«ЖАЛЫН», 1971–72

 

Альманах ашылғалы бергі азғантай жылдар ішінде дүниеге талай-талай әсем туындылар келді, бұрын белгісіз талай есімдер туды. «Жалын» қазір жастардың ғана емес, дүйім оқушы қауымның сүйіктісіне айналып отыр. Бұған дәлел: алғашқы саны 24 мыңнан басталған альманахтың тиражы күні бүгін 100 мыңға таяу. Алдағы уақытта бұдан да көбеймек, өспек. «Жұлдыз» журналының тиражы 214 мың ғой? Сонша оқушының «Жалында» да болуы әбден мүмкін.
1971–1972 ж.ж. «Жалында» жарық көрген поэтикалық шығармалардан М. Мақатаевтың (1971, №6), К. Ахметованың (1971, №6), Ф. Оңғарсынованың топтама өлеңдерін айрықша атауға болады. Проза саласынан мына авторларды бөліп айту жөн. Т. Нұрмағамбетовтың «Қош бол, ата!» повесі (1971, №5), Ә. Сараевтың «Ақ тымық түн» (1972, №2), С. Елубаевтың «Тарзан» әңгімелері (1972, №1), Ж. Шыныбековтың «Кербала» повесі. «Желкілдеп өскен құрақтай» рубрикасымен берілген жас ақындардың тырнақалды өлең-жырларының ішінде де үміт күттірер жап-жақсы жырлар, жол-шумақтар кезігіп қалады. Әйткенмен жаңа жас есімдерге қойылар талап әлі де жеткіліксіз көрінді. Көбіне-көп өлеңдер сараланбайды, редакцияға түскен күйінде, сол олпы-солпы, тіпті, тұтас шикі қалпында кете баратын тәрізді. Мәселен, Аманжол Қанафин деген баспасөз бетінде бұрын-соңды кездеспеген есім. «Жалында» (1971, №1) жарияланған мына өлеңін тұтас келтіруді жөн санадық.

Махамбет жырын айтатын,
Қорамсақтан жебе қолға алып,
Толғай да толғай тартатын,
Оқтаудай ақбоз жаратып,
Күміс ерді ерлеген,
Айыл-тұрман зерлеген,
Үстіне ырғып мінетін,
Атойлап жауға тиетін,
Ақ ордаға бет қойып,
Көк ала түтін от қойып,
Күлі артында қалатын,
Көк сандықты ақтарып,
Арамнан жиған мал-мүлік,
Талапайға салатын.
Көсілген Жайық бойында,
Жау десе бас боп баратын,
Көзінің алды қанталап,
Аш қасқырдай анталап,
Кеудесін қаққан төрені
Текеметтей қағатын
Күн қайда, шіркін, күн қайда!

