Бір сенімі бар еді маған да елдің,
«Ұлғайды арман»,
мен-дағы алаң болдым.
Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,
өзімді іздеп шығып ем – саған келдім.
Кетті дейді жыр оңбай... құрсын бәрі,
сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып...
Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,
түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?!
Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:
жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.
Басқа барар жерім жоқ, саған келем
қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.
Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,
бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:
туатұғын сықылды бүгін-ертең
мраморға жазылар бір өлеңім.
Қажып келдім қасыңа қалғиыншы,
не қарғыс, не бата айтшы... ал құйылшы.
Сен маған туған жерім сияқтысың,
аңсағанда келетін шалдың иісін…
***
Біз екі өзеннің қосылған жерінде — қос дарияның құйғанында тұрғандай әсердеміз. Оның бірі бастауын арғы жүз жылдан алатын абай арнасы болса, екіншісі жарты ғасыр бұрын жар соғып, жағасын шайған жұмекен дария. Мынау бес-ақ шумақ өлеңді — өн бойыңа тараған ақын көңілді қайталап оқиық. Кешқұрым өзін іздеп шыққан ақынның тылсым түйсігі оны Абай ескерткішіне — абайға — абай әлеміне бастап келеді. Сұйылып кеткен өлең дүниесін «тарттырып, қойылдырып» алған Жұмекен, жұрттың өзіне деген сеніміне аса биік борыштылықпен қарайтын Жұмекен, Абай құсап «қайғы ойлап арманы ұлғайған» Жұмекен Абаймен сырласады. Қазірде ымыртта өзін, әлде сөзін жоғалтып, қоңырайып соны іздеп шыққан беті болатын. Қым-қуыт қаланың ортасында ақын елесі кетіп бара жатқан сияқты. Өз көңілінің ізін шалған жол оны Абайға бастап келеді. Өз ізін, өз шабытының ізін, өзінің өлең түйсігінің сұлбасына ілесіп алға жүрген Жұмекен Абайдың алдыда тұр.
Жұмекен бір шама өлеңінде абай туралы сөз қозғайды. Өлең жазып отырып, шабыттанып отырып Абайға жиі жүгінеді. Бұл өлеңде де бәріміз көргендей Алматының төрінде тұрған алып ескерткіш. Қарайған қола мүсіннің алдында қарғадай боп қалқиып Жұмекен тұр.
Дүние мың құбылып, жүз өзгерсе де өзгермейтін, баяғы түйе жүн күпісімен тұрған Абай... Ал Жұмекен өзінің ең биік өлеңдерін әлі жаза қоймаған сияқты, оны бүгін-ертең жазатындай құлшынады. Мраморға жазатын өлеңдері қазір туып қалатындай. Бойында үлкен шабыт пен құлшыныс жүр. Расында, Жұмекен сол уақыттарда әрбірін мраморға жазуға тұратындай жүздеген өлең сілтеген кезі. Қазірде Жұмекеннің кез келген өлеңінен екі жолды, төрт жолды ойып алып мраморға қысылмай қашайсың.
«Абайдың ескерткіші туған жерім сияқты» дегенді кім айта алды? Осындай максималды сезіммен, таусыла тебіреніп, сарқыла сөйлей алған тағы кім бар? Таусыла айту, түбін түсіріп айту, сарқа сөйлеу ол — сонша тебірене ойлаудан туады. Бұл дегеніңіз – теңдесі жоқ сезім, тау құлатар шабыт.
Алматыдағы Абай ескерткішіне барып сәлем бермеген ақын жоқ шығар. Бәрі де бір-бір өлең арнаған шығар. Біздің санамызда Жұмекен арнаған өлең ғана жүр. «Сен маған туған жерім сияқтысың» дейтіні ғой... Туған жерден артық не болушы еді адам үшін? Туған жерге табаның тигенде оны жата қалып құшақтағың келетін кез болады. Жұмекен де Абай ескерткішіне барып шағынып, заманға, шабытқа, уақытқа кеткен есе есіне түсіп, таусылған сәті көрінеді. Ақын Абай ескерткішіне бұрынырақ арнаған өлеңінде:
Қазналы жан алтынын төккен күлге,
күл боп жанып кетіпті көппен бірге.
