Тақырып. Талғам

Жұмекен Нәжімеденов

Тақырып. Талғам

Әр жыл сайын өлең басатын біздің негізгі екі баспадан орта есеппен жүз қаралы жинақ жарық көреді екен. Әр жинаққа жеке тоқтап, әр ақынның творчествосын жеке-жеке талдап шығу үшін ондаған жиналыс керек болар еді. Ол мүмкін де, міндетті де емес. Теңіз суының дәмін білу үшін бір ғана тамшысын татып көрсе – жетіп жатыр деседі. Поэзияда мұны айтуға болмайды. Өйткені әр ақын – өзінше бір теңіз...
Өткен жылы шыққан жыр кітаптарының дені, әрине жастардікі, жыр картасынан орын алғандарына, басқа жұртпен салыстырғанда, онша көп болмаған жаңа, жас теңіздер, қайсыбірі әлі картаға түспеген. Дегенмен бұлар бала-жастар емес, көпшілігі, жас жағынан аға-жастар. Біразы творчестволық жағынан да есейіп кеткен. Қайсыбірі үшін «жас» деген эпитетті «жақсы» дегенге балама ретінде пайдалануға болады.
Біз, мүмкіндігінше, сол жас ақындар творчествосы төңірегінде, екеу-үшеуінің атын атап болса да, бірер сөз айтқымыз келеді.

Өткінші,
бәрі өткінші,
Өмірімнің өзегі сүю ғана деп білші.

Ақын Сейсен Мұқтарұлы «Сүю» атты толғауын осылай бастайды. Махаббат жайлы толғау. Махаббат десе-ақ біздің көзімізге әдетте қыз-келіншек қана елестейді. Себебі біздің бірқатар ақындар қыз-келіншекті тым примитивті тұрғыдан таниды. Мұның өзі, әрине өлеңнің қанатын қырқып, ойдың өрісін тарылтады, сап-сау шумақтардың өзін мүгедек жасайды. Қызға, не келіншекке арналған жырларымыздың көпшілігі-ақ қара шаш, қара көзді суреттеуден басталады. Шаш кейде сары да болып жатады. Бірақ бұдан жырға пәлендей мән-мағына, бояу қосылып жарымайды. Сол баяғы: «Сені сүйем, өйткені сен сұлусың» дегеннен басқа мағына таппайды. Бұл талай айтылған, айтылып жүрген пікір. Өкінішке орай әлі де айтыла беретін сияқты. С.Мұқтарұлының махаббатында: «Сен», «Саған» деп, жыр жолдары әлдекімге бағыштай айтылғанымен, адресі әрегірек, тереңірек. Ақынның «сен», «сағаны» бір адамға емес, күллі адамға, адамзатқа арналып кетеді:

Жаратушы ұлы күштің барлығына жоқ күмән
Адам-ата
Мешін-ата,
Жер-ата
қуа келе топырақтан жаралғандай боп шығар.

Ақын, өзі айтқандай, нені болсын «қуып ойлауға», індете тексеруге құмар. Автордың азаматтық тұлғасы да осындай тұстарда көзге шалынады.

...Ең қымбатым – өмір ме,
Керек емес ол да аса,
Мағынасы,
Тереңдігі болмаса.

Толғау еркін өлшеммен жазылған. Өлеңнің «ағы» мен «қарасы» араласып отырады. Бұл жып-жылтыр жұп-жұмыр ғып, он бір буынмен сыпыртып беруден қиынырақ. Буынды, өлшемді бұзған екенсің – соныңды өзің ақтап шық. Өлең тәжірибесі осыған саяды.

Ақыл билік етпеген соң сезімге
ойлы-қырлы шығады екен сөзің де.

Мұқтарұлы басқа бір шығармасында осылай дейді. Осы ойлы-қырлылық «Сүю» толғауында да кездеседі. Автор мұнысын өзі таңдап алған өлшемнің, жазу мәнерінің еркіндігіне жабатын тәрізді. Бұл дұрыс емес. Еркіндік буын бұзғанмен, ойдың, логиканың заңын бұзбауға тиіс. Әрбір жаңалық, егер ол сәтті болса, өзінің заңын да жаңадан жасайды. Жаңа болса өзін ақтай, қорғай білсін дейтініміздің сыры сол.
Толғауда ептеген шашырандылық бар. Мол қамтыған жақсы. Бірақ сол құшақтағаныңды төкпей-шашпай алып шығу үшін күш, шеберлік керек. Орнын таппай тұрған сөз, сөз тіркестері кездеседі. Абай:

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы – дейді ғой.

