Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкірегіме қонады.

Бұлақ-мезгіл сырғыса,
Мен тамырға тараймын.
Сынып түссе бір бұта,
Қабырғама қараймын.

Уа, туған жер шүкірсің!
Топырағыңа киелі
Бір есуас түкірсе,
Ол – бетіме тиеді...


Бүгінгі оқуға 7 буыннан тұратын үш шумақ өлең ұсындық. Жарты минутта оқып өтесіз. Бірақ жарты тәлік малтып өте алмас сезім дариясына түсіп кетесіз. Өлең туған жер туралы топтамаларының арасындағы бір бөлігі ғана.


Төбемде бұлттар жарысты,
Төменде оттар жанады.
Онан ұшқан әр ұшқын
Көкірегіме қонады.


Осы тұста ақын аспан мен жердің арасында жүрген секілді; бұлт пен топырақтың ортасындағыүлкен кеңістік сияқты. Төбесінде – бұлт, төменде – туған жердің оттары. Оның әр ұшқыны келіп ақын жүрегіне қонақтап жатады.


Бұлақ-мезгіл сырғыса,
Мен тамырға тараймын.
Сынып түссе бір бұта,
Қабырғама қараймын.


Туған жердің төсінде бұлақ сырғиды. Бірақ ақынның бұл жерде айтып отырғаны МЕЗГІЛ, бұлақ емес. Мезгіл өткен сайын көркем, терең жырлары - сезімдері жүректерге орнығып, тамырларға тарайтынына сенімді кісінің сөзі ғой - бұл. Ақын жанының алқабында ақбұлақ мезгіл сырғып жатқанын қараңыз.
Өлеңнің жетінші жолынан ақын мен туған жер – бір бүтін, параллель картина құрайды. Қараңыз: туған жердің бір бұтасы шырт етіп сынса, ақынның бір қабырғасы да сол сәтте үзіліп кеткендей.
Келесі шумақта ақын өзінің бар болмысын өзін туған қасиетті топырақпен біртұтас сезінеді.


Уа, туған жер шүкірсің!
Топырағыңа киелі
Бір есуас түкірсе,
Ол – бетіме тиеді...


Бұл енді былайғы Жұмекен. Өлеңді Жұмекенше аяқтау, Жұмекенше түршігу, Жұмекенше түйсіну осылай көрінеді.
Өлеңді баяу бір сезіммен оқып отырып «Бір есуас түкірсе, Ол – бетіме тиеді...» деген тұста селк етесіз. Сөз қуаты тамырларыңа тарап, туған жердің бетінен ақынды - оның ойлы, парасатты жүзін көргендей боласың.
Туған жерді, оның әр сүйемін өз бет жүзіндей көру – Жұмекенге тән ойлау. Бұл – Жұмекен поэзиясының ерекшелігі.
Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңінде:


«Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын»,


- деген жолдар бар еді. Осы шумақты кейде іштей қайталап оқып жүретінмін. Жұмекеннің мына үш шумағы, оның болмыс-бітімін тұтас еткен, туған жер мен адамның бет жүзін тұтастырып жіберген үш шумақ Абайдың осы өлеңіндегі қисынға, ішкі сезімдерді қиыстыруға ұқсап келетін секілді. Салыстырма үшін Абай шумағын да талдап өтейікші:
Абайдың төрт жол өлеңінде де теңеу мен ойлау қабысып, ішкі сананың суреттерін қат-қабат қояды. Жеп-жеңіл оқылғанмен санаға салмақ түсірерлік сан бояулы картина.
«Көңілдің күйі» бұл өзі кейде адамның ішінде, кейде сыртында жүреді - ау.


«Көңілдің күйі тағы да
өмірсіз жанның алды ішін»
(Осы жерде «өмірсіз» болу өлу емес болғаны).
«Аударды өлең жағына
Нәпсінің сынған «қайғысын».


Ақынның ішіне түскен «көңілдің күйі» оның қайғысын өлеңге аударды. Онда да «нәпсінің сынған қайғысын» (қайғының да сынығы мен бүтіні болғаны) енді төрт жолды қайта оқыңыз. Абай оқырман санасын төрт жолдан төрт тарапқа тартады. Жұмекеннің мына үш шумағы да дәл осы кейіпті. Туған жер төсінде елеусіз түкірініп өтіп бара жатқан «есуасқа» дейін елес беретін үш шумақ оқуға жеңіл, ойға ауыр.
Біздің осы оқып отырған өлеңімізге, осыншама асыл сезімдерімізге назар бөлмейтін, тебіренбейтін «есуастар» ол заманда болған. Бүгінде олардың қатары азайған жоқ. Ендеше өзіңізді Отан топырағымен, ұлан-байтақ даламен біріктіре ойлап көріңізші... бүкіл даланы мезгілімен, самалымен, желімен, онда жанған оттарымен өзіңізді біріктіріп ойлаңызшы...
Сіз дәл қазіз жұмекенше ойлап тұрсыз.
Жазира даламыздың бетінен ақынның дидарын - Жұмекеннің жүзін көріңіз.