Қараңғы елде жарқырап туған өлең,
қара түнде маздаған отпен бірдей.
Емен-дағы құласа – бетеге екен,
дара туған тұлғаң да өтеді екен.
Тек қана қараңғыда жанған оттың,
жарығы тым алысқа жетеді екен, - деп келеді.
Жұмекеннің Абайға жиі айналып соғатыны, Абайдың шығармашылығына деген көңіл-күйінің сонша тазалығы мен шабыттылығы оны Абай заманындағы оймен, мақсұтпен, арман-мұратпен, көркемдік деңгеймен байланыстырып отырады. Бір шумақтан тұратын мынадай өлеңі бар.
Абайсыз кеткен талайды,
Талайсыз өткен сөзіңді
Аяймын;
Заманға қарап – Абайды,
Абайға қарап – өзімді
Аяймын.
Жұмекенсіз жұртты біз де аядық.
Жұмекен жас шағында-ақ, Абайды тым терең қабылдағаны байқалады:
Алатауың – Абай жазған өлеңдей,
жаратылған мықты болып «өлердей».
Қатып қапты тағдырына мас болып,
«құдайына» не жалынбай, не көнбей.
Жалпы бұл жерде алуан мінезді, сан тақырыпты толғап, қаншама көріністерге, түйсіктерге, сезімдерге ілігіп, соған қармағын қаптырып туатын өлеңдерінің арасында Жұмекен Абайға жиі қайырылып отырады. «Поэзия» деген жеті шумақ өлеңінде поэзия бозінген секілді, әркім одан бір тамшы саумал алып қалуға жүгіреді. Ақындықтан үміті бар әр пенде қауға алып қуады.
Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,
Поэзия секілді бір саулы інген.
Ботасы өлген секілді ертеде оның,
Абай жатқан баурында кер төбенің.
Қасым жатқан шет жағын боз даланың,
Саулы інген-жыр кезеді боздап әлі.
Ботасы өлген батады Ана мұңға,
Ілиястың Құлагер заманында.
Егер поэзия сұлу болса, мұңлық болса, қолға тоқтай қоймайтын үркек, секемшіл болса ақын теңеген аруанадай-ақ болар. Жырдың көркі теңеу. ақын тебіренісін шегіне жеткізетін де теңеп ойлау.
Жұмекен сонау жас шағының өзінде жалындатып шыққанын айттық. Ол сол уақыттан бастап абай өлеңін өз сырласы көрген. «Өлең түтіп, сөз есіп» деген өлеңін қараңыз;
«...
Абай-ай,
әй, тіпті
берген-ау берерін.
айтарын айтыпты.
алыпты керегін
...»
Абайға алғашқы өлеңін 1960 жылы арнаған ақын 1980 жылы да сол сезімнен жаңылмайды. «Бүгін» атты өлеңін былай аяқтайды:
«Бізде де осы аяқ — жолды анықтар
сіріңкенің жарығындай жарық бар.
сондықтан да көтереді қос қолдап,
ал біреуді жұлдыз дейді сасқанда.
жылт еткеннің бәрі жұлдыз амал не,
Абайы жоқ аспанға»
«Қара өлеңді» - поэзия туралы өлеңді тағы да Абайдан бастағанына қарап, сіз енді осы өлең жетегімен Абайға тың көзбен таңдана қарайсыз.
Өлеңіне қазақтың күпі кигізер едім,
күпісі бар өзінің – керегі не, керегі.
Өлеңіне қазақтың шекпен кигізер едім,
Шекпені де бар оның – керегі не, керегі.
Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде
жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапқан жырға асыл –
Жырласа сол жырласын:
Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге.
