Тұтап шығып сөзі ойдан,
аһ дегенде пеш демі,
Жалын айдап шығатын
Уа, ақ жалын, кеш мені,
Ұшқын ұшса жалыннан
ойып түсіп бір түрлі,
бетіңе леп ұратын
қағаз күйген сықылды.
Әр жолының астына
Қалың мағына қапты ұйып,
теңеулері сондықтан
көрінеді баттиып.
Үтірлері тұлпардың
ізі сын ды бір ұлы,
нүктелерінің өзі
жұдырықтай жұмулы.
Тентек телі сөздерді
айдап келіп қамарда,
жақшалары ұқсайды
Тәңір соққан қамалға.
Сәл шытынса қабағын
Шыңдарына қар түсіп,
Сәл жымиса Африка,
Антарктида шарпысып
сықырлайды мұз болып,
Әлемнің бір жартысы,
Мұзға қарсы жалын боп
шарпысады жартысы…
О, космос ақыны!
Ашық бояу өртенген,
бір жалт етіп құйрықты
жұлдыз сынды ерте өлген,
Жоқ, өлген жоқ, ізі, әне
Жосып жатыр саспаңдар,
Құдай тартқан секілді
бір сызықты ақ бормен
Қара тақта аспанға.


Өлеңді оқып отырып, Қасымның өзі жазған ба деп қаласың. Өлең өртке тиген дауыл сынды өршітіп келіп соғады.. Осы өлеңнің өзінен Антарктида мен Африка, мұз бен от шарпысады. Осы өлеңнің өзінде Қасымды ойлап отырған Жұмекен ақынның жүрегінде ашық бояу өртенеді. «Ашық бояу» қайталанбас теңеу. Жұмекен талғамына тән тың тіркес. өзі айтқандай «баттиып» түскен теңеу. Осы өлеңді оқып отырған кісінің бетіне «қағаз күйгендей» леп шалқиды, от қой бәрі шіркін!
Тентек, телі сөздер, Қасымның тентек, телі сөздері Жұмекеннің жүрегіне, көкірегінің үлкен аңғарына келіп қамалғанын байқайсың. Ақын кеудесінде тұлпар шауып бара жатады. Өлеңнің «үтірлері тұлпар ізі секілді». Ал шын мәнінде бұл – Жұмекеннің жүрегін көктей шауып өткен Қасым рухы.
Қасым жаңағы құйрықты жұлдыз сияқты ерте кетті, ерте кеткендіктен Жұмекен оған жолығып үлгермеді. Қасымның қара томдарын Қошалақтың дуал мектебінде оқып, өлеңде — соққан дауылға, өлең өзегінде жанған оттай жүрекке, рухқа ғашық болып, жас Жұмекен Алматыға келген. Алматыға «Біздің міне Алматы осы, алма төсі бұлтиып, алма төске жас бұтақтың саусақтары тұр тиіп» деп, «жер сарайын жаңғыртып» Жұмекен келгенде Алматыда Қасым жоқ — ол өзі жазғандай «көрпесін қырда қымтап» жатқан еді. Жұмекеннің еншісінде қырдағы Қасым топырағының қасына барып, оның рухымен сөйлесу ғана қалды.


«Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл, жүрек!»


– деп жырлайтын, көкірегінде бомба жаратын жүрек шынымен де мезгілсіз жарылған.
Жұмекен «Киім ілгішінде» Қасымның шинелін суреттейді.


Бекер, бекер атталды ма табалдырық бір елі,-
босағада киім ілгіш тұр еді:
бір қонақтың сұп-сұр болды реңі.
соқпай қала жаздады
біреуінің жүрегі.
Үй иесі қарсылаған қалбаңдап,
бір әйелдің жүзіндегі күлкіні
тек сол ғана қалды аңдап.


Жұмекеннің өз тәсілі — өлең жолдары ақын көңіліндегі шабыт пен ұйқас ырғағына бағынып, әр келкі қайырылады. Жұрт Қасымның өзі тұрмақ шинелінен де үркетін, киімінен де ығатын. Бұл өзі желілі, құрлымы қызық, шағын баллада пошымды өзгеше өлең. Өзіңіз оқыңыз.
Жұмекеннің өлең жазып отырып, «тәсіл таппай тығырыққа тірелгенде» Қасымнан жол сұрайтыны бар.


Менде де бар бір дақпырт,
обалы не, обалы:
будақ-будақ-будақ бұлт
Ой-шыңыма қонады –
Қабағым құр түйілген,
Нөсер қайда – жыр қайда:
сөз пышырап,
ұйқас та
көнбей отыр ыңғайға.
Келмеген іс ыңғайға
батады екен шымбайға.
Қасым аға, сен осы
Қайтушы едің мұндайда?


– дейді. («Будақ бұлт» деген өлеңінде). Бұл дегеніңіз әр дәуірде жасаса да ақындық рухтың жақындығы; шабыттың туыстығы.


Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған,
өзге жұрттың дейсің ғой бәрі надан.
Талант күші – табыну болса шын-ақ,
бір кісідей мен де осы табына алам.

