Алтыншы күн отырмын мына столдың басында,
бір маңызды іс тындыру керек маған,
расында,
адам жасап балшықтан,
балшық та емес, күл-құмнан
маңызды ісін Алла да алтыншы күн тындырған.
Библия Құдайы – табысына мас адам,
Жексембіні жетінші – демалыс күн жасаған.
Шаршап кетіп жұмыстан –
Сауап, Хадис, обалдан
Құраныңның Құдайы – жұма күні дем алған.
Жоқ, бөлмеймін Құдайды Құдайлардың ішінде,
дем алудың керегін түсінгені үшін де.
Екеуі де түсінген бір тыныстың керегін –
Жетінші күн дегенде – шаршап қоя беремін.
Ай, Күн – жарық,
Көк – түнек,
Су – сұйық та, тас – қатты,
алты-ақ күнде Құдірет бәрін жасап тастапты.
Жасағанын мықтының алты-ақ күнде бастапқы
алты миллиард жыл ойлап түсіне алмай бас қатты,
Бас қатырып кетті хақ,
Сый ғып маған Күн, Түнді,
өзің іздеп тап депті қасіретіңді, күлкіңді –
тұғыр торы секілді салып келем бүлкілді;
әлденеге ой алаң,
көңлім күпті бір түрлі
еңбегіме – тапқаным татымайтын сықылды.
Жақсылық пен жамандық – жаратқан Хақ аралас,
Мықты екенсің, ажырат,
адас, Адам, ал адас!
Мен де адастым талай жыл –
Күнәкарлық емес ол,
барлық күнәң – мықтыға еліктедің демесең.
Талай асылды аштым мен мына қолмен қаралтым:
Жылтырлығы болмаса – емес екен бәрі алтын.
Күлкім өшіп ертеңгі,
Қоюланды кешкі мұң –
өтіп кеткен тәрізді менің-дағы бес күнім.
Осы бес күн секілді картадағы бес құрлық,
ей, бес құрлық!
Бес құрлық, сен де, мен де – ескірдік.
Алтыншы күн отырмын осы столдың басында,
бір маңызды іс тындыру керек шығар расында:
алақанмен көсіп ап әппақ нұрды Күн, Айдан
себейінші жырымның жолдарына мұңайған.
Күнге қарап өссін сөз күнбағысша күләйлан,
мұхиттардың толқынын тулатайын тақымға ап,
Тәңірім басын изесін: «мақұл», «мақұл»,
«мақұлдап».
Керегі жоқ той ұлы
Сала аламын былай да ән,
Кішіпейіл кісімін – дәме етпеймін ұлы ойдан.
Жо-жоқ, Құдай емеспін,
сақта, Құдай, Құдайдан!
Артық қызу қаным тек – жел, жел, мені аймала,
Мен, мен Құдай емеспін,
Пайғамбармын жай ғана!
Жібек-саусақ аңсадым – жел, жел тағы аймала,
ақ тер болдым алты күн барды шашып айнала.
Жаңа ештеңе таппадым.
Ертең жетінші күнім –
ернімдегі ескі сөз – ермек еттім жұғынын:
түскен түк жоқ ауызға.
Белгісіз бір теңізге, аралға, не құрлыққа,–
кен қазып па, бәрібір, күй шертіп пе,
жыр ғып па –
шығармын-ау түбі мен, өзге түгіл Хауа ана
Жұта алмаған ауаға – көрпе иықтан сырғып қап
дем алармын түбі бір,
Ұйықтармын-ау бір мықтап!