Талаптыға нұр жауар

Жұмекен Нәжімеденов

Талаптыға нұр жауар

Поэзия сөзден жасалғанмен, сөзден биік тұрады. Абай: “Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз” дейді. “Қуатты ойдан бас құрап” та жақсы өлең болмауы мүмкін, гәп “еркеленіп шыққанында” жатса керек.
Не көп - өлең жайлы пікір көп. Жыр хақында жақсы да, жаман да жақсы айтуға жан салған. Бірақ бұдан жақсы өлең көбейіп жатқан жоқ, қайта сараланып, екшеліп келеді. Күні кеше мақталған өлеңдеріміз бүгін қарасақ тым жұпыны, солғын көрінеді. Әдетте жақсыны тоздыратын жақсы, жаңаны ескіртетін жаңа дейміз. Осы тұрғыдан ойлағанда өлеңге өріліп кеп қосылып жатқан жалқы ақындар да байқалмайтын сықылды. Ең соңы осыдан сегіз-он жыл бұрын аталған фамилиялар. Әзірге жұрт таныған жақсы өлеңді беріп жүрген де солар. Атап айтқанда Қадыр мен Мұқағали, солардың тұстастары. Күні бүгінге шейін поэзия жөніндегі оңды-солды пікіріміз де солар төңірігенде болып барады. Олардан кейін ақын шықпады деуден аулақпыз. Ақын бар, тіпті көп. Жыл сайын Жазушылар одағына қабылданып жүрген лек-лек жұрттың тоқсан проценті ақын. Олардың алды бес-алтыдан, соңы екі-үштен жинақ берген. Кітаптарына жазылған аннотация да, берілген тираж да бірдей, бірінен бірі айырғысыз, бәрі жас, бәрі “Отанға, туған жерге деген махаббаттарын жыр етеді. Бұлай сөйлегенде бүкіл бір ұрпақтың, бір уақыттың ақынына сыпыра сын айтқалы отырғамыз жоқ, қайта, олардың арасында да алдыңғы топқа қосылып қалған өнер шеберлерінің, бұғанасы бекіп, сын көтеруге жарап қалған кісілердің бар екенін айтпақ ек.
Д. Қанатбаевтың кейінгі жинағы “Жеті қарақшы – жеті жұлдыз”. Дүйсенбек өлеңді ойлы жазуға, алған тақырыбының күнгейі мен көлеңкесін салыстыра жырлауға тырысады, кез келген болмыстан драма, контраст жасауға бейім. Кітаптағы “Жеті қарақшы – жеті жұлдызы” негізінен жақсы өлең, тұтас дүние.
... О, жеті жұлдыз, көріндің маған сен қазір
анашым жолға арнаған
күп-күрең жеті шелпектей.
... Өзіңе қарап жатайын
Жер-ана болып тебіреніп
Түгендеп жеті мүшемді...
Өлеңнің әр жерінен алынған осы үзіндінің өзі ақынның ойлау, сөз өру тәсіліндегі өзіндік ізденісті аңғартады. Әр сөзін мұқият екшеп, мағына-мән беріп сөйлейді. Бұл ақынның өскендігінің белгісі. Алыс ұғымды жақындату, абстрактілі жайды өзіміз күнде көріп жүрген нәрсеге балау арқылы қолға ұстатады. Сырт қарағанда жұлдызды шелпекке теңеу келмейді. Осы арада өлеңді көзге ыстық қып тұрған “жеті” деген сан.
Өлеңнің өн бойында өзек – сол, “жеті”, жеті саны жайлы халық ұғымы. Бірақ, үңіле түссек “жеті қарақшы да” мінсіз емес. “Жапанда міне жатырмын жалғыз шалқамнан” – дұрыс дейік. “Топырақ ыстық, өтеді табы арқамнан”. Міне, осы, екінші жолда жырдың шыншылдық, сендіргіштік қуаты әлсіреп кетеді. Себебі, автордың суреттеуінде мезгіл түн, даланың айсыз, ашық аспаны. Бәлкім, ол жердің топырағы түнде де суымайтын шығар, әйткенмен, түннің аты – түн. Әрі қарай: “Жұлдызы әрбір қоңырау қаққан өрт арман”. Мұны ұғыну тіпті қиын. Өйткені, ұғынатын ештеңесі жоқ, сөздердің мағынасыз үйлесімі ғана. Мұндай жолдардың аржағында терең бірдеңе жатпаса, ренжітіп тастайды. Жо-оқ, бұл, қайбір жолдастардың аузынан тастамайтын “бұлдырлық” емес, астары айқын, мағынасы – мағынасыздық. Мұның бәрі тым кішкене, ұсақ ақаулар. Бірақ, жақсы өлеңнің бойындағы ұсақ мін – он еселеніп, үлкейіп көрінеді. Мәселен, “өрт арман”, “арман алаңым”, “арманның ұстап бір ұшын” деген тіркестер түгелімен осы өлеңнің ішінде.