Бөтен сөз – бір кездегі түсінгеніміздей, басқа тілден кірген сөз емес, сол орнын таппаған, дұрыс қаланбаған сөз, өзіміздің төл сөзіміз болатын. Абай соны айтқан.
Ал, жалпы алғанда Сейсен Мұқтарұлының «Нұр тоғысы» деген жинағында ойлы, салмақты дүниелер бар. Ондай дүниелер қиялыңа көп орайда қанат бітіреді, көңіліңді серпілтеді. Оқушының айнала қоршаған ортаға, табиғатқа, жарық дүниеге деген құштарлығын арттырады, сүйсіндіреді, жирендіреді. Бұ қасиет ақын жырларының бүгінгі күнгі, осы бізге жақындығы, ойының, тілінің «тірілігін» көрсетеді. Поэзияға қоғамдық жүк артқызатын да ақынның сол қасиеті.

Шыңғырып бір тудым мен шындығыңнан,
Миллиондардың,
Мыңдардың мұңлығынан.
Құрсағынан күңдіктің күңіреніп,
Құрсаулардан,
ғасырлар құлдығынан тудым,
тудым жану мен өртенуден
дауылдарға соқтығып желкеніммен,
Ақиқат боп айрылдым аңыздардан,
Шындық болып бөліндім ертегіңнен.
Үзінді Дәуітәлі Стамбековтің «Революцияға рақат» атты жинағынан. Бұған негізінде түсініктеме берудің қажеті жоқ. Тек екінші жолдың мағынасы бұлдырлау сияқты: «миллиондардың, мыңдардың мұңлығынан» тудым дегеннен гөрі, сол миллиондар мен мыңдардың мұңға толы жүректерінен сезім болып, не лүпіл боп тудым десе, нақтырақ болатын секілді. Образ логикасы осыған мегзейді.
Ең бастысы, бұл жолдарда поэтикалық биікке талпыну, жаңаша жырлауға талпыну талабы ғана емес, азаматтық, ақындық пафос бар. Біздің поэзиямызға жетпей жүрген талай қасиеттердің бірі (бәлкім, негізгісі шығар) осы пафос. Пафос – азаматтық поэзияның қаны, қызуы. Совет поэзиясында Маяковскийді айтпағанның өзінде, Твардовский, Луговской, Прокофьев, Межелайтис, Сосюра, Рыльский, Федоров, т.б. үлкен ақындардың шығармаларында аса зор қуат алады. Қазақ топырағында Мұқанов, Аманжолов, Жароков, Ерғалиев, Қайырбеков, Исмаилов поэзиялары осы пафостық қасиеттерімен ерекшеленеді. Азаматтық пафос деген де аспаннан түскен ұғым емес, ол да жерде туады. Әлеуметтік идея, көтеріңкі екпін, жалынды ойды жапырақтың жасылдығын жырлап та туындатуға болады деседі. Әрине, о да таланттың қырына, табиғатына байланысты шығар. Әйткенмен үлкен пафос – үлкен тақырыптар төңірегінде көбірек, жиірек көрінеді, айрықша күшке, мағынаға ие болады: Партия, Ленин, Туған жер, Уақыт. Бұл тақырыптар арасында шекара жоқ. Қайта бір-біріне құйылып, қосылған сайын табиғи бояу, әр-ажар табатындай.

Біз де бүгін вахтадамыз үш есе
Ақындардың шамы түнде сөнбейді.
Жырымыз да – партияның мүшесі,
Партиялық поэзия сөйлейді.

