Ал, сансыра, сары бұта,
Сары желмен сал ырғаң!
Көңілім, саған «сап!» деп ем –
садаға кет сабырдан.
Арық, Кәрі Пегасың
әлі аңсайды бәйгені –
бәйге аңсайсың сен әлі
ырсаң қағып қабырғаң.

Сенде де сол ниет бар, –
Күрек-тісің қайда әлгі?
Қызыл иекпен қырқысып
кімге ашпақсың майданды?!
Бір тісіңді жойған-ды
бәсекенің тепкісі,
ал, бір тісің күштінің
бір сөзімен кетті ұшып.
Бір тісіңді бердің сен
арзан-ыржаң күлкі үшін,
бір тісіңді бердің сен
түйсігі бар жұрт үшін.
Үркіп шығып аузыңнан
бетке атылды бір тісің,
ерке әйелдің ернінде
кетті ақырғы бір тісің,
Қисаймаған қазығың жоқ –
көшкен елдің жұртысың.
Жайлы жансың сен енді!
О, жарады, жарады:
ебі келсе – емінер
ерін мен тіл бар әлі –
жыртып емес, жамап күн
көрер әлі жайың бар,
қырқып емес, жалап күн
көрер әлі жайың бар.
Бастық деген «айың» бар –
бала деген «уайым» бар,
қызыл-иек жыр жаз да
қыр басына дайындал.
Шоқ-шоқ дейсің, сенің де
жаның күйген шақтарда.
«Сап-сап» дейсің көңілге...
санасызда «сап» бар ма!