Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып.

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек,
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп…


Біз білген Жұмекеннің домбыра туралы ең алғашқы жыры. «Сыбызғы сыры» кітабына еніпті. Бұдан кейін де ақын домбыраға талай өлең арнайды; қаншама шабытын қалықтатып келіп домбыраға қондырады; қаншама жырдың соңғы шумағына домбыра жастап тыныстайды.
Осыдан отыз жылдай бұрын Жұмекенге арнаған өлеңімізде:


«Өлеңнен де ақынның беті қайта қалғанда,
Көкірегін босатар домбырамен сырласса»,


- деппіз.

Ақын шабыты домбырадан рух алып оған жиі - жиі шалқып соғып отырады. Тіпті өлеңде ғана емес, прозасында да - анау «Ақ шағыл» романында домбыра, күй туралы ұзақ тарау келтіреді.
«Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де».
Дәл осы өлеңінде ақын домбыраның қос ішегінен күй өткенде жүректі қойып, сүйектің өзі бақиды, домбыраның үні сай-сүйегіңе тарайды дейді. Ол - домбыраны танытқан, серік еткен тағдырына шексіз риза.
Көктем жыр сұлуды қолтықтап бұл әлемге әкелсе, оның ізінен гүл ашады. Бұл жерде де әңгіме күй - домбыра туралы.


Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып.


Кісі домбыра тартқанда оны көкірегіне сүйеп, жүрегіне тақап, кеудесіне жастап тұрып тартады ғой, сөйтсе домдыраның сыртын жүрек соққылайды екен ғой; онда да ой мен арманды қатар ұстап көтерген жүректің, қатар сөйлеткен «тиек» жаңғыртқан соққысы. Жұмекеннің жаны жазық дала сияқты, манағы гүл орынына күй егеді. Әлгінде айтқанымыздай ой-арманы домбыраның қос ішегі іспеттес, ал жүрегі – тиек. Осы шумақта ақынның бүкіл болмыс-бітімі, жан-дүниесі домбыраға айналып кетеді. Тіпті, қазақ даласы домбыраға ұқсайды. Күй болса аққан бұлақ сияқты. Топыраққа құлақ төсеп, одан даланың дауысын естисің, күй тыңдайсың.
Жұмекен үшін тіршіліктің әрбір сәті күй сияқты. Жүрегі балқып сол күйді тыңдай түсетін секілді.
Ақынның домбырашылығын, домбыраға деген айрықша сый-құрметін Әбіш Кекілбай еске жазып еді.
Домбыраны жүрек тұсына қойып, иекті оң иыққа тастап, күй шалқытқан Жұмекенді домбыра даусын - күй сөзін көлденең біреу оқыс бөлгенде іштей қатты кейитін көрінеді. Ол үшін күй үні - құдірет үні, домбыра дауысы - дала дауысы болғаны шүбәсіз.
Әбіш айтады:


«Егер біреу-міреу абайсыз күліп не сөйлеп қойса, күй сол арада үзілетін. Жұмекен қыздың баласындай ыздиған сыпайы қалпын бұзбай, бір жымиып қойып, домбырасын құндағына салып, орнына апарып, сүйеп қояр еді. Темір қақпақты қорапшасынан темекі суырып, езуіне қыстырып, былайғылардың әжің-күжіңін тыңдаған болып, танауының астынан будақтаған көк түтінге бетін көлегейлеп, үнсіз-түнсіз отырар еді. Қанша жалынып-жалпайсаң да, домбырасын қайта қолына алмайтын».


Жұмекеннің күй аңқыған жырларын да бұзбай оқып, үзбей тыңдауға біз де кеңес береміз.