Есе ғой, жасыл самал – тыныстайын,
созылшы, саусақтарым, гүл ұстайын.
Үркітіп алдым білем бір бұтаңды –
сыбдыра, сыбдырай ғой, күміс қайың.
Көк қырлар көз алдымда барады өсіп,
тербетші көк бұтаңды дала-бесік.
Шекесі анау дөңнің жолақ-жолақ,
кеткен-ау бір керемет тарақ осып.
Жүздірші ақ бұлтыңды аспан-алып,
бұлт жоқта ой да келмес басқа лағып.
Бір сәтке бұлтсыз қою Алатауды,
аспан-ау, біле білсең – масқаралық.
Бұлт келді әппақ-әппақ, үрпек-үрпек,
жалғыз сөз көмейімде тұр кебіртек.
Ой келді басыма бір...
ақша бұлттар
қарайып бара жатты бірте-бірте...
1970, 1982