«ШЫРАҒЫҢ СӨНБЕСІН» НЕ АЙТАДЫ?
Кеңес офицері Қасымбек Нәзира атты ауыл қызына үйленеді. Соғыс басталып кетеді. Қасымбек мерт болған соң, Нәзира Абанға шығады, о да қаза табады. Баласын құшақтаған жас әйелдің көрген күнінің көбі қасірет, алғанының бәрі азап. Соғыс басталғанда эвакуацияға ұшыраған әйел, бала-шағаның қатарында Нәзира да бар. Нәрестесі қолында. Еңіреп еліне оралады. Романның ұзын ырғасы осы. Әрине, бұл бір сөзбен айтқанға ғана. Оқи, көре, аңғара келгенде көп-көп тағдыр, талай табиғат, характер қақтығыстары ашылады. Бұрын кітап бетіне, не театр сахнасына, кино экранына түспеген неше алуан деталь, қат-қабат тірлік. Оқиға Нәзираның ауызынан баян-далады. Бәрі соның көзімен беріледі. Соғыс, ел басына түскен ауыр жағдай әйел, бала-шағаның өзіне бейбіт күн кешуге мұрша бермейді. Жұрт қалай шегінсе де – алдынан соғыс шығады. Жағдайдың өзі кімді болсын, қақпалап апарып қан майданға салып жібереді. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрінің» кебі.
Усачев, Гуськов сықылды бірер сатқын болмаса романда жаман адам жоқ. Адам ғана бар. Қорқақтардың өздері – Кеңес адамдары. Қырып-жойып бара жатқан ерек ерлер де көрінбейді. Командирлер ақылды, байсалды коммунистер, бірақ олар да қарапайым Кеңес азаматтары. Ең бастысы – жан бәріне бірдей керек.
Усачев – бұрынғы белсенді. Евдокия Герасимовна:
«– Сенің кеше қып-қызыл белсенді болғаныңды да жұрттың бәрі біледі...
– Сіз де қайдағыны айтасыз, Евдокия Герасимовна. Ол қашанғы оқиға.
– Ал, одан кейін «жеке меншік жойылсын, бәрі ортақ болады» деп, жұрттың тауығына шейін сыпырып алған да сен емес пе едің?
– Жарайды, жарайды... Өткенді қаза беріп қайтесіз.
– Енді, міне, антихрист Гитлерге қызмет етіп жүрсің.
– Байқап сөйлеңіз. Фюрерге тіл тигізген адам қазір... Рас. Басында белсенді болғаным рас. Бірақ менің еңбегімді бағалады ма большевиктер. Ақыр аяғында арбакеш боп кеттім.
– Немістер бағалады ма?
– Оһо, бағаламаса осындай мықты қызмет бере ме... Қазір герман әскері Москваның түбіне барып қалды. Жетінші ноябрьде Гитлердің өзі Қызыл алаңда парад қабылдайтын болыпты.
– Не дейсің?– деді Дуня апай тіксініп.
– Это уже точно. Неміс деген халық аккуратный. Олар бекер айтпайды». – Міне, Усачев – сатқынның сенген түрі, неміс әскеріне деген сенімін дәлелдеген түрі. «Аккуратный», «бекер айтпайды». Жазушы сарказмінің уыты осы жерде. Дуня апай (Евдокия Герасимовна) сұрақпен қайырмалап, Усачевті біраз сөйлетеді. Полицай мәз-мейрам:
«– ...Комендант мырза: Жарайды, бұрынғы қателескеніңді біз кешіргенбіз,– деді. Кетерде, тіпті арқамнан қағып: «Сен, Усачев, бізге керек адамсың»,– деді. Қалай, ә? Әрине, Усачев керек болады.
Романда Усачевқа параллель тағы біреу бар. Ол – қазақ ауылындағы Тұрсынғали белсенді. Нәзираның ойынша, Тұрсынғалидың дауысы Усачевтың дауысынан «ащырақ» болатын. Айырмасы сол ғана.
