Жатырсың, күн, бірің кеп, бірің кетіп,
жаныма еріп жүр жырым, жүр «індетім».
Уақыттың саусағы ілді дәйім
менің сезім-ішегімді дірілдетіп.
Жетістігім мінімді жүр індетіп,
мен жетпеген жеріме сырым жетіп.
Жазғаныма ескі ырғақ тарлық етті,
аяғыма тар келді бұрынғы етік.
Көңіл байғұс жүр, әттең қырын кетіп,
кетейінші десем бір дүрілдетіп.
Қызығынан жастықтың ерте айрылдым,
ермегіне егденің бұрын жетіп.
Тербегенде жыр деген қара бесік,
жатып алды ақыл мен ар егесіп.
...Сенің әлсіздігіңді білген сайын
менің күшім еселеп барады өсіп.
1970, 1982