орып,
Бұлтияды төс-етің...
Менің мұртым сұлыдан
Тікендірек десетін.

КЕШ

Кеш қараңғы, кеш секілді кәдімгі,
Бәлкім бұл күн кеткенімен жоқ болып
Соғатұғын шығар қайта оралып
қабырғаға резеңкі доп болып?

Ақ қар болып бәлкім өткен жылғы бір,
Ақ қала боп ауламызда домалар?
Бәлкім сәби күлкісі боп сылдырап
Кәрілердің ерініне оралар?

Бәлкім гүлдің ғұмыры боп қып-қысқа
Оралар ма бағымызға тоңбайтын?
Әлде нәзік сезім болып келер ме
Енді қайтып мына менде болмайтын.

ПРАГА ЖАҢБЫР САУСАҚТАРЫ АСТЫНДА

Жоқ,
Мұны ешкім,
ештеңе түсіндіре алмайды,
Сұлулық та, стиль де құр жылтырап алдайды.
Көпірі де Карлдің, алаңдары да, пірің де,
Ескі, жаңа Прага күні-түні гүрілдеп,
Бере алмайды ештеңе, айта алмайды ешкім де.
Өйткені бұл келмейді көруге де, естуге.
Жоқ,
Мұны ешкім,
Ештеңе түсіндіре алмайды,
Праганың көркі де, ескі аңыз да – алдайды.
Мұндай – жердің жүзінде болған емес,
Болмайды.
Талқандап та сен оны жоя алмайсың, бәрібір
ол – мәңгілік,
Таңданып тоя алмайсың бәрібір.
Өлеңі оның күрделі,
түсінгім кеп түсінем,
Түсінгендей сұлуды ғашық болған кісілер.
Мүмкін емес суреттеу,
Не көшіру айнытпай,
адам түгіл, көркіңді
аңырады айна ұқпай,
Еш айнадан мен сені тани алман!
Мәңгілік
қайталайтын көрікті айна да бір жаңғырық
Жоқ,
Мұны ешкім,
Ештеңе түсіндіре алмайды,
Бейнелі тіл, бояу сөз құр құбылып алдайды,
Өз құпияң - өзіңде,
табиғатың – тылмысың,
Айта алар ма толғанса бір сәтіңді жыршы мың.
Шаншыла кеп қонғанын шарбағыңа бір құстың
Жүз бояуын ауланың,
Мың дыбысын тұрмыстың,
Шақырғанын дауыстап ана байғұс баласын,
Велосипед мінгенін боздақтардың таласып,
Трамвайдың сырғуын төбесінен от ұшып,
Сыпырғанын пенсионер қалтарыстың қоқысын,
Күңк-күңк етіп кемпірлер сынағанын жас қызды,
Талай жаңа тақаны тоздырғанын тас біздің.
Естілгенін көшеде чех сөзінің әнше әсем,
Сонша қиын бейнелеу ақын болсаң қанша сен.
Әйел, еркек дүкеннен шықты, әнеки, таңдана –
Мен солардың бірімін,
Артықтығым – сәл ғана.
Керек емес ештеңе, -
Іздегішпіз біз кей күн.
Не таппасам, Прага,
Соны сенен іздеймін.
Бүгін түсте тудың сен, жасың бірақ көп ғасыр,
Машинаңмен, бағыңмен бір дөңгелеп тоқташы.
Тілегім бар жалғыз-ақ:
Тілің болсам деп едім,
Ешкім түсінбейтұғын
Үнің болсам деп едім!
Болсам деп ем жалғыз тіл қоңырауыңа жүздеген,
Жаңбырыңа үн болсам - өзге бақыт іздемен!
Тілің болғым келеді,
Тілің болу – арманым,
Сөйлесе ғой менімен қоналқың мен бағбаның.
Шоферлерің әзілкеш,
Монақ-қыздар біледі
Тұрса бірі мені нұсқап көрсетіп:
«Жылан сын-ды екі айыр, - деп, - тілі оның»
Келед менің тіл болғым,
Салағың мен бөспеңе,
Спортзалдан шықпайтын чемпион атты кещеңе,
Қуыршақ театрыңа,
Тұмауыңа бітпейтін,
Батыр, жағымпазыңа,
Қорқағыңа «құп!» дейтін,
Шұжығың мен гүліңе,
Тойларыңа бар аты,
Століңе тоқыма,
Мұнараңа дарақы...
Келед менің тіл болғым,
Телефоныңа ондаған,
Ұстазыңа күйгелек,
Шәкіртке түк қонбаған,
Көпіріңе, Влтава
Үндемейтін біліп көп –
Дачасы жоқ демалыс,
іші пысқан жігітке
Мен тіліңмін, Прага, шығып кеткен кенеттен,
Түсімде де өзіңе қызмет етем демеп пе ем.
Көрін маған түп-түгел
Көлеміңмен, көгіңмен!
Көзбен талай көріп ем,
Көрейінші көңілмен.
Тілегім тек жалғыз-ақ: өзгермесін қалыбың,
Айналайын алыбым, жаңа ғана таныдым.
Көрін маған көгілдір көлеміңмен айнымай,
Көрін маған мен сүйген өлеңнен айнымай,
Мен өсиет етемін келер ұрпақ, Прага,
Тауап етер тасыңа нелер ұл тап, Прага.
Әйтеуір сен есіңе мені аларсың бір күні,
Жаңбырыңмен себелеп, бұлттарыңмен жыртылып.
Тереңінде сезімнің мөлдірі боп тұнып ең,
Өз қаласын о байғұс сүйді ғой деп шынымен,
Үйретті деп өзгеге жылап тұрып сүюді,
Сынап тұрып сүюді;
Бақытты жас!
Сырыңды аш, жеріңді өңде, тас қаша,
Праганы сүй сонсоң – сүй бірақ та басқаша.
Күл, Прага,
Не жыла, боялсын тас-омырау,
Мен өлгенде дабыл қақ,
Жамырасын бар қоңырау!
Барады ұшып уақыт, гауһарларын уатып
Параганың көзіне жұлдыз етіп тұр атып.

ЖЕЛ-ДИІРМЕН

Тымықта әрең қозғалды
Алыс желді аңсап аса,
қолқанат тас-шыңға біткен,
Ұмтылады жанталаса.

Қанаты кейде ескек сынды,
Алақанын жайып алады дем,
Кім соқыр болса соның жүзін
Сипайды жаздың самалымен.

Қалақтарын крестеп ап,
Тұр бәріне мойынсұнып.
Түн ауғанда бір келермін
Саған,
тағдыр ойыншығы.

Сенің сөзің шырылдауық
Шегірткенің сөзі сынды.
Жалбаңдайсың жел алдында
білмеген соң өз ісіңді.

Сен – хабаршы өлімге де өмірге,
Өткенді аңсап жыладың босқа, алдандың.
Жеңіс тілегеннің жайылған алақанысың,
Қанатысың орындалмайтын арманның.

ЖАБАЙЫ ҚАЗДАР

Ауыл тұр момын баяғы,
Баяғы құстар, баяғы үй.
Басса арба баяғы өлеңге,
Ұшады қаздар төбеңде.

Он екі қаз жүр,
Қаз дауыс
шығарып салып жазды алыс.