Арулар деп бастасаң-ақ бір ойды
Ой соңын жұрт төсекке әкеп тірейді:
елестейді етектер мен балтырлар,
елестейді жасты көздер үрейлі.
Білек, мойын, мықын жайлы мың бұрап,
не бір қиын ұйқастарды құрдық-ақ.
Пиғыл арзан болған сайын сөз де ерсі,
ерсі ұғымдар, енді сен де өзгерші!
Келіншек-жар, сен қымбатсың, қарт ана;
Қыз-қарындас, жар таба біл, жар таба;
ұғым жаңсақ болып кетті сен жайлы
содан мықтап сақтанбасаң болмайды;
газон сын-ды ақыл-шашы қып-қысқа,
Қыз келінді, қақпа-есіктер, мықты ұста!
Мен-ақ қырқам қаңқу сөздің қанатын,
Қорға, әйел! Әйел атын, ана атын!
Сірне болар сұлулықтың тозғаны,
тоздырма ойды,
тақырыпты созба әрі,
елестесін қыз-келіншек десек тек
әркімнің өз қарындасы, өз жары.
1980