(Ескі ұғымға пародия)
Аспан жақ боздап кетті, мықты-ақ қайғы,
диюлар бұлт тасалап бұқпақтайды.
Көпшік қып қолтығына қара бұлтты ап,
әнеки, Әзірейіл барады ықтап.
Соқты жел, асқынған бұл даң-дамайды
япыр-ау, аллам неғып аңдамайды?!
дегенше... садағын ол оқтап, әне,
атқалы сайтандарды оқталады.
Қорқа ма – сайтанды ақыр ата алмады,
күмбезін аспанның құр бақандады.
Содан соң құдіреттен жоқ хабары
бір жынды ұстап, шыңғыртып ноқталады.
Ал, сайтан жүрген жақ тек шаңытады, –
көзге жай сескенгенін танытады.
Дірдектеп әрі тоңып, бұғып әрі
бір тастың қолтығына тығылады.
Содан соң жартылықтан жұтып, ұрттап,
күледі Хаққа қарап сықылықтап.
Бір жақта пері біткен шулап тағы,
жалпылдап бұлт жыртылып, бу қаптады.
Ал, сайда поп пен молда қақтығысып,
өкіріп бір пайғамбар жатты құсып.
Періште даңғырасын қақты асыға,
жағынып жақтасына – саппасына.
Иемнің қорқып мен де қаһарынан
зып бердім бір сұлудың қақпасына...
1978, 1982