Хамит Ерғалиевтің осы өлеңі әлі күнге шейін құлаққа тың, күшті естіледі. Өлең бойында оқушы көңіліне сенім құятындай үлкен иландырғыш күш жатыр. Себебі, ақынның өзі осы жолдарына құлай сенген, өз идеясына шын ниетімен иланып жазған. Қайсыбір жылдары бірқатар ақындарымыздың әлгіндей аса жауапты тақырыптарға жазылған жырлары жансыз, жалынсыз шығып жүрді. Содан барып саяси лирикамыздың ептеп беделін де түсіріп алған кездеріміз болды...
«Мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, үлкен тақырыптардың көлеңкесін жамылған талай шығармалар көңілге қонбаған, ешкімге әсер ете алмаған күйі, қалып қойды. Өнер жолына бұдан он бес, жиырма жылдай бұрын түскен жас талапкерлер, әлгіндей қансыз шығармалардан қанағат таппаған соң саяси аталатын тақырыптардан бойларын аулақ салуға тырысуы заңды құбылыс секілденді. Мұндай жайларды поэзия сыны кезінде, тиіп-қашты болса да, ескертіп жүрді. Кейінгі жылдар өлең-толғауларында, әсіресе, жас аталатын ақындар жинақтарында әлгі тақырыптарға – саяси, әлеуметтік жағынан ірі тақырыптарға жаппай дерлік бой ұру байқалады. Қуанарлық жағдай осы. Әрине, көркемдік сапа ешбір әдебиетте, ешқашан бірдей болып көрген емес. Бұлар да әр қилы, әр деңгейде. Талант табиғатына, білім-парасатқа, тәжірибеге қатысты, кемшіліктер де әр қилы, әр алуан. Мұның бәрі кемшілік, бірақ саяси-азаматтық ағаттық емес. Мұның бәрі қалай дегенде де, сырты жылтыр, құр сылдырақ ұйқас, жалған, жансыз жарасым үшін жазылатын көп жырлардан тәуір.

Білем, білем –
Шаттыққа жыр арнаған
Жүрсек те біз тыныштықпен
тыныстап,–
бұғып жатқан,
бүлік-ылаң салмаған
Жетеді әлі
жарылмаған бомбалар
Жүре бермей
бақыт-нұрға баттық деп,
Қарау керек сақтықпен:
бізбен жалған тілдесіп,
бізбен жалған үндесіп,
Жарылмаған бомбалар
Арамызда жүрмесін!

Үзінді Темірхан Медетбековтың «Жарылмаған бомбалар» деген өлеңінен. Өлеңде Ұлы Отан соғысының кезінен жарылмай жатып қалған бомбалар, сол бомбаларды іздеу, табу жұмысы баяндалады. Ал, үзіндідегі соңғы екі жол жырды тереңдетіп жіберген. Топықта қалып қойған бомба, денелерде қалған жарқыншақ-соғыс сықылды күллі адамзаттық трагедияның «сарқыты»– өз алдына, фашистік түсініктен, фашизмнің тура өз ыдысында қалған «Сарқыт» жарылмаған бомбадан да қауіпті, өйткені оның бомбасы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі бомба емес. Уақыт, Тұрмыс тез есейіп, күрделіленіп кетті. Қай заманда да үйді салудан бұзу оңай болған. Қорған бұзатын рычагты машинаны Архимед ойлап тапқан деседі. Ал, көтергіш кран күні кеше шықты. Адамзат қоғамы дамуындағы бұ секілді жайлар, кімді болсын, ойландырмай қоймайды.
Қазіргі заманда не түрлі, не сүлейлі ғимараттарды салу проблема емес, соны сақтау, ұстау – проблема. Басқаша айтқанда, соғыс ашу оңай деседі, бейбітшілік сақтау, сол соғысты болдырмау – проблема. Қазіргі заманның ең актуальды, ең ірі проблемасы бейбітшілік, бейбітшілікті қорғау проблемасы. Ақындардың мұндай мәнді мәселеден шет қалуға құқығы жоқ. Өйткені, бейбітшілік қорғау – бір елдің, бір халықтың шаруасы ғана емес, күллі әлем азаматтарының, бүкіл игі ниетті адамзат өкілдерінің қасиетті борышы. Чили, Ауған, Ливан оқиғалары төңірегінде қалам тербеген ақындардың қай-қайсысынан да – Ұлықбек, Иранбек, Бақыткерей секілді талантты жігіттердің талай өлеңдерінен талай үзінді келтіруге болар еді. Бірақ ол мүмкін де, міндет те емес шығар. Біздің мақсат – әркімнің бір-бір шумақ өлеңін келтіріп, жұртты түгел қамту емес, соңғы жыл поэзиясындағы жалпы бағдар-бағыт жайлы мәлімет айту, әлі де жас аталып жүрген ақындар творчествосындағы жаңа серпін, ой қозғалыстары, тың ізденістерге жұрт назарын аударсақ деген ғана ниет. Осы ниет үстінде тағы бір жас, жақсы ақыннан үзінді алғымыз келеді.
Мен түсімде ылғи да сені көрем,
Сені көрем,
Көрем де тебіренем.
О дүниеде сүйісіп періменен...
Жүрегімді жаралап сезім-пышақ,
Соған қазір мен тұрмын көзімді сап.
Бәрі кеткен...
тек қана Жер үстінде
Мына біреу бейне тұр өзің құсап!
(«Абай ескерткіші алдында»)
...Цезарь бірде қас дұшпанын жеңгенде:
«Келдім. Көрдім. Жеңдім» – депті қысқаша.
О, Отаным! О, жеңімпаз тәңірім!
Қызыл қаның, ащы жасың төгіллді.
Талай жендет жүргізбек боп әмірін
Цезарь құсап... келді. Көрді. Жеңілді.
(«Отаныма ода»)
...Сұрама менен керегін, айналды дерсің, о демде,
Ошағым жайлы өлеңім –
Отаным жайлы өлеңге!
Перденің бәрін сырыңдар:
Мен күліп шыға келемін,
Достарым жайлы жырым бар –
Дұшпаныма оқып беремін!
(«Мен болсам кеттім ақын боп...»)

Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері әлі өз алдына, дербес мұқаба алып көрмеген: «Қарлығаш» атты жалпы жинақта ғана жарияланған. Мына шумақтар ақынның кез келген өлеңінің кез келген жерінен алынды. Мақтау үшін емес, жас жыршының аяқ алысын, сөз саптасын аңғарту үшін осы келтірілген үзінділердің өзі жеткілікті сияқты. Серік өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ ақын романтикасы реалистік деталь-образдармен, бояулармен қанықтырылып отырады екен.

Өтеді өмір
аңыз боп,
Жыр боп,
Айналып алтын дастанға.
Өлеміз дейміз – өтірік бәрі –
Кетеміз ұшып аспанға.
Соңымызда қалады біздің
Өмірге қамшы өрендер.
Соңымызда қалады біздің
Өлімге қарсы өлеңдер.
Сол жырды оқып туады ұрпақ.
Кетеді ұрпақ,
Келеді...
Осылай болған,
Осылай болмақ,
Осылай бола береді!

Мұндай ақындар карьеристік талаптан, лауреаттық медальдар қуу әрекеттерінен аулақ болса – талай жерге барады деп үміт етуге негіз бар.
Өнерді өсіретін – талғам. Өнерпазға рух, күш, қанат бітіретін де сол. Автордың, ақынның өзіне-өзі қоятын талап-талғамы өз алдына. Бұл тұста баспасөздің, баспа коллективтерінің, сынның талғамының ролі зор-ақ. Соңғы кезде тек қана “Литературная газетаның” өзінде бір қыдыру мақала-рецензиялар жарияланады. Солардың көпшілігінде осы талап, талғам мәселесі сөз етілді. Әдеби-эстетикалық дайындықтары біркелкі емес түрлі мамандық адамдарының – қарапайым оқушылардың хаттары басылды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген сол. Өлеңге көзі қара танитын кез келген адамның пікір айтқысы, баға бергісі бар. Бұ да жырдың әлеуметтік-көпшілік мәнін анықтайды. Әлеуметтік-патриоттық тақырыптарға байланысты, Маяковский дәстүрі төңірегінде де кейінгі уақытта жиі-жиі сөз қозғалып жүр. Мұның бәрі тегін емес. Бүгінгідей дүние екі ұдай болып тұрған кезде саяси-патриоттық сезімді оятып, ақыл-ойды советтік патриотизм негізінде тәрбиелеу үшін Маяковский дәстүрін сөз ету – бүгінгі күннің өз талабы.
Біздің поэзияда да саяси тақырып, соған байланысты сөз болмай жүрген жоқ. Сын да жоқ емес. Бір қызығы: өлеңнің сынына жиі араласып жүргендер сыншылар емес, ақындардың өздері. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ақын ақын туралы» деген рубрика ашылғалы бері біразымыз жылы сөз естіп, біразымыз жұртқа пікір айтып, мәре-сәре боп қалдық. Бірақ бұлардың бәрінде пікір бар да, ғылыми талдау аз. А.Нысаналиннің екі-үш мақаласынан басқа біраз мақала рецензия дәрежесінде. Әрі бұл жұмыс өзімізді өзіміз мақтау, не өзімізді өзімізге дәлелдеп түсіндіру секілді әсер етеді екен. Ақындар өздері туралы өздері жазғандықтан да емес шығар, біздің кейбір рецензия, интервью, не қайсыбір пікір алысу барысында «шын ақын», «өтірік ақын» өлеңдерін «басымен» жазатын ақын, не «жүрегімен» жазатын ақын секілді сөз-ұғымдар бой көрсетіп жүр. Біздіңше, «шын ақын», «өтірік ақын» өлеңдерін «басымен» жазатын ақын, не «жүрегімен» жазатын ақын секілді сөз-ұғымдар бой көрсетіп жүр. Біздіңше, «шын» ақын мен «өтірік» ақынды айыру үшін бас қатырудың керегі