«Исатай мұңы» аталатын осы өлеңді жұртқа ұсыну үшін әдеби аренаға жаңа есім әкелудің қажеті қанша еді?! Және бұл «мұңның» қай заманда жазылғаны, кімге арналғаны белгісіз. Топ өлеңнің ішінде жүрсе – бір сәрі, жападан жалғыз, жаңа фамилияны арқалап тұрғанда көзге тым оғаш көрінеді екен. Жақсы көретін жас жазушыларымыздың бірі Дулат Исабеков-тың «Кеш туған жұлдыз» атты повесі. (1971, №2) бүгінгі ауыл өмірін бейнелеуге арналған. Жаңа қосылған жас отау Ермекбай мен Кәмшаттың бірі-біріне деген ниет, пейілдері, кіршіксіз қарым-қатынастары бір сыдырғы әдемі көрінеді. Әсіресе айлы түн, мақта суару үстіндегі мінез-құлықтар шынайы, әдемі-ақ. Бірақ оқиғаға Бектемір араласқаннан бастап көз көре бұра тартып кетеді. Таза, бақытты отауға Бектемір бүлік боп кіреді. Ең сорақысы, Ермекбай осыны сезе, біле тұра жол береді, тіпті, бригадир болып өсу үшін қойынындағы әйелін еркімен қияды. Бұл Ермекбай сынды ақ көңіл, аңқау жігітке қолдан жағылған жала екенін айтпағанда, бүкіл шығарманың бойына зорлап жапсырылған жамау деп қараған мақұл. Автордың суреттеуінде Бектемір – жөні түзу адам. Бектемірдің қара басы да әлгі лас линияға, демек, қайшы келіп жатыр. Осы секілді кейіпкер мінезіне, кейде бір адамның бүтіндей тағдырына қиянат жасау – қолдан драма, тартыс тудыру, қасірет құрас-тыру, не мүлде тұрпайылыққа ұрыну жалғыз Исабеков повесіне тән қасиет емес. Кеңес Юсуповтың «Желқайық» (1972, №2) әңгімесінде бүтін ситуация, толқу, тебірену, қауіп-қатер – бәр-бәрі жасанды. Оқушы сезімін оятам ба, ерітем бе деген арзан үміттен туған дүние. Бір топ адам қайыққа отырып, серуенге шығады. Кенет жел көтеріледі, дауыл тұрады. Жалғыз қайық, амал жоқ, қалтылдайды. Қайықтағы адамдар, амал жоқ, қорқады. Ақыры, аман-сау үйлеріне оралады.
– Балығың қайда?
– Мен сендерге өзімді әкелдім. Бүгінгі олжам өзім, – дейді әлгі «апаттан» аман құтылған азамат. Жасандылық осы диалогтың өзінен-ақ көрініп қалған жоқ па?
Соңғы әзірде прозамызда сентиментальдік сарын жиірек байқалып жүр. Мұны біраз жұрт лирика көреді. Өтірік күйдім, жандым, уһ, аһ дегендер ешқашан лирика болған емес. Кісі иландыратын характері, өмірге, болмысқа сәйкес тірегі, деталі жоқ шығарма қашан да өлі екенін тағы да еске салғымыз келеді.
Мұхтар Мағауиннің «Қара қыз» повесінде (1971, №1) бүгінгі ғалымдар өмірі суреттеледі.
– Кім жазып бергені қалай! Осы қорғаған жұрттың бәрі Америка ашып жатыр деймісің! Ескі кітаптардан, өздерінен бұрын қорғалған диссертациялардан көшіріп алады...
– Сонда миғұла атаулының бәрі кандидат бола беруі керек пе? – Бүкіл ғылыми дүниенің сөз саптасы осы сарындас болып келеді. Обыватель-ғалымдар көп-ақ шығар. Бірақ...
Повестің басты кейіпкері Бексейіт әлгі тақылеттес ғалым. Ол кандидаттығын бір жығылып тұрып, әзер қорғайды. Кейін профессор болады. Енді оның отбасындағы көркін көрейік. Профессор Бексейітке сүйікті жұбайы Гүлжиһан былай сөйлейді:
–... Ғалымдық неңді алған сенің, сен тіпті он екі мүшесі түзу еркек те емессің!.. – Профессордың жауабы:
– Жоғал! Неше айғырдың бауырынан өтсе де жыны басылмаған кәрі бедеу? – Әрі қарай автордың сипаттамасы кетеді: «Бексейіт Гүлжиһанмен қосылғанына ешқашан өкініп көрген емес-ті. Өзін қатты бағалайтын: Сүйеніші, туған-туысқаны жоқ кезде жақын, жекжат, жаңа таныстар табуына дәнекер болды, сөйтіп, осы дәреже, осы атақ-абыройға жетуіне біршама үлес қосты. Профессионал спортшының менеджері сияқты еді. Тек сол ғана емес, Гүлжиһан Бексейітке жақсы әйел дегеннің, ХХ ғасыр әйелі дегеннің не екенін танытқан-ды.
Ләззат... ләззат... ләззат... Жер үстіндегі ұжмақ... Қызы-ғына адам баласы тіріде тоя ма. Алайда, әріптесінің (?) үнемі спорттық бабында болуын тілейтін Гүлжиһанның қатал талабы соңғы кезде Бексейітті қажыта бастаған. Ретін тауып командировкаға шығып қайтатын. Келісімен-ақ жастық жігер, жаңа күшпен өзінің зайыптық міндетін атқаруға кірісетін-ді». (29-бет). Бұ тәрізді оқушының бетін қызартатын анайы тұстардан аяқ алып жүргісіз. Мұндай шығармалардың «Жалын» сықылды ауызынан емшек сүті кеппеген сәби, пәк баспасөзде көл-көсір боп жариялануы өкінішті-ақ.
Енді бір сөз Абайдың жаңадан табылды делінген ұзақ өлеңі хақында. Ұлы ақынның туғанына 125 жыл толуы қарсаңында аяқ астынан «табыла» кеткен бұл өлеңге аздап күмән айтуға болатын сияқты. Әрине, әдебиет тарихында Абайдай ірі тұлғаның бойына кез келген жылтырақты жапсыра бергеннен сол бір ұлы адамның аруағы аспайды. Күмән айтар себебіміз де осы – Абайға жаңа өлеңді қимағандықтан емес, кез келген жаңа өлеңге Абайды қимағандықтан болып отыр. Рас, ғылым шындықты керек етеді. Әйткенмен, бір өлең үшін (сол өлеңді Абай-ақ жазсын) бүкіл бір халықтың санасындағы асқақ бейнені аласарту обал секілді.

