Жеңіс Қашқыновтың "Дихан мерейі" атты жинағының қолжазбасы жайында
Жинаққа енген шығармалардың қай-қайсысынан да автор бүгінгі заманды, бүгінгі адамның қоғам алдында атқарар борыш-парызын, Коммунистік партия мен Совет мемлекетінің адамға деген ұлы қамқорлығын жыр етеді, ойдың, өлеңнің түйіні ылғи да осы бағыттта өрбіп отырады. Автор, нені болсын, қоғамдық көзбен көреді, қоғам тілімен жырлайды.
Әлем пролетариатының ұлы көсемі В.И.Ленин жайында қалам тербемеген ақын – осы ғасырда кем де кем-ақ шығар. Жеңіс те Ленин туралы поэма жазыпты.
Соғыстың кезі,
Ельбаның мұңды жағасы.
Оқ-дәрі исі,
Көк пенен жердің арасы.
Қап-қара түтін,
Қымтанып (?) алған оранып,
Германияның
Ейсмбен деген қаласы.
Поэма осылай басталады. Шығарманың өнбойына өзек болып тұрған – Лениннің қоладан құйылған ескерткіші. Сол ескерткішті фашистер балқытып жіберіп, зеңбіреу құймақшы. Ганс деген бір жұмысшының басшылығымен Ескерткіш жасырылып, фашистерден аман алынып қалынады. Дастанның ұзын ырғасы осы. Автор тақырыпты жақсы таңдаған. Тақырып, сөз жоқ, көркем шығармаға өзек болуға өзі сұранып тұрған тақырып. Өлеңдік-орындалу жағы да бір сыдырғы тәуір шыққан деуге болады. Әрине, мұны бұған әлдеқайда қуатты, әсерлі жырлау ләзім еді. Әйткенмен әркімнің өз ойы, шама-шарқы бар ғой. Қанша желпінтіп, қанша көтермелегенмен, адам өз бойынан биікке секіре алмайды деседі.
Ескерткіш-мүсін,
Жатса да үнсіз шалқада (?)
Басында қалпақ (?),
Сол қолы шалбар қалтада.
Шалқасынан деген сөзді шалқада деп – қалтадаға ұйқас шығар, бірақ ұғымға симайды. «Басында қалпақ» деген де, бір түрлі құлаққа сенімсіз естіледі. Ленин қалпақ киіп пе еді деген сауда кез-келген оқушының ойына оралады хақ. Бұ секілді мүкіс тұстарды өндіріске жіберерге қарап жіберу ләзім.
Жинақтағы екінші дастан – «Дихан мерейі» – бұ да өтімді тақырып. Дихан еңбегінің мәні – еңбектің қай-қай саласы да мәнді ғой – қай кезде де зор болған. Күні бүгін әсіресе, зор: Қазір «Азық-түлік бағдарламасы» ел аузында. Соны орындау жолында бүкіл жұрт болып жұмылып жатқан кез.
Науқас ол, қалыпты тек құр сүлдері,
ал, бұрын ақ жауқазын гүл сын-ды еді.
Алдан бір жамандықты сезетіндей,
Жүрегі сәл-сәл баяу дүрсілдеді.
«сәл-сәл» мен «баяу» – екеуі де бір ұғым береді, әрі бұл екеуі сөз, тіркес ретінде бірін-бірі әлсіретіп, тіпті жойып, жуып тұр.
Әлім мен Андрей – ежелгі достар, екеуі де егінші. Әлгі ауырып жатқан – Әлім, ол сол аурудан өледі. Әлімнің Жанат деген баласы әке жолын қуып, ол да егінші болады, машина жүргізеді (шофер), қаттырақ жүрсем машинаға тиелген бидай төгіледі деп, «өгіз аяңмен» жүреді, бар ерлігі сол ғана.
Жалпы бұл Жанат туралы поэма болу керек еді, Әлімнің ауырғанын, өлгенін шегіністер арқылы бергенде шығарма бұдан гөрі жинақылау шыққан болар еді. Әттең, мұндайды автордың өзі сезінбесе, бөгде біреудің айтып ұғындыруы – аса қиын іс.
