Саңлақ ердің салмағы
Өнерінде деп еді –
Сені көріп, саңлағым,
Мансұқ еттім мен оны.

Тұла бойым дір етті,
ток ұрды ғой бір құйын...
Кесек ет қып жүректі
іліп кеттің, қырғиым...

Келді-ау, сірә, шабытың:
дір-дір етті саусағың.
Ақтарыл, күй, ағытыл,
Сыңғырап қал, кәусәрім.

Қайта өрледі, бір құлап
тасқа бүйір соққылап;
ақ мәрмәрді бұрғылап
бұзып аққан көк бұлақ.

Сырғиды, әне, сырғиды...
Шерттің-ау сен бір күйді:
Көмейімен бұлбұлдың,
тырнағымен қырғидың.

Шалып шертер саусағы
Шыдамыңды тауысады:
Өзі – күйші,
өзі – қыз...
ал мақтамай көріңіз.


Осылай деп келетін «Күйші қыз» өлеңін оқып жүрміз, жаттап алғанбыз. Басқа өлеңдеріндегі сияқты емес, бұл өлеңдегі өлең құрылысы, шумақтары, ұйқасы, суреттеу тәсілі дәстүрлі өлеңдерге біршама жақын. Оқығанға кейде дүлдүл, дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасының сарыны да байқалатындай.
Қыздың күйшілігі, күйге балқыған бейнесі - өлеңнің де талшыбықтай солқылдаған сипатын жасайды. Ал тыңдаушы біз болсақ екі бірдей сұлулықтың қабаттасып кеткен сәтіне көз қарықтырамыз. Өлең жеті буынды, ойнақы түседі. Күй секілді, онда да қыз тартқан күй сынды қыбыңды қандырады.


Ал енді:
Өзі – күйші,
өзі – қыз...
ал мақтамай көріңіз,


- деген тұсы әзіл секілді. Шын мәнінде, бұл – енді екі бірдей сұлу құбылыстың қатар көсілген, жарысқан, жарасқан сәйкесімі.
Біз бұл өлеңді бұдан ары талдамай-ақ, сөзді Жұмекен ақынның өзіне бергіміз келіп отыр:


«....домбыра бұрынғыдан да қоңыр, бұрынғыдан да мұңды сөйледі. Жас қыздың онсыз да сұлу жүзі, тіпті, құлпырып, гүл-гүл жайнап сала берді. Иегінің ұшы мен екі қасының аралығында әйнек үгіндісіндей ұсақ-ұсақ тер тамшылары жылтырайды.
Әдемі, мүсінді мұрны қусырылып барады.
– Әй, көп жаса, жаным!
– Өнерің үстесін!
– Бақытты бол!
Сүйсінуден, гөрі, таңданудан жарыла жаздап отырған жұрт шу ете қап, тез тынды.
Өзі жап-жас, өзі қысқаяқты адамның осынша күйді біліп, орындағаны өз алдына, талғап, танып тартуы, әр пернеге, әр дыбысқа өзін сарқып беріп, жүрек жылуының соңғы тамшысына шейін тыңдаушы құлағына сығып тамызып отырған қыз күйшіге сүйсіну де, таңдану да артық емес-ті. Ауық-ауық талпынып басылып, ұмтылып, қайтып тұрған екі төмпектің ар жағындағы кішкене көкіректің тым ерте жиған осынша мол қазынасы тыңдаушыны қайран етті: Алдарындағы осы бір бүлдіршін кереметтің бүкіл ішкі сарайы лап етіп, бір-ақ күйіп кететін сияқтанды...»


Жұмекен «Ақ шағыл» романында Талжібек деген күйші қызды осылай сипаттайды.
Бұл біз таңдаған өлеңнің қарасөз түрі, немесе ақ өлең үлгісі. Себебі: екі мәтін де бір жүректің тебіренісі, бір жанның түйсінуі, бір көңілдің сүйсінуі.
Әйтсе де, ырғақ, екпін, музикалық үйлесім өлеңде анық байқалады.


Өзі күйші,
Өзі қыз.
Ал,
Мақтамай көріңіз.