Жалпы, “арман” деген сөзді ақындар өте жиі қолданады. Сөйтіп, сөздің бастапқы мәнін жояды. Әрине, бір сөзде тұрған ештеңе жоқ, ақынның, әсіресе жас ақынның тіліне “арманның” көп оралуын түсінуге де болады, әйткенмен, сөздің бүкіл рухпен, жан-деммен айтса – мін боп көрінбес еді. Мәселе тіл ұшымен, жансыз, қызусыз қайталанатынында жатыр. Екінші cөзбен: сөздің сыртын, сыртқы ажарын ғана қызықтау. Бір кезде біздің өлеңде: “аққу”, “аққұс”, “әппақ”, “пәк” секілді сөздер өріп кетті. Ондай жылтырақтардың өнер құнын арттырмағаны белгілі. Диуананың жыртық шапанына тағылған жалған, алдамшы әшекейдей сылдырмақтың күні өтті. Әр сөздің исін, дәмін айырмай, сыртына қарап қолдану – талғамсыздыққа апарады. Осыған қайсыбір ақындардың еліктеу-солықтауын қоссақ - сын айтпауға болмайды. Қазіргі лирикада тарихшылдық басым. Әруақ, арғымақ, батыр, дала. Жырлауға қолайлы-ақ. Арғымақпен кең далада көсілткен... қандай рақат! Бұған қай қазақтың арқасы қозбайды! Арғымақты жырлаған ақынға қай қазақ риза емес! Әттең, өлең - өлең, болмыс - болмыс. Өз басым арғымаққа да, әруаққа да қарсы емеспін, тек осы сөздерді өлеңге қосып, соны ұлттық бояу, колорит санайтын әдебиетшілерге жөнді түсінбеймін. Аталған тақырыптарға бірер сәтті жыр жазылса болды – жас ақындар еліктей жөнеледі. Олар да арғымақ, әруақ, дала жайлы қос-қос өлең өреді. Арғымақтың ық жағынан жүрген кісіні де көрген емеспіз, жабыға мінгеніміз бар. Аттың мінер жағы мен қамшылар жағын айыра алмайтын жігіттердің “Сәйгүлік баптағаны” бір түрлі сендірмейді.. Жалпы, көзі танып, көңілі сенбеген объектіні қалай жырлайды?
Сәбит Мұқанов бір кезде былай жыр етті:
“Қажымас қара айғырым,
Ұрпағың мол жайғырым,
Демі - өт, ішегі –сым т.б.
Осы теңеу, салыстырулар ол кезде жаңа еді, бүкіл қазақ совет поэзиясына игі әсер еткен “Қара айғыр” поэмасы – паровоз туралы болатын.
Бүгін оқыған отыз жасар ақын Кеңшілік Мырзабеков паровоз хақында:
“Ендіктерменен, еңкеулерменен тайпалған
Құлындай орғып,
Құйындай ойнап қайқаңнан.
Отанның шалғай түкпірлеріне таралып,
Заманның жүгін арқалап алған майталман”. - деп жырлайды. Заманның жүгін паровоз көтергенмен, осы шумақ көтере алмай тұр. Неткен ескішілдік! Сәбеңнің “Қара айғырынан” қалған құлынның да қартаятын кезі болып еді... Немесе:
... Қорық көрген құнандар көп келмейді,
Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр.
“Өкпем кеп тұр” деген тіркеске жабыспай-ақ қояйық. Бұл Кеңшіліктің “Біздің ауыл, аржағы көкпеңбек қыр” деп басталатын өлеңінен. Қазір қай ауылдың да ар жағы “көкпеңбек қыр”. Тек, байқап қарасаңыз, ауыл тұрмысы қалай өзгерген? Біздің совхозда да жылқы көп, бірақ қымыз ішу қиын, бие байламайды. Ауылда мал сауу қалып бара жатыр. Неге? Міне, бұл басқа мәселе. Осыны неге жырламайсың деп солақай кінә тағудан аулақпыз. Әйткенмен, өмірдің, тұрмыстың шындығынан тыс шығарма болады дегенге өз басым илана алмаймын.
Кеңшілік Мырзабеков қызығып, қыздырмалап сөйлейтін, екпінді ақын. Өлеңдері еркін, көсілме келеді.