– Пошом шықпайсыңдар? Мен атымды далаға тастаймын ба? Опырым балнамошный келгенде қарашы бұларды».
Усачев немісше білмейді. Онысын өзі де мойындайды. Ал Тұрсынғали орысша «сайрап» тұр. Усачевты сөйлететін Дуня апай тәрізді Тұрсынғалиды да көкітіп қарап, көк желкесінен мырс-мырс күліп отыратын жұрт баршылық. «Мен белсенді боп қызмет атқарам, белсендінің кім екенін білесің бе өзің?» «Мен сені жекеге жатқызам», «Тұжырымға жатқызам», «аластаймын», «Қарқаралы айдатамын». Тұрсынғали дегенде жазушы да тілінің уын тамызып бағады: «Тұрсекеңнің жан қалтасының ауызы мен саусақтары ылғи да көкпеңбек сия болып жүретін. Саусағына сия жұғу сол замандағы біздің ауыл үшін үлкен оқымыстылықтың белгісі тәрізді көрінетін, сөйтсек, Тұрсынғали хат танымайды екен».
Бірі орыс орманында, екіншісі қазақ даласында туғанымен, Усачев пен Тұрсынғали, расында да, бір-бірінен аумайды. Усачевтың «соры» жеріне жау кірді. Тұрсынғалидың «соры»– топырағын жат аяқ аттаған жоқ. Әйтпесе бұ да сатар-ақ еді! Екеуінің де қызметі – белсенді, екеуі де белсенді болып туған. Ал белсендіге бәрібір: дос па, жау ма – әйтеуір біреуге қызмет етсе, әйтеуір біреу арқасынан қақса болғаны. Барлық тірлік-мақсаты науқандық қана. Бүгін өмір сүрсе – ертеңгіде шаруасы болмайды. Жазушы ойы: «белсендіде топырақ та, ұлт та жоқ дегенге саяды. Усачев арбакеш болғанына өкінеді ғой, Тұрсынғали қойшы боп, тәубесіне келеді». Бірақ жағдай туса ше? Бұлар типтік бейнелер, әйтсе де халықтық типтер емес, халықтың азған, тозған, былайша айтқанда «жарылған жұмыртқалары» іспеттес. Осы арада көзге ұрып тұрған тағы бір жай бар.
Тағы бір параллель: Дуня апай (Евдокия Герасимовна) мен Қамқа әжей. Бұл екеуін де бір-бірінен айырып, ажыратып қарау мүмкін емес тәрізді. Екеуі де Усачев, Тұрсынғали дәурендерінің өтпелі екенін түсінеді, екеуі де әлгі бел-сенділерге кекей, күле қарайды. «Жағдайларың белгілі ғой, қайда барам дейсіңдер» дегенді әр сөз, әр қимылдарымен білдіріп отырады. Екі белсендінің іс-қарекеттеріне күліп, кектеніп жүрген олар жоқ, қайта аяй, мүсіркей қарайды. Халықтың кешірімі мен кеңшілігі осы екі кемпірдің басында тоғысқандай. Усачевтың Дуня апайға іш тарта қарайтын үлкен себебі бар: Дуняның ұлы Павел адам айтқысыз ауыр айып тағылып кеткен адам. Кеңестерге бір өкпелі болса – болатын кісі Дуня. Усачев осыны есеп етеді. Бірақ Евдокия Герасимовна ондай бақай қағыстан биік тұр.
