Тау түнерді – мен де міне түнердім,
Су күледі – мен де қазір күлемін.
Бұлт жылайды – мен де жылай білемін,
Бұл мінезді өзгеге де тіледім.
Тау қарайды – мен қараймын түк ойсыз,
Сіз де қазір әлденені тілейсіз.
Тілейсіз де күрсінесіз, жүдейсіз,
Жүдемейді бірақ анау дүлей құз.
Тау – көңілді, самал желпіп қалады,
Қандай кеуде жұтып тауса алады!
Қараңдайды түннің мақпал балағы,
Балағында «құс жолының» жолағы.
Тау сезбейді, қаламайды сезімді,
Сезбеу үшін ол мәңгілік көз ілді.
Тау төзеді – мен де ұнатам төзімді,
Әйтпегенде жек көрер ем өзімді.
Жұмекен шығармаларының бастапқы «Алматысынан» кейін біз кештің батуын және ымырт жабылар уақыт қозғалысын суреттеген көркем өлеңін талдағанбыз. Енді міне түн сипатын суреттеген өлеңін әдейі ұсындық...
Тау түнерді – мен де міне түнердім,
Су күледі – мен де қазір күлемін.
Бұлт жылайды – мен де жылай білемін,
Бұл мінезді өзгеге де тіледім.
Тау беткейінің түнгі сұлбасы, бұлақ сыңғыры, бұлт жауғаны - түнеру, күлу, жылау - өзін табиғатпен орын ауыстыра түйсіну “меннің” негізгі қасиеті.
Табиғаттың бүкіл мінезін, бүкіл құбылысын өзіне ғана емес, өзгеге де тілеу – Жұмекенге тән мінез.
Тау қарайды – мен қараймын түк ойсыз,
Сіз де қазір әлденені тілейсіз.
Тілейсіз де күрсінесіз, жүдейсіз,
Жүдемейді бірақ анау дүлей құз.
Кісі тілегін сезе қояр, бере қояр “тау” қайда? Күрсінгеніңіз содан.
Қабыса шендескен түп - түсінікті төрт жолдың өзі. Өзгеше көркем, оюлы, ойлы шумақтар. Байқағанға мінсіз қиысып, сырты шымыр ұйқасқан “айналасы теп-тегіс жұмыр”(Абай) шумақ.
Тау – көңілді
самал желпіп қалады,
Қандай кеуде жұтып тауса алады!
Тау соққандай самал толқынын және оны аңғарына тартар тау кеудесін сезіңіз.
Қараңдайды түннің мақпал балағы,
Балағында «құс жолының» жолағы.
Бұл енді біз күткен - жұрт Жұмекеннен күтетін тосын сипат - тың метапора. Кең балағы қалбаңдап, қасымыздан өтіп, таудан аттап бара жатқан түн қимылы. Әлгі балақтан құс жолының жолағы ою зер сынды жылтылдайды. Бүкіл табиғат – аспан, дала уақытпен жарысып, ақынның жан жүйесінен өтіп жатады.
Мұндай теңеу мен кейіптеу негізінде, ақынның шабыттынан, ойлау ауқымының арнасынан туады.
Тау сезбейді, қаламайды сезімді,
Сезбеу үшін ол мәңгілік көз ілді.
Тау төзеді – мен де ұнатам төзімді,
Әйтпегенде жек көрер ем өзімді.
Осындағы "тауды" әр нәрсеге балап, әр бейнеге ауыстырып түсінуге болады. Біз алдағы уақытта – Жұмекеннің тауды қалай кейіптейтінін, қандай құбылыстың орынына қоятынын, халық пен тауды қалай біріктіретінін өз алдына талдаймыз. Ал қазір тау ұйқыда, тау төзеді, сол сияқты ақын да төзімді. Оның төзбеске амалы да жоқ.
Ақын өмір сүрген заман – ішкі күрестің, ар күресінің, жан күресінің, рух күресінің заманы болған. Оған төзген кісі, өзіне сенген кісі, одан үміттің балапандарын шайқап ұшырған кісі ғана сақталады.
Ақын бұдан былай да ширек ғасыр бойы осы төзіммен, осы үмітпен туған жерге ізін қалдырып, поэзияның өзіне ғана тән алып әлемін жасайды. Біз осынау жүз өлең жобасында қазірде сол әлемінің есігіне енді жетіп, енді ғана қағып тұрмыз.
Ақынның өлең өлкесіне бірге кіріп, бірге оқиық!