Бірлік пен достық, бір ауыз сөз жоқ бағаңа,
Одағым күшін осыған қарап шамала!
Тағы да менің жеттіңдер жаңа достарым
Арқадағы жас Арқалық деген қалаға.
Қайда да барсам жарқын да, жайсаң жаранмен
Қауышамын да, табысамын да қалам мен.
Ұлғая түсіп, ұзара түсіп келеді
Адамның күні, адамның күні адаммен.
Ақынның “Іңкәр дүние” атты жинағында бір сыдырғы тәуір шумақтар баршылық.
Жағалауда құба тал,
Тал арасы жалбыз ғой.
Суат жаққа құдаша
Келе жатыр, жалғыз ғой...
Ақ балтыры қозғалса,
Ақ көйлегін жел қаққан.
Оң аяғын созғанша
Сол аяғын шаң қапқан.
Осындай жолдардан басталған жыр бірте-бірте тереңдей, күшейе түссе ғой. Кеңшілікте, көбіне, не бітпейді, не асып жығылады. Кейде жалпылама қызыл сөздер бірін-бірі қуып кетеді. Негізгі тін, негізгі жүйе шықпай қалады, не олақ, дөрекі түйіледі. Бұның бәрі ізденудің, әлі де еңбектің аздығын танытады. Ылғи уыз, қаймақ, күйіс қайырған қойлар, тай, құлын, шопан, жалбыз... Әр қайсы көрінген жерінде, тұтас образ жасап, бейнеге айналмай қала береді. Ең жақсы жерде үзіліп кететін кино-лента секілді өкіндіреді де отырады.
Жатты үзіліп телеграфтың бір сымы,
Жатты үзіліп бір тамыры әлемнің,
Шыр айналған уақыттың ұршығы
Қалды осында тұншығып (?).
Үзінді Темірхан Медетбековтың “Сапар алдында” жинағынан, “Телеграф сымы үзілген жерде” атты өлеңінің бірінші шумағы. Өлеңнің жалпы тіні үзілмеген, біртұтас, жап-жақсы шыққан. Айтар ойының маңызы, салмағы бар, керек жерден түйілген де. Тек... “Шыр айналған уақыттың ұршығы.” Шыр айналғаны қалай? Тіркес уақыт мінезін бере ала ма? Ұршық болғаны аздай “тұншыққан” несі? Осындай олпы-солпылықтар Темірхан сын-ды әлуетті ақындардан кездескеніне қынжыласың. Оның жолдары, әдетте, нық, мығым жататын. Әр сөзінің орны бар, жігі, қиюы қашпайтын жолдар болушы еді. Образ, теңеулері тың, өзіндік көру, сезуі анық байқалған ақын Темірхан. Онда көзді алдау үшін қалқита салған қатырма декорациялар болмайды. Ақындық логикасы мықты, талантына талғамы сай жігіттің осы жинағында мүкіс жерлер аз да болса көзге ұрады. “Бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің” кебі. Өз тұстастарының ішінде теңеу, образға алғыры да осы Медетбеков.
Шыршалар тағып алып жалтылдайды
“Балалар әлемінің” ойыншығын...
Жаңа жыл өткізбекші тойын шұғыл.
Бұл үзіндіде уақыт бар, уақыт өткіншілігін сезіну бар.
Мойынын созып тұрған шампандар да
Жіберді тақиясын аспанға атып.
Көзге бірден шалынбай ма?
Уақыт талабы, дәуір тынысы дегендер қазір көп айтылады. Экскаватор, атом, футбол, эстрада секілді сөздерді өлеңге қанша тықпалағанмен, одан поэзия жаңармайтыны белгілі. Арғымақ пен домбыраның ұлттық бояу болмайтыны тәрізді, “космос” пен “стадион” да бүгінгі күн тынысын таныта алмайды. Көркем өнер туындысының қай-қайсысынан болсын мұндай арзан, алдамшы колоритты ешкім күтпейді. Мән рухта, шығарманың бүкіл болмыс, табиғатында. Жазу тәсілінің өзін жаңадан іздеуде. Әр жаңа ой, жаңа образ, егер ол шын мәніндегі жаңа болса, өзіне сай формасын ала туар болар. Осы тұрғыдан қарағанда Темірхан өлеңдері бүгінгі талапқа көбірек сай келетін секілді.
Нарттанып,
маздап,
толықсып,
Шашбауын жинап жарықтың,
Құлағанда талықсып
Көкжиекке алып күн –
бір алапат басталды.
Түйдек те түйдек төңкеріп,
шабындығында аспанның
Шөмеле-бұлттар өртеніп.
