Көп сұлудан ажар өтті, әр тайды,
Жаман жырдан бұрын көбі қартайды;
Сұлулықтың тұрлауы жоқ дегенді
Түсінгендей болып қалдым мен енді.
Осы бір жай толғандырды көп мені:
Уәде қайдан болушы еді тұрақты
Сұлулықтың өзі болса өтпелі?
Талай жаздым теңеуімді тепкі ғып
тұрлаусыздық – сатқындық қой деп біліп...
Қоңыр кеште мұңды жаным сыздаған
«Гүлің болам» деп еді бір ізгі адам.
Ортасында өскендік пе көп қарттың
Софылау ем –
әлгі адамға айныдың деп өкпе арттым:
«Гүлің болам», деп еді ғой ол баста?
Сөздің мәнін түсінбеппін мен қасқа –
тұрлаусыз боп көрінетін жолдасқа
гүл ғұмыры – қысқалығы болмас па,
ескертіпті ол қысқалығын көктемнің;
ал мен болсам ештеңені мезгілінде
түсінбей-ақ өткенмін.
Сөйтсем, ғұмыр – әсер бопты мен үшін,
өлеңдерім, міне, соның жемісі.

Тұрлаусыз деп бір сұлуға кінә арттым,
сөйтіп тағы біреуіне құмарттым;
Оны тағы айыптадым – бала екем:
солмайтын гүл – ертегіде ғана екен.
Сұлулыққа айнисың деу, бір түрлі,
Соласың деп гүлді айыптау сықылды –
Мұның бәрін ұғындым мен кейіннен,
енді өткенге алғыс айтам пейілмен:
алқызыл гүл, көп тікенек ішінде
бір сәт көзді арбағаның үшін де,
таптырмайтын тек сүюден өзге емі,
бір жалт өткен сұлулардың көздері,
бір сәт маған жылы ұшырап қараған,
алғыс саған, бар табиғат, бар адам!
Аунап өткен ақша бұлттай төбеден
Уақыт өзі ұмыт еткен көп өлең,
Шыт қанатты көбелектөр шөптегі,
Жүгірткенің үшін сонда көп мені;
«Паһ!» дегізіп қарғып ұшқан қыран құс,
Саған, саған, саған, саған мың алғыс!
Әрбір алған әсерімді санаса
бақытты жан екенмін-ау мен аса;
бақытым сол: кешіре алам анаша,
гүлше ұялып, алдана алам балаша...

1980