Сонда сен бір сөйлеп едің нан ұстап –
мен жазылдым. Ол күн кетті алыстап.

Наныңды ұстап Мысыр бардың, Шам бардың –
саған емес, нанға сеніп мен қалдым.

Тайғанақтап, әй, кеттің-ау, әй, кеттің
сәуле құсап қырындағы әйнектің.

Сөйлейсің ғой, білем, қазір аптығып
сол баяғы жұртты жаманатты ғып.

Көзің – лай суындай боп өткелдің,
білем, тағы сендіремін деп келдің.

Хауа-ана бол, періште бол сен, мейлің, –
нанды алдаған кісіге мен сенбеймін.

1978