Күлегешке ұнаймын зар илесем,
қайғылының жанына және үйлесем.
Бірақ Пушкин емеспім бәріңе аян,
Белинский емессің, әрине, сен.

Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді,
менің үшін
жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам.


«Пушкинді қайтемін, маған Қасым ағам жетеді» деген тәмсілді де Жұмекен ақын айтқан. Бұл сөзді КСРО заманында айтқанын ескеріңіз. Көз алдындағы отаршыл, ожар, көлгір заманға деген ішкі қарсылық Жұмекенді осылай ширықтырады.
Қасымға деген құрметпен демалыс сайын оның басына — зиратына барып ішкі рухымен сырласып, топырағымен тілдесіп тұратынын Жұмекеннің жары Несіп Нәжімеденова еске алады.


«...Сол Ташкент көшексінде тұрғанымызда үйге жақын жерде қорым бар. Қорымға кірген кезде есікке жақын жерде оң жақта қара сырмен сырланған темір шарбақпен қоршалған Қасым Аманжоловтың зираты жатыр. Құран оқуды білмейміз ол кезде, заман басқа, талап басқа болатын. Әр демалыс күні барып, ақын зиратына топырақ салғаннан кейін әруағына бас иіп біраз тұратынбыз. Қала тұрғындары бес күн жұмыстан шаршап, бала-шағасымен орталық саябаққа барып демалса, біз Қасым ағаның басына бір барып қайтқанымызға риза болатынбыз.
Өйткені, Жұмекенді дауылды өлең-жырдың пірі болған Қасым ағаның әруағы қолдайтын болуы керек. Сол ескі зираттағы Қасым қабірінің басына жиі барып, өлең шумақтарын күбірлей, ой құшағында томсарып біраз тұратыны есімде. «Пушкинді де қайтейін-ау, маған өзімнің Қасым ағам жетіп жатыр» дегенді де Жұмекен айтпап па еді.
«Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам?
«Дүние қасіретіне жасымаған».
Жоқ енді,
Амал қанша?!
От еді ол.
Мен ұшқын сол бір оттан шашыраған»,
- деген жыр жолдарын жазған жаны жырға ғашық Жұмекеннің жүрегі нені қаласа, менің де қалауым сол еді. Бала кезімде, өзім оқуға түсе алмаған екі жыл ауылда болған кезімде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істедім. Әсіресе, сол жылдары Қасым Аманжоловтың қара түсті үш томдығын қолымнан тастамай оқитынмын. Қасым жырларын біздің тұстастарымыз қолдан қолға тигізбей оқитын едік-ау.
Қасым Аманжоловтың жары Сәпен апамызды алғашқыда Әбу Сәрсенбаев ағамыздың үйінен көрдім, ерекше жаратылған жан еді. Көрген жерде қарап отырып қалушы едім. Басына байлаған орамалының өзі елдікіндей емес, маңдайын ашып, өзіне ғана жарасатын үлгімен тағатын. Аққұба жүзі мен қап-қара көздері кісіні өзіне байлап тұратын. Ішкі сұлулығы тіпті бөлек болатын. Қазақтың келіні деген атқа лайық жан еді».

Жұмекен өлең әлеміне келгенде Қасымға таңқалыспен келген. Әлгінде Несіп жеңгеміздің естелігінде айтылғандай, Қасымның отынан ұшқын болып лаулаған. Дүниеден өтер шағында да Қасым туралы ойын өзгертпейді, қайта оның тұңғиығына одан әрі үңіліп, одан әрі тереңдей түседі. Осыдан бұрын біз Жұмекеннің Абай туралы өлеңдеріне қысқаша талдау жасағанбыз. Осы жолғы Қасым туралы өлеңдеріне талқымызды да Жұмекеннің орысша-қазақша аралас өз сөзімен аяқтағанды жөн санап отырмыз.


«Шығып тұр ғой бүгінде
Қасым деген бір ақын.
Осы болар түбінде
Енелеріңді ұратын.
Қасым аға өтірік айта алмаған ғой. Бір кезде осы жолдар маған мақтаныш сықылды көрінетін! Ақымақтық қой. «Байқал», «Ақын өлімі туралы аңыз» т.б. шығармаларды Қасымның замандастарынан, әрине ешкім жаза алған жоқ, бізде жаза алмадық. Бізден кейінгілер де жаза алмайды. Жо - оқ , жақсы дүниелер болған, бар, болады. Бірақ бәрі басқаша. Там вкус поэтов Того времени, и еще уникальность аманжоловского стиля – все это раскрывается, особенно, в названных произведениях. Он встал в этих произведениях во весь рост. Вот, почему я считаю его самым крупным поэтом послеабаевкого периода. И, к нашему сожалению, эта оценка по сей день остается справедливой, единственной».


Құрметті жыр сүйер қауым, бірер мақаладан соң, одан ары таңдап алынған отыз шақты өлеңді төрт бағытты ой ағынына топтап, сіздермен бірге оқимыз. «bairaq.kz» порталымен «Жұмекеннен жүз өлеңді» жібермеңіз.