Ей, шөпбасы, шөпбасым-ай, шөпбасы,
үп еткенге елпең қақпай, тоқташы.
Жаяу-құйын, өрепкімей қоя тұр,
сен де, өкпек жел, өтірікті соқпашы!

Тіліп айтар тектім болсаң – топқа шық,
уа, топқа шық,
алайықшы бетті ашып.
Көлеңкелер, намаздыгер шақта осы,
сен де жоғал, қараң-құраң боп қашып.

Доп сенде екен –
ал, ұра ғой, қақпа ашық,
командам жоқ қарсы ойнайтын жақтасып.
Күнде бүйтіп шыжғырғанша шоқ басып
бір-ақ өртеп бітіретін жаққа шық!

Шуақ өпкен күнгей жақтың көк тасы
сен екенсің –
бет жылтырын сатпашы.
Сақтар болсаң, жалғыз ием – жалқы елім,
мені осынау жылтырлардан сақташы...

1978