Мұрынымен мыңды жыққан мына ағаң
ірілігін ұсақтықпен құраған.
Қойдан құлап өлді ер жігіт,
ал, қорқақ
жолбарыстың жонын қыстап жүр аман.
Ине орнына жүрмегенін өкпе ғып,
өтпедік деп, күрсінді ағай, өтпедік.
Жүкті поез жұтты біреу,
ал, біреу
майшабақтың қылқанынан кетті өліп.
Түсінігі түйе сын-ды мықты адам
бір ләм айтса – жұрт жылқыша ықтаған.
Орман құсап өртенді ойшыл,
күлегеш
мақта боп-ақ өрт ішінен шықты аман.
Гауһар іздеп дүкенінен түйменің,
майдан ашар жерде талай биледің.
Ақ алмастар майырылған көп жерден
жылпыңдығы өтіп кетті иненің.
Қарғыс алған жігіт жұртты қақпайлап,
айдаһардың құйрығымен жатты ойнап.
Арыстанның азуына ат байлап
күлген ерің
әйеліне батпайды-ақ.
Уа, ойнаңдар!
қылжақ-тағдыр, ойнап қал!
Бағы барлар, бақа мініп тойға аттан!
Иегімен құдық қазып ептілер,
түйе байғұс су ішіп жүр оймақтан...
1978