>
күн астында ол оқ та бір жылт етіп жоғалды.
Тимегенде бірінші оқ Аполлон тек таң қалған,
екінші оғым тиер деп үміт етіп алданған;
тимегенде екінші оқ – мерген қатты шошынды,
ал, үшінші оқ осыған күйік болып қосылды...
Ал, сұлу қыз жаңағы
Кекесінмен қарады,
Оқ тимеген сайын ол сұлуланып барады:
Шыбық-белі майысып әндетіп ед ыңырсып –
түсіп кетті аузынан әппақ-әппақ гүл ыршып.
...Тимегенде төртінші оқ – қайғы басты Құдайды,
Мөлдір аспан көрінді қақ суы боп ылайлы.
Сәби жапырақ егіліп жылап тұрған құсады;
Құлақтан ап әлдекім бұрап тұрған құсады,
Тұңғыш мәрте Құдайды ыстық сезім шарпыды,
түсінді ол аяуды өзін аяу арқылы,
бақытына еркелеп өскен бұла жас еді,
сәтсіздіктің, сезді ол, жиіркенішті әсерін –
мансабынан Құдайлық жиіркеніп ол сонда
қорамсаққа тағы да,
тағы да бір қол салды:
бітіп қапты жебесі қорамсақта,
анық бұл –
тырна-сирақ сидиып жалғыз жебе қалыпты.
Сол жебесін суырды ол – соңғы үмітін немесе,
Сол-ақ екен, Құдайдың құмары артты он есе
Әлгі қызға;
Жебені жіберерде тағы да
тағы да бір көз салды Олимп тауы жағына,–
тұңғыш мәрте саусағы қалтыраған құсады,
білек күшін әлдекім тартып алған құсады,
өнерінің өзі оны сатып кеткен құсады,
(О, албырт жас!
Мұндайдан сені Құдай сақтасын,
дүние түгел сатса да,
өз өнерің сатпасын)
Кенет...
Құрып дәрмені қара терге түсті ерің,
өз білегін ызадан қырш еткізіп тістеді –
Күш қалған тек тісінде;
Уа шүкірлік, шүкірлік:
(Құдайды да құл еткен сәтсіздікпен бұ тірлік)
Жылады ол Зевске,
отыра ғап тізерлеп:
«Құдай едім, құл емен ететұғын Сіз ермек,
Қырсықтырып мұншама қорлағанша пақырды
Өртеп өлтір отыңмен!
Не, тілегім ақырғы:
Осы оғымды дәл тигіз,
Жапа шектім соншама,
Мына қызды алайын – жынның өзі болса да,
Түсіп қалдым жамбасқа абайсызда мен қасқа
ант етейін бұдан соң қолға садақ алмасқа».
Зевс Құдай естіді.
Жігіт оғын көздеді,
Құдай тартса жебеге зырқырау да сөз бе еді:
Қақ жүректен қадалды әлгі қызға оқ барып.
Көкке қарап Аполлон көзін қысты мақтанып.
Кенет, сұмдық!
Қыз қайда?
Мазақтай ма бұл Құдай:
аю тұрды сілкініп қыз орнында, сұмдық-ай,
шошынғанда Аполлон жан дауысы шығады –
тұра келіп қашады,
аю тұра қуады.
Қашты Аполлон зырқырап.
Садақ қалды сасқанда,
Құдай болған жақсы ғой, әсіресе, қашқанда –
жеткізбеді,
Құтылып кетті Аполлон,
«Аюдың»
Содан дейді жұлдыз боп қап қойғаны аспанда...
Біздің заман тыныш қой,
елеңдеме дүбірге,
атып ұстар әйелдер жабайы емес бүгінде;
Қолға үйренді аю да –
Зоопаркте бәр-бәрі,
атып ұстар аң мен құс орманда да қалмады.
Аполлон жоқ.
Бір досым бойдақ болып жүр әлі,
Әйел деген бір сөзден зәресі ұшып тұрады.
Біле алмай жүр: жебесін кімге атарын бұ-дағы,
бір сілкініп қай қыздың аю болып шығарын.
О, сүйкімді сұлулар!
Мен – Аполлон емеспін,
аю болып әзірге қорқытқан жоқ мені ешкім.
Бірақ достар әзіл ғып айтатыны осы нақ:
«бәріміз де жүрміз ғой бір-бір аю асырап».
8. Қ а й ы р ы м н е м е с е
б а т ы р д ы ң о р а л у ы
Әңгіме
Трояны талқан еткен көп батырдың батыры
Қаңғып!
Қырып!
Көп олжасын тығып тастап, ақыры
Жетті еліне;
Кеткеніне
Ұшты-күйлі жиырма жыл дегенде.
Бірақ оны танимын деп ол елден
Жан шықпады;
Шалшықтағы
бақа құсап ауыздарын ашқан ел
ісі жоқ-ты көл-батпағы – шаруасынан басқамен.
Құдайлардың құдіреті байырғы
Түрден ерді айырды:
Қайыршыны кім танысын! Тіршілікте далбаса
«Әй, бейшара-ай» дегендері болмаса.
Күні бойы көше кезіп,
ымыртта
Сасқан батыр сусын іздеп бір ұрттам –
Соңғы жылдар даңқы шығып батырдың,
Соған бола көңілдері суысқан
бар еді бір туысқан,
Қақпасына келіп соның атын атап шақырды.
Күңі шығып күңк етті:
– Әкім кісі бұл текті,–
Қайыршылар кіретұғын үй емес,
аулағырақ жүргенің жөн деп қойды,–
Алып шыққан нанын өзі жеп қойды.
Аполлонның өзі сын-ды әдемі
бұ қалада жалғыз досы бар еді,
Оны да іздеп тауып со бір ымыртта
Су сұрады бір ұрттам.
Қайыршыда дос бола ма?
Танымады ол-дағы,–
(Сақал-шашқа қонып қапты кәрі қыс)
Кімге керек қайыршының қалай ыза болғаны!
Көкірегі аңсады бір жарылыс.
Үй иесі су ұсынып, ақыл айтты мұңданып:
– Жүгенсіздеу болушы еді құлдарым,
Сабап тастар, аулағырақ барып іш!
Байлықтан бұл есі ауысқан қала еді,
сол байлықтың әлегі:
жұрт көңілін тарылтты да, ақыры
танымады ел батырын,
Сыйламады қайыршысын, жақынын,
Итін қосып қуалады әлдекім,
Әлдебіреу ерк