Жылжиды түнім, жылжиды,
Бу-айдында гүл жүзді.
Көкжиек-обыр қылғиды
Төбемнен өткен жұлдызды;

Батады жұлдыз,
кәрі апан
Батысқа аунап түсті бір.
Қараңғы, жарық таласқан –
Төбемде оттар,
үсті іңір.

Кетеді ой кейде түңілтіп,
Алдайды кейде арманмен.
Бітірмесем бүгін түк,
Ұяламын-ау таңнан мен...


Біз осыдан бұрынғы өлеңдерде күн бүкіл бояуын жинап алып қыр асып кеткеніне, ақ бұлақтың көк тасқа жалаңаш ұйықтағанына назарымыз түскен. Келесі өлеңде түннің мақпал кең балағын сезіп, онан құс жолының өрнегін байқап едік.
Қазіргі оқып отырғанымыз таң сәрі. Ақын санасындағы сүреттер де түн қатып, таң асып келеді. Бәрі де бір тартар тұйғын өлеңдер. Біз алғашқы өлеңдерде «Екінті мен ақшамның» арасын және «мақпал түнді» сөз арасынан сұлбалап алғанбыз. Ал келесі талдайтын өлеңіміз – жылжып бара жатқан түн, сырғып бара жатқа жұлдыз туралы. Бұл өлеңде де Жұмекеннің өзгеше ойы мен болмысқа қарау бұрышы басқа тұста екенін байқайсыз. Өзің қарашы оның таңы жұлдыздарды жұтып жатады - қылғиды. Бүкіл жұлдызды көкжиектен шығып келе жатқан сәуле сөндіреді. Оның бәрі ақын Жұмекеннің төбесінен өткен жұлдыз болатын.
Ал аспанның батыс шетіне кәрі апан аунап түседі. Қараңғы жарықты басып, төменде оттар жанып, төбеде іңір тектес ақ пен қараның айқасы басталады.
Ақын көзі осының бәрін бір жіпке садақтай қиыстыра түсіп, таңның атып келе жатқан қозғалысын көрсетеді.


«Кетеді ой кейде түңілтіп,
Алдайды кейде арманмен.
Бітірмесем бүгін түк,
Ұяламын-ау таңнан мен...»


Таңнан ұялу, уақыттан ұялу – әрбір талант пен өз өмірінің әр сәтін бағалайтын кісінің түйсігі және сезімі. Шығыста өткен - Омарғазы Айтан деген ақын «Өлеңсіз өткен бір күнім – қиянатым өмірге» деп жазып еді. Міне, 60 жыл бұрын Жұмекен де уақыттың әр таңына тура қарауға, уақыт алдында ұятты болмауға құлшынады.
Жұмекеннің замандасы Қадыр Мырзалиевтің кейінгі уақытта берген бір сұхбатында:
«Жатарда төсегімнің басына Қаламмен қойған парақ тәңертең ақ қалса сол ақ қағаздан ұяламын», - дейтін сөзі бар еді.
Мұндай ұялу, мұндай сезім, мұндай түйсіну – таланттардың ісі.
“ЖҰМЕКЕННЕН ЖҮЗ ӨЛЕҢ” оқуды төрт курстық бағдарлама десек, біз соның алғашқы курс, алғашқы маусымындамыз деп біліңіз.
Біз Жұмекен оқуларын қалыптастыру үшін ол сөзбен салған табиғат мезгілдерінің суретін, алғашқы көркемдік пен түйсіну жүйесін бірінші апталыққа қойдық. Солайша, оқырманымызды жеңілден ауырға, аздан көпке, қысқа өлеңнен дастанға қарай икемдеуді меже етіп отырмыз.
Алғашқы апталық талдауларда Bairaq.kz порталымен бірге Жұмекеннің шағын әрі шымыр өлеңдеріне назар салыңыздар!