жоқ. Ол оп-оңай: жақсы өлең жазғаны – шын ақын да, жаман өлең жазғаны – өтірік ақын. Ал, қай ақын өлеңін «басымен», қай ақын «жүрегімен» жазады дегенге келсек – бұл қиындау. Себебі, өлең жазуға адамның ақылы да, сезімі де, білім-парасаты, өмірлік тәжірибесі де – бәрі қатысады. Біз әйтеуір бөлуге құмармыз. Енді басқаны былай қойып, адамды анатомиялық тұрғыдан бөлуге – мүшелеп бөлуге ауыстық. Мұндай теорияшылдықтың әдебиеттану ғылымына ешқандай пайдасы жоқ, қайта онсыз да шалалау, тәжірибесіз оқушыны адастырып, зиян жасауы кәдік.
Тағы бір сөз. «Жұлдыз» журналының өткен жылғы жетінші санында жас ақын Мұқамедия Жұмағалиевтің «Гүл-дәурен» атты жинағы сыналды. Жоқ, талданған жоқ, көлемі, шамамен, төрт баспа табақтай кітапта «Гүл» деген сөз отыз сегіз мәрте қайталаныпты. Журнал соны тізіп берген де қойған. Жұртты қайдам, өз басым, сол жинақтың басынан аяғына дейін түсіп алып, ерінбей-жалықпай әр сөзді сынап отырған рецензентке қайран қалдым. Бұл сынау емес, сынның тәсілі бұлай болмайды. Бұдан авторға да, әдебиетке де пайда жоқ. «Жұлдыз» секілді біздің аса беделді журналымыздың бұ сынды ұсақ-түйектен биіктеу тұрғанын қалар ек.
Бөлімнің қызметкерлері, бәлкім, мұны кітап рецензиялаудың жаңа формасы ретінде ұсынған шығар. Бірақ қарапайым оқушы қалай түсінер? Жас ақынды әлдекім мұқату үшін тап осылай, әдейі таңдалған тәсіл екен деп ойлап қалмай ма?!
Әрине, жаманды – жаман, жақсыны – жақсы деген дұрыс.
Әркімнің-ақ қолына қалам ұстап, барынша сөз өнеріне қызмет етейін деген әрбір еңбек адамының көкейі осыны – әділдікті көксейді. Әйткенмен, мақтауды, жылы сөзді жұрттың бәрі ұнатады. Өзіміз тұрмақ, өзге біреудің көңілімізге ұнаған бір шығармасын біреу келістіріп көтеріп жатса: «Паһ, айтқан-ақ екен» деп айызымыз қанып қалады. Дегенмен, әр нәрсенің шегі, логикасы, тіпті этикасы бар. Өткенде Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» деген поэмасы туралы сыншы Б.Сарбалаевтың мақаласы жарияланды. Мұқағалидың поэмасы сөз жоқ, жақсы поэма. Сыншы да жақсы айтады. «Осындай поэманы сендер неге жазбайсыңдар»– деп, былайғы, көзі тірі ақындарға өкпе айтады. Бәрі дұрыс, орынды. Бірақ мақала соңында сыншы: поэманы бүгінгі күннің «құлагері» деп бағалайды. Сөйдейді де, айнала беріп, Мұқағали поэмасының аяқталмаған дүние екенін, «жартылай ғана жазылғандығын» айтады. Екі шығарма да – мұра, екеуі де біздікі, халықтыкі. Демек, ол шығармалар туралы пікірді кім айтса да – жауап беретін біз – бәріміз. Сонда? Аяқталмаған поэма қалай «Құлагер» бола алады? Егер аяқталмаған болса «Құлагердің» өзі де құлагер болмас еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, «Райымбекті» аяқталмаса да мақтау керек. Ал, оған «Құлагердің» қандай қатысы бар?
Біздің де сынға қатысымыз шамалы. Әйткенмен, сын өлеңге қатысты, өлең сынға қатысты. Өлеңді өлеңнің танымынан бөліп қарауға болмайды деген қағида осыдан шығады...
Жалпы алғанда, қазіргі өлең өсу, өрлеу үстінде. Өлеңнің сыны да өсер, өрлер деген үміттеміз. Уақыт та, оқушы да осыны талап етеді.