і
де одан артыққа жомарттық еткісі келмесе керек. Ол да біреуін сызып жіберді. Егіз
ұйқасты екі жол өлеңнің бірін сызып тастағандай, өмір ақсады да қалды. Осындай
ақсақ көңіл, ақсақ күн кешіп жүрген Әжімгерей қарттың халі онша мықты емес-ті.
«Куантай бақытты екен менен бұрын өлген деп ойлады... Бұрын осы қарттар
тоқсанға, жүзге келіп жатпаушы ма еді?» Өзінің өлгісі келмейтінін тағы бір түсінді...
Қоңырдан өтіп жолдағы жантақ үрпектің басына шыға бере бұйдасын ірікті. Түйе-
мүйесімен бұрылып артына, мәйітке қарады. Күн бесіндіктен еңкейіп бара жатқан.
Қуантай бейіті бәрінен оқшау қарауытады. Есігі үңірейіп, үрейлі көрінді:
Қарт тітіркеніп кетті. Ұзын қамшымен қара інгенді қомдығын орай бір тартты...
Содан бір сағаттай уақыт өткенде Әжімгерей қарт үйінің көлеңкесінде кебісінің
сөгіліп кеткен жұлығын тарамыспен қайып отырды.
5
Темірәлі келгенде таң атып қалған. Ақжонастан күн бата атқа қонып еді, содан
жеткен беті. Үш тәулік бойы малшыларды аралады. Ауданнан кім келсе де жанында
басқарма жүрмесе адасып кететіндей, өзіңіз еріңіз, өзіңіз бастаңыз деп отырып алады.
Үш тәуліктен бері жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ-ты. Күндіз аттан түсуге мұрша
келмеді. Түнде... түнде де көз шырымын алуға уақыт болмады. Бұлар, жұмыстары
мал көру болған соң, малды өрістен іздейді. Қойшылардың жан торсығындағы айран-
шалаптан бір-бір тостаған жұтып алып, жүріп кетеді. Еріндері жарық-жарық боп,
кешқұрым бір ауылға түседі. Жанында өкілдер жүргесін дастарқаны бар үйді
сағалайды. Басқарма келгенсін (өкілді танып жатқан жоқ) үй иесі де барын салады.
Шай келеді, мал сойылады. Шайдан соң «асқа шейін ермек етейік». Ала қағаз жаяды.
«Шаршап келдік, дем ала тұрайық» деп, үй иесін отырғызып қойып, тоңқайып жату
ұят. Амал жоқ, «төрт қол» боп алты қағаз ойнайды. Одан жалыға бергенде ет піседі.
Етті есінеп отырып жейді. Сол кезде таң да атып қалады. «Салқынмен пәлен ферміге
жетіп қалайық!» Атқа қайта қонады. Бүкіл тіршілік осы. Мұнша асықпауға да болатын
еді. Өкілдер өздеріне-өздері істеді:
– Дабай, жолдас прседатыл, бізді үкімет пен партия елге ет жеп, шай ішсін деп
жіберген жоқ. Шаруашылықты аралап бітеміз де қайтамыз. Некәгідә!– Ал, арала!
Темірәлі ішінен: «жарайды ендеше» деген. Сөйтіп, «ет жеп, шай ішпейтін» қонақтарын
таңның атысы, күннің батысы – ат үстінде селкілдетті де отырды. Өздері де әбден
сүлеледі білем, кеше таңертең біреуі: «Тем-ақа, бүгін түске шейін жатып тынықсақ
қайтеді?» деді. «Жолдас председател» аяқ астынан «Тем-ақа» боп қалыпты. Темірәлі
естімеген кісіше атына мініп алға түсті. Басқарма ішінен «некігідә» деп мырс етті.
Содан «Жаңа өмір» колхозына қарасты шаруашылықты аралап бітіргені. Мына түн
ортасында екі өкілді ертіп апарып Қанішкеннің жолына салып жіберді. Үйіне тезірек
жетуге асықты. Біраз май текірекке салып көрді. Бірақ ұзаққа шыдай алмады. Аяңмен
жүріп еді, алды да қалғыды. Талай айсыз қараңғыда қазығын табатын жануар үйге
кеп бір-ақ тоқтады. Темірәлі сонда да қалғып тұрған. Астындағы аты кісінеп қоя
бергенде шошып оянды. Жұлдыздар келе жатқан күннен дүрліге үркіп, батыс жақ
көкжиекке шоғырланыпты. Шығыс аспанында жұлдыз көрінбейді. Тек төбеге таман
бір жұлдыз тұр. «Есекқырған». Сол «Есекқырған» құм үстіндегі он тиындықтай
көмескі, жасқана жылтырайды. Айнала тып-тыныш. Көз жетер жердегінің бәрі
болымсыз дірілдейді: Ауада сұйық, жеңіл мұнар бар. Арқадан лыпылдап бір салқын
леп есті де басыла қойды. Шықтың исі бұрқ ете түсті. Темірәлі атын жеңілдеп, басын
қаңтарып байлады. Үйге кіре, киімін шешпестен, босағаға қисайды да ұйықтап кетті...
Күн тұсау бойы көтеріле шығыстан қатты жел тұрды. Ышқынып-ышқынып
соққанда бес қанат қараша үйдің туырлық, түндігін жұлып әкете жаздайды. Түндіктің
төрт бұрышы тұзаққа түскен қара құстың қанатындай жалп-жалп етеді. Айнала
сарықұла шаң. Аула мен зілмәнкенің аралығына, ықтасынға тігілген үйдің өзін жығып
кете жаздайды. Темірәлінің әйелі жел көтерілісімен екі үлкен ала қапқа топырақ салып,
қазан аяқ жақ іргеге сүйей қойды. Сонсоң, сол екі қаптың астынан екі арқанды өткізіп
ап, үйдің үстін айқыш-ұйқыш бастыра, оң жақ керегенің аяғынан тас қып байлады.
Шаңырақтың төрт желбауын біріктіріп ұшынан бір түйді. Көне қара сандықты соған
асып салды: салмақ болсын! Басқарма сиыр сәскеде бір-ақ оянды. Ұша түрегеп алаң-
құлаң айнала қарады.
– Ат қайда? – Атты, ерін алып, шөпке жіберіп қойғанды.
– Сордың арғы басында... жайылып жүр.– Тем-ақаң атын әкеп, апыл-ғұпыл ерттеді.
Өз-өзінен асығып, абдырап жүр. Дайын тұрған шайдан екі шыны аяқ шай ішті де,
атына мінді. Анадай жерге желіп барып, қайтып оралды.
– Мына арқандарыңды пішеншілерге бересің!
– Бұдан кейін де жел соғар... сонда үйді немен бастырамыз? Анау үндеген жоқ.
Алая бір қарады да, атын тебініп қап, шоқыта жөнелді. Дала алағай-бұлағай. Жел бір
шағылдың құмын суырып апарып екіншісіне қосады. Әр-әр жерде домалаған қара
қаңбақтар жерге анда-санда бір тиіп, босып барады. Қаңбақ та болса қаңғыртпай
тұтып-ұстап қалуға алқаптың аласа шөбінің шамасы жетпейді. Ән