– Сен Пашаны бұларға араластырма – дегенде кемпірдің дауысы қаттырақ шығады. Шын ашудың, ыза-қасіреттің қуаты тап әлгі тұста білінеді, осы сөзімен ол Пашаны (Павел Дмитриевичті) күллі аналар атынан ақтап та алған сияқты. Өйткені, ана-көкірек Усачевтың көлгірлігіне қалай сенбесе, өз баласының «қылмысына» да солай қарайды. Өйткені екеуін де күллі ел, халық биігінен көріп таңып тұрған тәрізді. Усачев Павел Дмитриевичті айтқанда Евдокия Герасимовнаны біраз ықтырып, бұқтырып алмақ еді ғой? Кемпір айылын жимайды. Сөзі, мінез қыңырлығы аз дегендей, Кеңес офицері Қасым-бектің әйелі – Нәзираны үйінде жасырып ұстап отыр.
Тұрсынғали да Қамқа әжейді қорқытпақ-ты:
– Әй, сен кемпір, алыспа. Сен өзің кім екеніңді білесің бе?– деді Тұрсынғали басы кекшеңдеп.
– Е, мен кім болыппын сондай-ақ?..
– Сен тап жауының тұқымысың. Жетес бидің жиені екенің рас қой?
– ...Құдай тағала қой бағатын адамға ел бақтырып қойған соң ол солай болады.
Бұл – Қамқа әжей кескен үкім.
– Иә, рас. Мен Жетес бидің жиенімін!– дейді Қамқа әжей,– Жетес бидің жетпіс жыл бұрын қураған сүйегін құрт!
«– Мен халық жауының шешесімін!..– дейді ғой Дуня апай, сенім арта келген Носовецке. ...Сенім!.. сол сенімдерің ең алдымен менің Пашама керек болған. Бір тамшы сенімге зәру болған сол емес пе еді?!» Уақыт трагедиясы. Сол трагедияға Тұрсынғали мен Усачевтар қосқан үлес, әсіресе, мол. Екі кемпірдің сөзінде де күйік бар, бірақ жаудың кекті күйігі емес, достың өкпесі ғана. Екі кемпірдің көп жұрттан биіктеп, ұтып тұрғаны содан. Екеуі де саясаттан аулақ, екеуі де жалпы шындыққа – кісілікке, өз табиғаттарына ғана қызмет ететін адамдар. Бірінің басындағы жағдай екіншісінде туа қалса – аянып қалары жоқ. Усачев пен Тұрсынғали – белсенділікке ақыл қалауларымен – есеппен барғандар. Ал Евдокия Герас-имовна өзі байқамай партизандық тапсырма орындап кетеді. Ақыры оққа ұшады. Қамқа әжей де тап солай өлуден тайсалмас еді!
Мұның бәрі шынайы характерлер. Жазушы біреуін жағымды, екіншісін жағымсыз жасаймын деп, ешқандай артық деталь жапсырмаған. Усачев пен Тұрсынғали қандай табиғи болса, Дуня мен Қамқа да сондай. Әрқайсысы өз топырағына, ортасына, жағдайына жараса қалған. «Мына қарекет, қимыл, не сөз бұдан гөрі басқа біреуге лайық емес пе» деген сықылды күдік туғызбайды. Оқушыны бірден иландырады. Көркем проза шынайылығының бірінші шарты осы болмақ.
Романда тағы бір алыстан көрінетін бейне Света – Светлана Андреевна.
«– Кеше мен немістердің қолына түсіп қалдым! – Бұл хабар қаншалық қарапайым айтылса, Нәзираға соншалық күшті әсер етеді. «Кеше мен өліп-тірілдім» деген сықылды естіледі. Жат, суық, алыс. Сөйтсе, «үлкен пәлеге ұшырапты».
– Немене, зорлады ма сені?– Нәзираның сұрағы еркінен тыс сұрақ. Әр сөзі, әр дыбысы ышқынып естіледі.