Болыстық қылса дағы адам ғой, – деп,
Ескі закон бұларға жаман ғой, – деп...
Советник, аға-сұлтан, қазылыққа,
Жаратпайды қазақты надан ғой, – деп.

Нақ осы өлеңді Абайдың жазбағаны-ақ жақсы еді...
1) 1971–72 жылдардағы «Жалыннан» аңғарылатын бір жақсылық: аударма әдебиет. Андре Моруаның «Танатөс қонақ үйі», Анджей Чеховскийдің «Ғаламат қаруы», О. Генридің, Назым Хикметтің, Әзиз Несиннің өлең, әңгімелері альманахқа әр беріп тұр. Алайда «Озық үлгілер» аталатын бұл рубрика жиі-жиі үзіліп қап отырады екен. Альманахтың әр санынан осындай қысқа үлгілерге орын беріп отырса теріс болмас еді. Бұл оқушының әдебиетке, жалпы көркем ойға деген талғамын арттыра түспек екенін ескерсе – мүмкіндік толық бар.
2) Әдебиеттің үлкен салаларының бірі – сатира мен юморға орын тым аз тиген. Ү. Уәйдин, К. Әмірбековтың бірер «Көңіл ашарын» ғана атауға болады. Сатира мен юморды көңілашар деп қараудың өзі қате. Сатира – өмір, ол – шындық. Дүниеге әркімді бір қытықтап күлдіру үшін келген жанр емес.
3) 1971 жылы жарияланған сын мақалалардың сапасы тым төмен, рецензия деңгейінде. Тереңнен толғап, тауып айтқан пікір жоқ. Бәрі талайдан айтылып, қызылы семген ойлар. Рецензия объектілерінің өзі ұсақ, мына жолдың ұйқасы тәуір, ана жол мұндай емес секілді құйты жағдайлар. Немесе біреудің он өлеңінің ішіндегі бір нашарын ұстап алып шенеп, біреудің жүз өлеңінен бір сәтті жолды шығарып мадақтау тәрізді баяғы кері кеткен теңгермешілік тенденциясы.
СОКП Орталық Комитетінің сын туралы қаулысына орай, 1972 жылы альманах беті біраз жанданғанға ұсайды. Бірақ, үңіліңкіреп қарағанда, бұ жайдың сыртқа жылтырақ көрініс екенін мойындамасқа болмайды. Мәселен, Ә. Жәмішев, С. Әшімбаев, Б. Майтанов мақалалары шолу дәрежесінде ғана. Қазақ әдебиетінен бейхабар аудиторияға (ондай аудитория табыла қойса) оқылатын беташар лекция сынды, бізде мынандай-мынандай мүліктер бар деп, әр фамилияның шетінен бір ұстап өте шығатын кәдімгі сыпырмағайым, тұрлаусыз дүниелер. Бірсыпыра әдебиетшілер әлі күнге сын дегенді біреуді төмпештеу, не мадақтау ғып түсінетін сияқты. Сынды шын мәніндегі әдебиет талдау, тану, ғылым дәрежесіне көтеретін уақыт жеткенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеуді «Жалын» бетінен күтер ек.