Көктемгі жер бояуы да көк қой деп,
көлеңдетіп киіп едің көк көйлек.
Көл-дүниеден көкті ғана білуші ең,
кетер болсаң – көк зәріңді төкпей кет.
Көктем еді-ау, көктем еді, дүбірлі
көк бұлақтар көгал кезіп жүгірді.
Көк кіреуке көзді айналған күндері
көгіс тілің көк төбетпен бір үрді.
Көктемде көкек құсап көк, көк деп
көк уыңды, сөйлер болдың, төкпектеп.
Күте-күте, қуа-қуа көк түсті
кеттің білем, ақырында, көк бет боп.
Көктем өтті, жаз да кетті, күз жетті,
енді әр мезгіл өз бояуын іздетті.
Ал, сен болсаң – баяғы сол көк, көк, көк –
көк тіліңнен көк сөздерді төк, төк, төк!
1978