– Зорлады ма?.. Құдайдан зорлағанын тілер едім ғой. Зорлыққа кісінің амалы бар ма? Менің өзім қаншық болып шықтым!– деді Света сыбырлап». Тым қатал, ащы. Осы сөздерде қанша күйік, көз жасы, қасірет жатыр! Нәзира өзі байқамай, құрбысының жан жарасының ауызын тырнай түседі. Оның әр сауалының тырнағы бар. Мысық тырнағындай, ап-ащы. Ушықтырып отырып, онсыз да бақытсыз бейшараның бар шындығын айтқызады. Тап осы тұстарда Светаны – Светлана-ның қолына берсе – жұлып жейтіндей. Күйзелістен туған сөздер күйдіріп естіледі. Қаза естірткеннен де ауыр әсер етеді. Ол – кеңес офицерінің (Николайдың) әйелі ғой? Света – алдымен әйел. Содан соң ғана адам, азамат. Нәзира – Светаның досы, сырлас құрбысы. Ол да әйел. Тек шығыс әйелі – қазақ әйелі. Еуропалық әйелдердің бірі болса Светаны сонша азаптамас еді. Жағдайды емеурінінен түсініп, қоя салар еді. Бұ жерде екі әйелдің де өскен ортаға, тәрбие-тәлімге байланысты жан-дүниелері шынайы ашылған. Қанша дос, сырлас болғандарымен, екеуінің екі түрлі топырақтың адамдары екені айдан анық. Диалогтың басқаша құрылуы мүмкін емес тәрізді. Света – ашық, Нәзира – тұйық. Светаны, әрине, Нәзира да түсінеді. Бірақ оның түсінігі аңқау, аңғырт. Өз сауалдарының құрбысы үшін азап екенін іші сезеді; сөйте тұра түрткілей, шұқылай түседі. Әйел, қайталап айтамын, қазақ әйелі. Светаның жазасы – құрбысының сауалдары. Ол жазаланған күнде де тап осыдан артық азап көрмес.
Кейін Света – Смуглянка атақты барлаушы болады. Әйелдігін азаматтығы ақыры жеңіп шығады... Бұл шешімге жазушыны «Осыны тым құлдыратып жібердім-ау» деген аяушылық-күмән апарғаны даусыз.
Светлана әлгіден кейін өз күйеуі Николаймен кездеседі. Нәзираның бойындағы үлкен қауіп сол болатын. Светлана еріне де шынын айтады. Нәзираға онысы сұмдық бетпақтық болып көрінеді. Құрбысын әйел ретінде түсінген секіл-денгенмен, адам ретінде шошынуын, таң қалуын қоя алмайды. Нәзира құрсағындағы заңды баласын «бала», «нәресте» деп атауға батпайды. Кісіні ұялтпайтын жаңа атау іздейді. Тапқаны – СОЛ. Бүйірін түртіп-түртіп қалады – СОЛ. Шеті бұрып ауырады – СОЛ. «...Жаңағы алас-қапаста есімнен шығып та кетіпті-ау, қимылдайды. СОЛ. Өз тірлігінен хабар беріп жатқан ішімдегі жан иесінің қазір аты жоқ. «Бала», «Нәресте», бұл атаулар оған әзірге қонбайтын сияқты, бар тапқаным «СОЛ» деймін. Ол кездегі қазақ әйелдері ерінің атын атамай, «анау», «әлгі», «өзі» деп, иек көтеріп, сілтей салушы еді ғой.
Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романының шырағын сөндірмей, өмірді, ұрпақты жалғастырушы – осы, «СОЛ». Нәрестенің әзірге ат-есімі жоқ. Бірақ «СОЛ» аман болса, Қасымбектің шаңырағы құламайды, аты өшпейді.
