Мен ғашықпын, маған ғашық емес ол,
Білмейлі әлде, жек көріп те, сүйіп те?
Мен сияқты бойы аласа демесең,
Ойы, сірә, менен гөрі биікте.

Мәз болсам да қиялдағы елеске,
Жас баладай көкке қарап қуанып.
Көңіл шіркін, төзбес мұндай егеске,
Үй алдынан өтсе күнде су алып.

Жастық шақтың бақшасына түсті алдап,
Жылы сезім баурай берді мені ептеп.
Шыдамымды ұрлайды да мысқалдап,
Әкетеді күнде үйіне шелектеп...


Жұмекен Нәжімеденовтың сонау жастық шағында жазған махаббат лирикалары да өзінше қисынмен, басқаша бояумен келеді. Ақын Темірғали Көпбаев топтап, «Қазығұрт» баспасынан шыққан 7 томдық толық жинағының тұсауын кесіп жатқанда спикерлердің біразы әйгілі ақынның шығармаларына сөз арнаған көрінеді. Солардың ішінде Сауытбек Әбдірахманов:


«Жұмекеннің замандастарынан бірнеше мықты ақындар шықты», - деп Мұқағали, Қадір, Тұманбайдан бастап ақындар тізімін жасайды. «Осылардың бәріне жастар еліктейді. Солардың ырғағына, сезіміне, ойлау тәсіліне салып өлеңдер жазады. Сол мықты ақындардың қатарында осы Жұмекен де бар. Бірақ Жұмекен ешкімге ұқсамайтыны сияқты, оған да ешкім еліктей алмайды, ұқсай алмайды. Мен Жұмекенге ұқсап, ұқсатып өлең жазған ақын көрмедім», - деген көрінеді.


Біз де Сәкеңнің бұл сөзіне қосыламыз. Сізбен бірге оқып отырған мына шумақтарға қараңыз. жұртқа ең жақын, поэзиядағы ең жиі жырланатын махаббат лирикаларының өзін Жұмекен елден өзгеше жазады. Себебі: Жұмекен жұрттан өзгеше ойлайды, өзге қырынан келеді, өзгеше теңеулермен тебіренеді. «Менің көршім» деген өлеңінде бала махаббат туралы сөз қозғалады.


Мәз болсам да қиялдағы елеске,
Жас баладай көкке қарап қуанып.
Көңіл шіркін, төзбес мұндай егеске,
Үй алдынан өтсе ол күнде су алып.


Бұл өлеңде қимыл бар. Көршінің қызы су тасып жүр, ол-дағы бүлдіршін.


Жастық шақтың бақшасына түсті алдап,
Жылы сезім баурай берді мені ептеп.


Жастық шақтың сезімі алдаған сияқты, шелегіне толтырып алып қойған секілді. Осылай келеді де:


«Шыдамымды ұрлайды да ол мысқалдап,
Әкетеді күнде үйіне шелектеп...»


- дейді. Су тасыған шелегімен көршінің бүлдіршін қызы, бозбаламен бойы қатар қыз, сүю немесе жек көру сезімдері мүлде байқалмайтын қыз көрші бозбаланың шыдамын шелектеп тасыған сияқты. Шыдам деген өзі қанша шелек еді? Бұл жолдарға сіз ерекше бір сезіммен қарап отырасыз.
Осындай топтамалар арасында мынадай бір екі шумақтық өлең бар:


Байып қалдым, қиялға да жарыдым,
Бәрібір сол тарқамады бір құмар.
Біреу менің,
Мен біреудің жарымын –
Не жөнім бар мұны сізге сыр қылар.

Қай жүйрікті жаяу қуып жетемін,
Маған өмір босағасы тиіпті.
Сүйем деймін, сүю менің не теңім,
Өзім бола алмаған соң сүйікті.


Махаббат лирикасына қалам тартқандар ішінде осындай соңғы екі жолды кім айта алар?! Сүю керек-ау, сүйіспеншілік болады-ау, шіркін. Бірақ өзің сүйікті бола алудың биігінде, тазалығында, сезімінде, тұғырында тұрып сүйе алар ма едің?! Алдымен сүйікті болу, ол– нағыз тазалық, тағы не өзі?
Жұмекеннің өлеңдегі һәм өмірдегі ұстанымы – тазалық. Осы топтама ішіндегі тағы бір махаббат өлеңіне де тоқтала кетейік:


Айықпаған кезім еді ол – көңіл мас,
Сәлемдескен қолыңды ұстап «қош дедім».
Сөндіргенше үмітіңді сенің жас,
Өзім неге сол арада өшпедім!..

Кешір, қалқам! Кешірерсің – білемін,
Табарсың сен үкімін де шешімін.
Бірақ сендік мына менің жүрегім,
Жүрегімнен ала алмаспын кешірім!


Мұндай өлеңдерді оқыған соң ондағы ой мен қисынға қарап аз кем үнсіз отырмақ керек. Біз талдауға арқау етіп отырған Сауытбек Әбдірахмановтың сөзін ақынның өзі де дәйектейді.


***


Еліктеу табиғатқа жаңалық па,
Көлбеңдеп көл еркесі көгімде жүр.
Мен саған ұқсамаймын, маған ұқса –
Ұқсастық керек болса тегінде бір!...


Көл еркесі аққу шабыт көгінде болғаны анық, еліктеу түк те жаңалық емес. Жұмекеннің анты – ешкімге ұқсамау. Шорманның Мұстафасы айтпақшы «Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса» дей ме?