“Кешкі бұлттар” өлеңі осылай басталады. Мұны қазіргі лириканың мінсіз үлгісі ретінде ұсынғалы отырғамыз жоқ. Ақынның болмысты көру, сезіну ерекшелігіне ғана мегземекпіз. Өлеңдерінің тақырыптары да бір түрлі, қызық. “Жұмысшы”, “Мұнайшы-барлаушы”, “Жүк машиналары”, “Глобус”, “Волейбол”, “Телеграф сымы үзілген жерде”, “Сағаттар” т.б. Осындай лирика тіліне “ерімейтін” тақырыптардың өзі өлеңге айналады, қызғылықты оқылады. Бұл жаман болмаса керек. Қасиет демекші, көп жинақта қасиет жоқ. Тіл ұшынан ғана ұшқан жансыз сөздер, айтыла-айтыла ажары өшкен ой. Жалған ақылды жасанды пәлсафаға орап ұстата салады. Не шіп-шикі өтірік. Бойларына, болмыстарына жараспайтын, әлдекім әлдеқашан айтып кеткен түйін-сүйінді өңін айналдырып, жаңартқан болады. 1945 жылы туған жігіттер соғыс зардабын көргендерін айтып, кемсеңдегенде – сеніп қала жаздайсың. “Бүтіндей өтірікке берілген адамды ақыл мен талант тастап кетеді” (Белинский).
Күләш Ахметова жыр кітабын әлі ұсынбаған жас. Жазғандары да күні бүгінге шейін журнал қабаттары мен газеттердің бұрыш-мүйісінен ауыспаған. Осынау кішкене өлеңдердің өзі Күләшті айрықша қояды. Май таңының шығындай, жоқ, шықтан жиылған тамшыдай мөлдірғ пәк, әрі мінезді, шын мағынасындағы қыз мінезді поэзия. Біздің қайсыбір ақындарымыз поэзияның “ақ босағасын” мызылып аттайды да, ілез өзгеріп сала береді. Сыпырғышты ала, төрге қарай сыпырады. Ер мінез, еркектік жасаймын деп, еркекшораланып бітеді. Өнерді атақ, дәреже көретіндіктің белгісі бұл. Күләштің өлеңдерін оқығанда қазақтың халық әндерін тыңдағандай боласың. Әрі мәнді, терең, әрі қарапайым. Орғып, секіріп, “мені көр” деп тұрған ештеңе жоқ, бәрі орнында, бәрі жарасымды.
Мезгіл-өзен, ақырын ақпайтыны қинайды,
Менің қайғым басқаға батпайтыны қинайды.
Бізді жұрттың білмей-ақ мақтайтыны қинайды,
Бір көгершін кеудемде таппай тыным қинайды.
Жыр әкелмей жастықтың неге түні қинайды,
Жылдардың да күттірмей келетіні қинайды...
Нені болсын көкірек-көңіліне жақын қабылдайтын жаны жалаңаш адамның сөзі. Жылдар неге күттірмей келеді? Ақынның кімді, нені болсын күткісі бар. Күтуден, сарғаюдан ләззат табатын секілді. Айы, күні белгілі мезгілдің өзі кідіре тұрса екен! К. Ахметова бір өлеңінде: “Сен неткен бақытты едің, қайғылы ақын!” дейді. Біздіңше, қайғылы ақын емес, дәл осылай айта алған ақын бақытты. Күләш өлеңдеріне зер салғанда испан ақыны Унамуноның: “Я чувствую головой, думаю сердцем” деген сөздері еске түседі. Асылы, ақын атаулыға бұдан артық “мінездеменің” керегі бола қоймас. Күләштің ертең не жазатынын, қалай жырлайтынын мен білмеймін. Әзірге, “ақын, нағыз ақын” дегеннен бөтен мақтауым да жоқ. Бірақ ақындық - өнердің топырағы ғана, оған әлі дән себу, күту, өсіру керек...
Тағы бір сөз. “Амангелді” кино-фильмі Жамбыл ауылында түсіріліпті. Бес жүз қарар аты, адамы бар қалың топ. Кейін үлкен актер, режиссер болған бір ағамыз Жәкеңе еркелеп әзіл айтады: “қой сойып, қонақ етпесеңіз, ауылыңызды шауып аламыз”. Қарт ақын бір түрлі өкпелеп, одан гөрі таңданып, былай сұрақ қояды:” Өй, әлгі ағаш қылыштарыңмен шабасыңдар ма?” Ақынның көңілін әбден түсінуге болады. Ағаш қылышпен шабу деген ұғымды миына сыйғыза алмаған ғой. Сол айтқандай, ағаш қылыш киноға болмаса, лирикаға үйлеспейтін қару дер едік.