Романның күллі оқиғасы әйелдің көзімен тізілгендіктен де шығар, мұнда әйелдер бейнесі – психологиясы, әсіресе, әсерлі шығыпты. Дуня апай, жоғарыда айтылған Қамқа әжей, Нәзираны қосқанда (бұл екеуін – Света мен Нәзираны бөліп қарау мүмкін емес) Света бейнелері толыққанды, кәдімгі тірі тұлғалар. Күлегеш Мусяның өзі әдемі. Жазушы мақсатының өзі осы – эвакуацияға ұшыраған әйел, бала-шағаның хал-күйін көрсету. Бірақ автордың «мені» – Нәзираның ғана етегінен ұстап, еріп кеп отырса, кітап мұнша қызғылықты оқылмас еді. Орынды-орынды шегіністер арқылы автор көп-көп жайлардан хабардар етеді. Соғысты суреттеп отырып ауыл тірлігіне ауысады; бүгінгіден өткенге, өткен күннен одан арғыға, одан қайта оралғанда айтылмыш оқиғаның (сюжеттің) жігі білінбейді. Кешегі мен бүгінгінің бірінен соң біріне «секіріп» көшкенде – арасында сына қағар саңылау қалмайды. Бәрі орынды. Зорлық жоқ, күллісі өзінен-өзі туындап жатқан жайлар.
Романда Носовец, Қасымбек т.б. жігіттер бар. Бұлар да нанымды шыққан тұлғалар. Соғыс секілді қым-қиғаш өмірде бұл адамдар көбіне көп, уставтан тыс қимыл танытпауы да заңды жағдай. Света мен Нәзираға ұсап құлаш-құлаш диалог сөйлейтін уақыттары да жоқ. Кетолек алып жүгіріп, солдат-тардың ауыздарынан шығып қалатын бірер асығыс сөздердің өзі күллі уақыт, жағдай рухын паш етуге жарап жатыр.
Носовец – басшы, саяси басшы. Евдокия Герасимовнаның ұсталып кеткен баласы – Павелдің бұрынғы досы. Павелге кезінде «ара түсе алмағанын» айтып қынжылады. Өзінің көріп жүрген күні де – шамалы-ақ: өлмелі кемпір Евдокия Гера-симовнаға қызмет сала келіп отыр. Павелдің ақтығына, адалдығына, осының өзі-ақ айғақ. Өйткені Носовецті бір көрген, бір сөзін естіген адам құлай сенеді. Сенім! Жеңістің өзі – сенімнің арқасы.
Шынайылығымен сендіретін тағы бір образ – Сәлімбек қыртпыш.
«– Қап, сен қатынды ма...– деп кіжініп тұрды да, кенет, асығыс шешіне бастады». Әйелін қамшымен бір тарту үшін шалбарына шейін шешеді. Жүгіріп келіп шыбыртқымен шып еткізеді де, тұра кеп қашады. Осы қылығын екі-үш мәрте қайталағанша әйелі бүлк етпейді. «Алпамсадай әйеліне әлі жеткен соң, көңіліне жел кіріп масаттанып кеткен Сәкең осы жолы әйеліне тым жақын келіп қалды ма, білмеймін, қайтадан керегесін шанди берген Ақкүміс ірі денесіне оғаш, оқыс қимылмен жалт бұрылып, шап етіп Сәлімбектің дамбалынан ұстап алды. Сәкең байғұс өрмекші торына түскен шыбындай дызылдады да қалды:
– Ойбай-ай, ойбай-ай, Сейілхан-ай, жетсейші. Жынды қатын өлтіреді ғой!» Осы кішкене эпизодпен-ақ Сәлімбектің «шаруасы бітіп» кетеді. Автор бұл кейіпкеріне қайтып оралмайды.
Шығармада жеке-жеке тоқталуды керек ететін кейіп-керлер толып жатыр. Бірақ бәрін бірдей көзінен тізіп көшіріп жату – мүмкін де емес, міндет те емес.
