Қандай міндет артар едің, жаңа күн,
Көктемеде бүр жарсам мен ашылып.
Бір ғажайып бәйтерек боп талабым,
Бұтағыңа ұя салар жас үміт.

Жолаушы едім, үмітімді қуған ем,
Мені сенім, сенімді мен әлдилеп,
Шаршармын мен, сонда-дағы, туған ел,
Бір бұтаңа сүйенермін қалғи кеп...

Жортармын мен күн-түн қатып сабылып,
Қалар алыс бұйра тозаң бұлдырап.
Тыныстармын аспан бұлтын жамылып,
Ай астында ақ бұлақ боп сылдырап.


Қазірге дейінгі Жұмекен шығармаларынан талдап отырғанымыз – ақынның жиырмаға енді шыққан кезінде жарық көрген «Балауса» кітабынан алынған өлеңдер. Біз ақынның ширек ғасырдан астам шығармашылық өмірін түу бастағы көмбеден шыға берісінен тартып, соңғы көсіле шапқан кезіне дейін біршама талдауды мақсұт еткенбіз.
Алдыңыздағы өлең – бірінші кітаптың соңындағы өлеңдер.


Қандай міндет артар едің, жаңа күн,
Көктемеде бүр жарсам мен ашылып.
Бір ғажайып бәйтерек боп талабым,
Бұтағыңа ұя салар жас үміт.


Үш шумақ өлең. Онда ақын бүкіл кеңістікпен, өзіне тиесілі уақытпен, туған топырағымен сырласады. Бәйтеректей талабын сезінеді. Өзінің сенімін жас үмітіне серік етеді.
Біз ең бастапқы өлеңдерінің бірінде Зейнолла Қабдоловтың таңдана талдауымен «желдің бұтаға сүйенетінін» айтқан едік. Ол бұл өлеңінде сол бұтаға өзі сүйенеді әлде, оның қалғыған қиялы келіп таянады.
Жастық шаққа тән тақырып – ақынның арман-мұраты.
Күн-түн демей жортатын ақын рухы, сенімі, үміті. Аспан бұлтын жамылғы, желең етер желдей жүйрік көңілі.
Бұл – жас ақынның арман-мұратын жырлайтын сәті. Жиырмадағы жігіттің құлаш ұрған сезімі, соған жеткізетін өзіне деген сенімі, бәрі-бәрі сөз түбінде тұнып тұрды. Бұл - жас Жұмекен мақсұтының кеңістігі.
Өлеңді бірнеше мәрте қайталап оқып, әр шумағына, қисынына, ондағы кеңістік пен ауқымға назар аудара қарай көріңіз.


Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен?
Батырлық па?– Өз төрімде күтіп алам, түнетем.
Байлық болса қулау болар, тура қара көзіне.
Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.

Қайғы болса артында оның қуанышы бар шығар,
бірі кірлеп, бірі жуып кеудем менің аршылар.
Бақыт болса, денем әлсіз көтере алман (өз ойым)
арман болса өмір-бақи арқалайын, төзейін...

Адалым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл хош,
түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонын шеш.
Шындық болса кілем төсе, дастарқаным жаямын,
жалғандық па – тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын!


Біз «Жұмекен осынша сенім мен мұратқа, осыншама арманға қандай сертпен келіп еді» деген және «сол сертке қаншалықты берік еді» деген сұрақтар аясында тағы бір өлеңін ұсына отырып, оны ақынның досы Әбіш Кекілбаевтің талдауымен ұсынамыз:


«Біз Жұмекеннің тұңғыш өлеңінің өзі-ақ сол кезде қай қауақ басты да қапысыз жайлап алған тоталитарлық сана мен тұрпайы әлеуметшілдіктің көбесін сөге келгенін жоғарыда айттық. «Балауса» атты тұңғыш кітабы шыққанда әдебиетімізге қосылған соны құбылыс ретінде атағандарды сол кездегі сын күпінің битіндей талап, маңдайы жарқырап тұрған жаңа талантты жәй әшейін көптің бірі ретінде көрсетуге тырысқан-ды. Енді, міне, сол автордың 1996-1997 жылдары жарық көрген үш том жырларын сараптап көріңізші. Әлгі айтылған антитоталитаристік бағыт ең алғашқы кітабынан, көз жұмғанда үстелінде қалған жарияланбаған жырларынан құрастырылған, өзі көре алмай кеткен соңғы кітабына дейін желісін үзбей жалғасып жатқанын байқайсыз. 1961 жылы шыққан «Балаусаны» бүгін ақтарыңызшы: қайсысынан балғындық пен олпы-солпы қарабайырлықты таба алар екенсіз?! Ал сол кезде шыққан басқа кітаптарға көз салыңыз: Жұмекенге тән атымен сонылық, атымен тосындықпен қоса, пайымдық тұтастық, қапысыз көркемдік, суреткерлік даралық қаншалықты көзге ұрып тұрар екен?! Тұңғыш кітабының өзінде бір фальш жоқ.
Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен?
Батырлық па?– Өз төрімде күтіп алам, түнетем.
Байлық болса қулау болар, тура қара көзіне.
Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.
Қайғы болса артында оның қуанышы бар шығар,
бірі кірлеп, бірі жуып кеудем менің аршылар.
Бақыт болса, денем әлсіз көтере алман (өз ойым)
арман болса өмір-бақи арқалайын, төзейін...
Адалым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл хош,
түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонын шеш.
Шындық болса кілем төсе, дастарқаным жаямын,
жалғандық па – тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын!
Ж. Нәжімеденовтың ақындық, азаматтық кредосы. Содан бері жарық көрген шығармасында, әлгі тұрғыдан, «аяғын сүртіп шықпаған» бірде-бір шумақ жоқ».
Ол - шығармашылық жолын сонау алпысыншы жылдары бастағандар түгілі демократиялық үрдіс әлемдік дәрежеде өрістеп жатқан қазіргі заманның өзінде жаппай тәуекел ете алмай тұрған рухани максимализм еді. Дүниедегінің бәрін бір етікке тығатын саяси тотолитаризм дәурен құрып тұрғанда тырнақтай фальш жібермейтін шыншылдықты талап ету өзіңді-өзің сират көмірге сүйрелеуге барабар жанкештілік еді».


Өз замандастары арасында Жұмекен Нәжімеденов туралы, оның терең тынысты шығармалары туралы толғанып, оған шынайы бағасын берген кісі – Әбіш Кекілбаев.
Біз Әбекеңнің Жұмекен көзі тірі кезінде кітаптарына жазған алғысөздерінен үзінділер, цитаталар алып, оған жүгініп отырамыз. Әбішке - оның Жұмекен туралы толғанысына қарсы пікір айтар кісі бола қоймас.
Біз ақынның «Балауса» кітабындағы елу шақты өлеңінен он шақты өлеңіне талдау жасадық. Алдағы уақытта басқа кітаптарындағы ойларына, поэзиялық иірімдеріне, арман-мұратына, тіл сиқырына сізбен бірге үңіле түсеміз.