Үйден алыс шыққанда екі аманат қалдырам,
бірі, ұлым, өзіңсің,
екіншісі — домбырам.
Екі асылым — екеуің,
жүдеп жүрмін ішімнен,
мен ауылдан шыққалы сендер шықпай түсімнен.
Иіскеп жүрем түн бойы мандайыңнан, жалғызым,
шертіп жүрем түн бойы домбырамды алғызып.
Әлдекімдер сені ұрып жүреді ылғи жылатып,
домбырамды жүр біреу дың еткізіп құлатып.
Сен, әрине,
оянсам жоқ боласың, шырағым,
үні бірақ қос ішектің құлағымда тұрады.
Асығамын содан соң үйге, бітіп шыдамым,
поезбен кеп,
қайтуым — самолет боп шығады.
Есік қағам мен ылғи асыққаннан кешігіп,
қағам сонда күй менен махаббаттың есігін.
Кекіліңнен сипамас бұрын сонда мен сенің
сипап көрем қос ішегін домбырамның,
кеш, ұлым.
***
Үйден алыс шыққанда екі аманат қалдырам,
бірі, ұлым, өзіңсің,
екіншісі — домбырам.
Екі асылым — екеуің,
жүдеп жүрмін ішімнен,
мен ауылдан шыққалы сендер шықпай түсімнен.
Өзінің жалғыз ұлы мен жан сырласы - домбырасын параллель қойып, теңестіре суреттеу, домбырасына деген сүйіпеншілігі мен ұлына деген әкелік сезімін жарыстыра, жарастыра жазу – ақын тебіренісінің шыңы.
Иіскеп жүрем түн бойы мандайыңнан, жалғызым,
шертіп жүрем түн бойы домбырамды алғызып.
Әлде кімдер сені ұрып жүреді ылғи жылатып,
домбырамды жүр біреу
дың еткізіп құлатып.
Егер үйінде домбырасы бар кісі болса, оңаша сүйеп қойған домбыраның оқыс құлаған сәттегі адам көңілінің дір ете қалатын тітіркенісін ол біледі. Дәл сол түйсік пен енді есесі кетіп, әкесін іздеп жылап жүрген жалғыз ұлды елестетші. Қысқа өлеңде ақын әдемі шендестіреді - көркем параллель жасайды. Тапқырлық - шығармашылық шеберлік сізге де, бізге де көз тарта нұрлана көрініп тұр.
Есік қағам мен ылғи асыққаннан кешігіп,
қағам сонда күй менен махаббаттың есігін.
Асығып оралған ақынға екі есік ашылады. Ол махаббаттың - үйдің есігі және күйдің - күй әлемінің есігі.
Кекіліңнен сипамас бұрын сонда мен сенің
сипап көрем қос ішегін домбырамның,
кеш, ұлым.
Мұндайда айтарға сөз таппайсың. Үнсіз қалғаның оң. Тек осы өлеңдерден кейін тебіреніп қана отырудың жөні бар. Тағы да біз көп қайталанып жүрген сөзге оралайықшы. «Жұмекен – жұмбақ» деген сөз көпшіліктің көкейіне ұйып қалған. Көбі жұмбақ шешкісі келмейді. Бірақ осы өлеңнің қай жерінде жұмбақ бар? Жұмбақ жоқ. Жұмекен домбыраның қос ішегі секілді тебіренгіш, саусағың тиіп кетсе сайрап қоя беретін шешен домбыра сынды аса сыршыл, шебер ақын екенін сезесің. Домбыраға өлең арнаған, домбыраға деген сезімін жырлаған ақын аз емес шығар. Бірақ оның қадір-қасиетін Жұмекенше сезініп, сонша дәлдікпен суреттей алған кісі сирек.
Оған себеп: Жұмекен аса таланты әрі кәсіпқой музикант еді. Болашақ ұлы ақынға шығармашылық емтиқаныда екі қоятын қиянатшыл заман оның жастақ шағын тағдырдың тағы да бір ертегі жолындай айналымынаа салып еді.
Ақынның сол тағдыры және домбыра ұстаған сәті туралы оның досы Әбіш Кекілбайдың ауқымды жазбасынан мына үзіндіні қараңыз.
«Алматыға мұғалімдікке оқуға келген Жұмекен мектепте озат оқып жүрген қазақ әдебиетінен шығарма жазғанда екілік алады. Суық қолдың араласқанын сезсе де, дәлелдейтін дәрмен таба алмай, арыққа аяғын малып, налып отырған баланы көшеде кетіп бара жатқан қазақ офицері Ғұбайдолла Ержанов байқайды. Бұрылып келіп, жағдайын біліп, үйіне апарып, Қарағандыға жұмысқа алынып жатқандарға іліктіреді. Кішкентайынан күй тартатын баланың жұмыстан боста домбыраны безілдетіп отырғанын Майқұдық шахтасындағы кәсіподақ басшысы Әукебай Кенжин көреді. Көркем өнер үйірмесіне араластырып, кәсіподақтың бүкілодақтық байқауына жібертеді. Мәскеуден жүлделі оралған жігіттің «обалына қалмайық» деп, арнайы жолдама алып береді. Сүйтіп, Жұмекен Алматы консерваториясына келіп түседі. Кейін тұрмыс жағдайына байланысты консерваторияны тастап кетуге мәжбүр болды.
Әйтпесе, әдебиетте қандай саңлақтық таныта алса, өнерде де сондай таныта алар еді. Ол кезде сахна мен эфирде көп орындала бермейтін, тұсында цензура бағын байлап тастаған небір «күй сұлтандарына» алғаш рет біздің құлағымызды Жұмекен үйретіп еді. Ұялып отырғандай, басын бір қырын бұрып, домбыраға да, тыңдармандарға да көз қиығын салмай, небір әдемі әуезді сіркіреп жауған сәуірдің жаңбырындай төгілте жөнелтеді. Тартқан сайын тал бойыңды ерітіп бара жатқан сіңімді саздан жұрт балбырай түсетін. Ал күйшінің өзі бүкіл болмыстың қақ төріне шығып алған жер тәңірдің өзіндей барған сайын состиып, айбаттана түсетін».