Роман желісіне – оқиғаға бірнеше ұрпақтың (поколение деген мағынада) өкілдері қатысады. Осының өзі романға үлкен ауқым, кең тыныс беріп тұр. Олардың әрқайсысы өзінше, өз әлдерінше бас кейіпкер. Әрқайсысы өз орындарында Бас кейіпкер. Сол бастардың Басы – Нәзира, автордың қалап алған адамы. Роман үшін ол шашлық таяқшасының ролін атқарған. Оқиғаның, не түрлі мінез-құлықтардың бәрін көзінен тізіп, оқушының көз алдына әкелетін сол. Оның өзі басында жап-жас келіншек, ауылдың аңғырт қызы еді. Күйеуінің тілегін тілеп қана отыратын отбасының «осал пендесі» болатын. Аз ғана уақыт ішінде өсіп, қатайып кетеді. Қайраттың өзін қиындық пен қасірет қазып шығарады ғой. Нәзираның да қайраты көрінеді. Қайрат жүрген жерде қаталдық болмай қалмайды. Ол қаталдық алдымен, ұғым-түсініктен көрінеді. «Қазақтың көңілшек қатындарының көз жасы қиын емес-ау, менің көз жасым қиындап кетті» дейтін секілді дәрежеге көтерілу үшін Нәзираның көргенін көру керек. Кітаптың аяғында Қамқа әжейдің ерке, сүйікті немересі осындай халге жетеді. Сол кездің жалпыға ортақ шындығы, ащы шындығы осы.
Роман басталғанда Нәзираның түсінде жылқы кісінейді. Түсінде ала-дүбір шабыс көреді. Түс жорушылар мұндайды – жаугершілікке жорушы еді. Мына секілді оқиғалы шығармаға осының өзі авансцена-увертюра ретінде қызмет атқарып тұр. Романның соңында да жылқы кісінейтін тұс бар: «әлі де сақ болыңдар» дегенді аңғартатын сияқты.
«Шырағың сөнбесіннің» тілі шұрайлы-ақ. Бейнелі сөздер, орынды қолданылған мақал-мәтелдер жиі ұшырайды. Жеңіл, жақсы оқылады. Оқушы көңіліне қанат бітіреді. Тұсамайды. Тек қайсыбір тұстарда, сирек те болса, әттеген-ай дегізетін сөздер, сөз тіркестері кезігеді. Мәселен: «...айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айқайы» (5-бет), «сөйлегенде жұқалау еріні тісіне жабысып, ауызын шымшып сөйлейді» (11-бет), «е, бәсе, кеше уысым қышып еді» (15-бет). «Кісінеген айқайы емес, «Аузын шымшып» емес, ерінін шымшып, бүріп деу дұрыс. «Уысым қышып» емес, алақаным қышып. Бой салыстырып тұрған екі бала біріне-бірі: «Мә, сен аяғыңды ұшынан баспа». Мұндайда «ұшынан баспа» демейді «Өкшеңді көтерме» дейді. «Шүңіректеу біткен өткір көзін шүйіре қарады» (97-бет). Көз шүйірілмейді, ерін шүйіріледі», «...қолын бүріп, маңдайына тигізіп шоқынды» (100-бет). Саусақтарының басын бүрсе – бір сәрі, қолын бүрді деген келмейді. «Жазған құлда шаршау бар ма» (103-бет) Дұрысы: «Жазған құлда жазық бар ма» болу керек. Біреулердің бет пішінін суреттегенде автор «сопақ бет» дегенді көбірек қолданады: Дуня апай – сопақ бет, Шура – сопақ бет, Прохор – сопақ бет. Бұлар аралары жап-жақын тұрған кейіпкерлер – бәрінің бірдей сопақ бет болғаны үйлеспейді. Сол сықылды, «тән» деген сөзді де жиірек қолданады. «Дененің» көбі «тән» боп кеткен. Байқап қолданбаса, қазақта «тәннің» басқа да мағынасы бар...
Бұның бәрі түртіп қана түзетуге болатын ұсақ-түйектер. «Шырағың сөнбесін» секілді ірі туындының құнын кеміте алмасы хақ. Әйткенмен айту парыз тәрізді.
Қысқасы, Тахауи Ахтановтың жаңа романы кең тынысты, үлкен шығарма. Бұл романның қай топырақ, қай халық оқушысының да көңілінен шығары даусыз.