Ың-ың етті.
Екі қолы ербеңдеп,
төсін түртті сұқ саусағы «мен», «мен» деп.
Бұдан өңге түк ұқпадым мен де емге –
қиналды әлгі;
Қос жанары телмеңдеп
тамып түсер тәрізденді.
Ол әлі
көп-көп сөзбен көңілін айтпақ болады.
Иегін сәл алып бір сәт жоғары
кеңірдегін кертіп тұрып соғады.
Содан өзі үрей тапты.
Сол адам
қашып шыққан жанға ұсады моладан:
Әңкүр-Нәңкүр қыл бұрау сап сабаған,
не бір үйір сайтан қуып қамаған.
Хат-қабат боп шөгіп кеткен тар маңдай
жосыған тер,
жаға-жеңі малмандай.
Қиналды екен, шіркін, шыбын-жан қандай
мың бір дүние мылқау болып қалғандай, –
шарпып өтті маңдайымды бір ыстық,
Біз әлгіге қарамауға тырыстық.
Татымайды-ау, дедім, тірі жүріс түк
тілдің өзін бермесе алла дұрыс қып.
Бір сәт, бәлкім, ұғысармыз деп біліп,
қан-тамыр боп қос самайды тепті үміт.
Жоқ, болмады.
Бетті бір жел кептіріп,
автобустың іші, кенет, кетті ұлып.
Көңіл біткен құлазыды – не амал бар,
амалсызда ақыл да жоқ – соны аңғар.
Аянышты әсер береді екен ғой
бірін-бірі ұға алмаған адамдар.
Көзі жасып, сөнді сонда беті оның –
мен жасыдым:
жарып сөйлеу не теңім!
Кещеліктің кесір халін сездім мен,
түсінбеудің түсіндім не екенін.
Оу, ағайын,
тіл жоқтықтан болмас та
пиғылыңды жеткізе алмау жолдасқа.
Әркім мылқау – тілін ешкім ұқпаса,
сен бір басқа топшылайсың, ол – басқа.
Батты маған осы ойлардың тізесі
қатты, құдай, мылқаулықты түзеші.
Ынта бар ма өзгені ұғар?
Ал, кейде
ұғындыра білеміз бе біз осы?
Балай алман Сізге мылқау шалды мен,
мағынасыз емес бірақ әңгімем.
Алдымен біз қинамайық мылқауды,
тілі барлар, ұғысайық, алдымен!
1978