсоң:
– Әлгі Шәрәпи ағаң...
– Иә?
– Соның жәмәғаты қайтыс боп...
– Білем.
– Білсең, осыдан үш күн бұрын сол үйленіп...
– Білем.
– Содан бері менің құлақ етімді жеп...
– Әне, көрдің бе,– деді қара келіншек,– бөтен әйелдердің алдында суыртпақтап, сызылып, қалай есілер еді, екеуімізге сөйлегенде ауызына түк түспейді, сұраққа, жетекке үйренген оқушы құсап тұтығып, кежегесінің кейін тартып тұрғанын қарашы! Осыдан-ақ белгілі өзі.
– Шәрәпи үйленді, ал сенің не шаруаң бар?
– «Бәрің сол, бәрің сөйтесің» дейді.
– Ха-ха, сен Кәкіш құсап өліп қара, аржағын көрейік.
– Міне, міне!– деді жеңгесі.
– Қайтсін қасқа, ана шиеттей бес баланы еркек қалай бағады? Жылын өткізді.
– О, суайт, моласына шөп шығуын күткен екен де.
– Мен ештеңе түсіне алмай тұрмын. Сонда ағаның кінәсі не? Сен өлген жоқсың, аға басқа әйел алған жоқ. – Қара келіншек жазықты пішінде төмен қараған, жүзі қызарып кетті.
– Ағаң бәрібір бұзық... бұзылды,– деп ауыр күрсінді.
– Менің ағама сөзім өтеді,– деді Кішкене қыз түсін салып, – Оны өзің көріп жүрсің.
Жеңгесі жып етті:
– Көріп жүрмін.
– Көрсең, жөніңе көш. Ағаның өзіңнен басқа біреуге көз салғанын анық білесің бе? Білмесең, айдаладағы біреудің бақытсыз тағдырына бола ұрынба, ұят болады.
– Білем, бұның Қанішкеңде тоқалы бар,– деді жеңгесі кенет арық қараның бетіне төніп кеп. Кішкене қыз ағасына қарады. Ағасы иығын тағы бір көтеріп тастап, назарын төмен салды.
– Оны кім айтты саған?– деп сұрады Кішкене қыз,– көзіңмен көрдің бе?
– Кинодан екеуінің қолтықтасып шығып келе жатқанын көзімен көрген кісі айтты. – Ақ келіншек сыңқ-сыңқ күлді.
– Құдай атсын сені! Ол – мен ғой. «Есенияға» екі билет әкеліп отырғанда аға келді. Нәбидолла билетін ағаға беріп, өзі үйде қалған,– деп, арық қараға көзін қысып қойды,– ақымақ-ау, әуелі анықтап алмаушы ма ең? – Қара келіншек терең күрсінгенде көзінен жас ыршып кетті, сәл үнсіздіктен кейін еріне жарқырай қарап:
– Кешір, жаным, мен бейбақты!– деп күбірледі.
Ол күннің қалған уақыты көңілді өтті...