Кім үзеді өзі әлсіз, жіңішке ойды?
Тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бірақ шыңды бұлт болып буды қайғы,
бірақ бұта дамылсыз судырайды.

Қайнап жатсын миында мың іс мейлі –
тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бірақ мың үн маңайға тарайды үдеп,
күшік-бұлақ көк тасты жалайды кеп.

Үй шатырын ай нұры күмістейді –
тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бір көлеңке, бір сәуле – ала-құла,
ала-құла үн берер қала мына.

Ой шатысты оралып жабағыға,
жел жығылды сүрініп балағына.
Сары жапырақ бұтадан құлап өлді –
қайдан болсын тыныштық бұл әлемде!

1978