Ойлар ашты басқа өңін,
Жырлар туды жас көңіл –
демек, кигізді өлеңге ол Европаның костюмін:
Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап
құйған сын-ды ол:
Бір ерек құнар тапты топырақ.
Сондықтан да жырда Абай шындық ашты бір ұлы:
Қаламдардың сырылы,
қанжарлардың шыңылы
араласты тасқын боп азап табы, мұң үні –
Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы.
Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,
Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз дағы.
Жаңалықтан жалтақтап,
Суық сезсе шекеміз,
Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп, кетеміз.
Қара өлеңдер жасасын!
– салмақты, еркін, терең де өр,
Костюм киген ақындар,
күпі киген өлеңдер!
О, сыпайы жаңашыл!
Жел өтінде дірілде –
Шекпен түгіл макентож ескіріп жүр бүгінде.
Киім – мода,
өлең-жыр мода емес қой,
дегенмен
киімнің де сән-көркі көрінген жөн өлеңнен.
Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі,
Содан шығар, көп жыршы – жалаң аяқ келеді.
Менсінбей жұрт ескіні,
Жаңасына жете алмай,
Қалам ұстап отырамыз біз де, достым, кете алмай .
Күпі киген ақынның
Костюмді ойы – тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.
Қағып-сілкіп күпіні – шекпен алған сол ақын –
Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын.
Тапқаны ғой әркімнің,
Соған ұқсас сый біздің:
өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім.
«Қара өлең» деген тақырыппен жазған осынау жырда өзі жасаған замандағы өлең өнері, оның салмағы, көркемдігі, ойы, мақсат-мұраттары туралы аз сөзбен аса ауқымды ой толғаған. Ол — Абай өлең әлеміне берілген аса биік баға. «Абай ескерткішіне» деген өлеңінде Абайдың болмыс-бітіміне, рухына өз жүрегінен сипат беріп, ескерткішке жан салды десек; ал мына өлеңде оның — абай жырының әлемдік деңгейдегі көркемдік құбылысын айқындап тұр.
«Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап
құйған сын-ды ол:
Бір ерек құнар тапты топырақ»,
- дегенін қараңыз. Сөзден қалып, тамсанып отырған.
«Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде,
жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапқан жырға асыл –
Жырласа сол жырласын:
Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге».
Абай шығармашылығы жайлы жаңаша сипаттау деңіз.
Ойлар ашты басқа өңін,
Жырлар туды жас көңіл –
демек, кигізді өлеңге ол Европаның костюмін.
Бұл өлең Мұқағалидың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген жолдарынан ұшқындап, отқа — осынау отты, ойлы аса көркем жырға айналып Абайға арналғанын білеміз. «Өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім» дей ме?
Біз екі дарияның құйғанында оның иірімдеріне қарап, тамашалап тұрмыз. Олар бұл жылы 175 жылдығы өтіп жатқан ұлы Абай мен 85 жылдығы тойланып жатқан өз уақытында қазақ жырын жаңаша жаңғыртқан Жұмекен ақын.
Жұмекен қазақ ақындарына санаулы өлеңдер арнады. Әрине, басын Махамбеттен бастайды, Абайға жалғасып келіп Қасымға құяды. Біз бүгін Абайға арнаған өлеңдерін қарастырып отырмыз. Ал оның Абайға арнаған өлеңдері шын поэзия мен көркемдікке арнаған өлеңдері жаңаша қадамдар болып саналады.
Махамбет жырауға, батырға арнаған өлеңдері заманға, уақытқа, күреске, жыршының биік өр рухына бағышталады. Біз ол туралы «Жаңғырық» поэмасына кейінірек тоқталамыз.
Абайдан соңғы Жұмекеннің жыр арнаған кісісі – Қасым Аманжолов. Біз ақынның оған арнаған өлеңіне бөлек мақала арнамақпыз. Біз осымен «Жұмекеннен жүз өлең» жобасының жартысынан өттік. Алда қырық тоғыз өлеңді сырласа отырып, бірге талдайық...