Туған жер, ауылыңнан ұзамайын,
Осынау шешімімді бұза алмаймын.
Қол жайып батаңызды беріңізші,
Тізгінін дихандықтың қыза алайын –
Деген шумақтағы төртінші жолды түсінудің өзі қиямет. «Тізгінін дихандықтың қыза алайын?». Бұл не сөз, не тіркес? Естілуіндегі (қыза алай) екіұштылықты былай қойғанда, мағынасының өзі тым бұлдыр. Қарау керек. «Қандай бір сенен басқа жақыным бар» деген де жетісіп тұрған жоқ. Осы тәріздес жолдар, шумақтар жиі-жиі кездесіп отырады. Қайсыбірін ғана сызып көрсеттік.
Енді жинаққа енген өлеңдер хақында бірер сөз.
Біртұтас совет халқымен
Бір сапта тұрдық от жылы.
Елімнің атақ-даңқымен
Бергенбіз жауға соққыны.
Бұл үзінді – біздің рецензияның басында айтқан ойымыздың растығына күмән келтірпейтін үзінді.
Кедейдің жырын жырлаған
Октябрь алау таңы атты. т.б.
Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, революционер Бисен Жәнекешев жайлы жырлары да саяси-әлеуметтік тұрғыдан төрт аяқтарын тең басып тұр. Бірақ Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароковты жырға қосқан тұстары азаматтық, әлеуметтік серпіннен айрылып қалған тәрізді. Әлде тақырыптың бірөңкей болып кетуінен бе, әйтеуір, бұл өлеңдер алдыңғылардай әсер етпеді.
Сүрмедік өмір
Қалқыған суда бөстектей (онша емес),
Мен – қайық болсам,
Демедің сендер ескектей (әп-әдемі).
Сырласып ұзақ
Қалушы ек біздер отырып,
Қайтпаушы ек үйге
Қас қарайса да кештетпей (?)
«Қалқыған суда бөстектей?» Неге? Суда қалқыған бөстек көзге елестемейді. Типтік жағдай емес. Бөстектей – ескектейге зорлап телінген ұйқас емес пе? Кім біледі. Ал, «Қас қарайса да кештетпей» деген тіпті үйлеспейді. Себебі, қас қараю да – кештету де – кештету.
Қайнаған көңіл,
Керегімізше қалқып ап – дегеннің де айтпақ ойы біздің шамамыздан әрегірек жатқан секілді. Тереңдік бар. Бірақ, түсініксіз тереңдік. Демек, мағынасыздық.
Жер бетін қыран құстай шарлап өтсең
Білесің көп екенін таныстардың.
Жер бетін қыран құс болмай-ақ шарласа қайтеді? Шарлау деген – қара жерде жүру (ұшу емес) қанатқа, әсіресе, қыранға қатысы жоқ ұғым ғой. Теңеу орынды болмаса – теңеудің не керегі бар. Оған қарабайыр сөздердің, тіркестердің өзі-ақ артық. Және өлең де әйел сияқты, кез-келген жеріне жылтырақ жапсыруға болмайды. Әр нәрсенің орыны, жарасатын жері болмақ.
Жеңіс Қашқынов талай жинақ шығарған тәжірибелі жігіт. Қаламы төселген, өзіне лайық қолтаңбасын тапқан, өзіне лайық оқушысына да танымал адам. Басқаша айтқанда, жұртшылық оның жетістігін көріп, кемшілігін кешіріп үлгірген. Ұсынылғалы отырған жинақ – Жеңістің көп жеңістерінің бірі ғана. Осына қарау керек-ау деген тұстардың біразына көңіл аударылды. Әрине, баспаның шағын, дәстүрлі рецензиясында егжей-тегжейлі, тіпті, бір жинақ жөнінде де, тап басып, тиянақты бірдеңе айта қою қиын. Сонда да болса, жоғарыда айтылған тұстардағы мін-кемшіліктерді түзеу дұрыс болар. Жинақ бүкіл табиғаты, топырағымен жақсарып кетпегенімен анандай жерден «мен мұндалап» тұрған кетер-бұдырлардан арылар еді.
Қысқасы, жинақ бар, баспаға ұсынуға болады.