ШАМАҒАҢНЫҢ ШАБЫТЫ

 

Шамиль Мұхамеджанов өз беті қолтаңбасы танымал дауысы бар лирик ақындарымыздың бірі еді. Өлеңдері сыршыл нәзік барынша ағынан жарылып ылғи да ақиқатын айтатын ақын поэзия табалдырығын:

Жарық көрсе өлеңім түсінемін:
(болса да бар болғаны бір шумақты)
Поэзия ВУЗ-ына түсуге мен
Тапсырып шыққаным деп бір сынақты–

секілді қарапайым жып-жылы ғана жыр шумағымен аттапты. Өнердің қасиетті табалдырығын әлгіндей әдеп-ізетпен шәкірттік именшектікпен аттаған ақын «жас» деген эпитеттен күні кеше құтылса да жоғарыдағы жолдардың жазылғанына отыз жылға таяу уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде Шамиль талай-талай жыр кітаптарын толып жатқан поэма балладалар беріп үлгеріпті. Бұл – сана ғана емес сапа да: ақын жинақтан жинаққа өсіп биіктеп отырыпты. Қай өлең қай жинағын алып қарасақ та ақын өзінің уақыт заман алдындағы зор жауапкершілігін жылдар өткен сайын мықтап сезіне түскені айқын аңғарылады. Ұзынырғасы он бес кітаптан іріктелген осы бір томдық таңдамалы («Шабытты шақ» «Жазушы» 1981) керемет тұтас болып көрінеді. Ақынның көңіл күйі әр шығармада әр түрлі әр қалай болғанымен әрине өлеңдердің көркемдік поэтикалық деңгейлерінің де бірдей еместігін айтпағанда рухы жағынан томның осынша тұтас өлең мен өлеңнің арасынан қыл өтпейтіндей тығыз саңылаусыз болып көрінуі әлгі айтыл-ғандай ақынның уақытты сезінуі уақыт алдындағы өзінің ақындық азаматтық жауапкершілігінің салмағын түсінуінен болса керек.

Киіктей дөңнен дөңге ырғуменен
Өтіпті-ау көп уақыт дырдуменен
Не дермін қайран мезгіл қайырылып кеп
Сұраса өз өтеуін бір күн менен.

Міне мезгіл «қайырылып кеп» өз өтеуін сұрап отыр. Шамиль ақынның жауабы – осы кітап. Ақын өзін өзі қанша қомсынғанымен уақытын босқа өткізбепті.

Елтітіп жастық дәурен – қызғалдақ күн
Жырымның тең жартысын қызға арнаппын.
Сонда да ұстағаным бір-ақ шабақ
Ұшына жем ілсем де жүз қармақтың.

...Жүзін де ұстамақ боп ұмтылып ем
Сонда да ұстағаным бір-ақ елік.
...Ақыры жұбандым мен
Ұстадым да
Жәудір көз бір еліктің құралайын.

Әдемі-ақ жолдар ғой. Ақын жанының жапырағына тұнған шық сынды мөп-мөлдір тап-таза таңғы даланың иісі аңқиды.

Әнеки бұлттар ентелеп
Біріне бірі қарады:
Ақ басты бура жетелеп
Ақ сақал кетіп барады–

дегенді де;
Жастық шақ шіркін бір қызық
Ерте кеш тынбай ду қызып:
Екі ауыз жазған өлеңің
Екіұдай айтыс туғызып–

дегенді де;

Қол үзген ғұмыр бойы талап-істен
Өр кеуде бәзбіреу бар шала піскен.
Ол үшін дүниенің бар қызығы:
Сән түзеп киім киіп тамақ ішкен–

дегенді де Шамағаң айтыпты. Мұнда да уақыт мінезі бар. Ақынды да тоғышарды да уақыт туғызады; ылғи да егіз қатар жүретін жақсылық пен жамандық тәрізді тоғышар мен өнерпаз да – бір-бірімен мәміле іздемес егіздер.

Біз жарыссақ – жарысайық өнермен
Биіктесек – биіктейік өлеңмен!–

Бұндай жолдарды да ақын әлгіндей тоғышар тұстастарына арнап айтқан сияқты.
Шамиль Мұхамеджанов қазақ поэзиясының қарапайым солдаттарының бірі еді. Ақпейіл адал азамат болатын: амал не арамыздан тым ерте кетті. Талай жылғы еңбегінің қызығы – осы томның түптелген түрін де көре алмады.

Достарым менің көп еді
Айырылмастай жалғанда;
Біразы соның келмеді
Ауырып аз күн қалғанда–

деп өзі айтқандай Шамағаң «аз күн ауырған» жоқ соңғы он жылда жыл сайын дерлік аурумен өтті. Қанша ауырып ақын қанша жүдегенімен жазуын творчестволық еңбегін толастатпағанын енді ғана аңғарып отырмыз. Ол шын мәнінде оптимист мойымайтын жігіт еді. «Ауырып аз күн қалғанда» деуінің түпкі сыры да сонда жатыр... Шамиль әсіресе соңғы жылдары өндіріп жіберіпті. Ақынның:

Төлеухан Төлеу Ихсан Мираштарым
Бірге өскен достарым мен құрдастарым...
Есіме сендер менің түсесіңдер
Сағынсам туған жердің нұрлы аспанын.
Мәңгілік тау суының арнасындай
Сендерсің сарқылмайтын жыр-дастаным.
Сендермен көрікті ғой туған өлкем
Төсінде ырыс-байлық тұнған өлкем
Еркесі елігіндей сол даланың
Өмірі мен сендерді жырлап өтем–

деуінде де үлкен шындық бар: оның өлеңі – өзі өзі – өлеңі; өлеңді өлең жазу үшін жазбайтын Шамиль ағамыздың достықты қалай қастерлейтінін өз басымыз көре қалдық. Ақын досын домбырасындай әлпештейтін.

Жазбаған жырым жазылса
Айтпаған сырым айтылса
Дүниеге осынау
Көңілім менің толар-ау
Еңбегім менің жанар-ау.

Ақын тап осылай айтып айта алып тұрған кезінде үзілді.
«Шабытты шақты» үңіле қарап отырғанда Ш. Мұхамед-жановтың тақырыптық ауқымының кеңдігі де назар ау-дарады. Сонау Торғай даласынан бастап бүкіл Сарыарқа Алтай Алатау Атыраудан «Кіші жерге» дейінгі аралықтағы ұлылы-кішілі жай-жағдайлардың бәрі ақын қаламына қозғау салған. Сол аралықтағы құмайдан бастап құлынға шейін жырға айналған. Соның бәрінде Шамиль – тек Шамиль болып қана жырлайды. Ол қай өлеңде болса да жырдың шыншылдығын ғана қадағалаған секілді. Содан да ақын жырлары оқушыны еріксіз иландырады секемсіз сендіреді. Шамағаң өлеңдері жалған жалпылдақ теңеу образдардан жасанды арзан техницизмнен ада барынша қарапайым өзінің мінезі сықылды кішіпейіл бауырмал. Өлеңді бір кісідей-ақ көсілтіп жазғанымен Шамиль ешқашан көкірек ұрып көзге түсуге тырысқан жан емес еді. Үлкенге де кішіге де адал жұрттың бәріне тілектес қайырқом азамат:

Өзгелерден биікті қызғанбаймын
Өзім шыққан биіктен құламаймын!–

деп өзі айтқандай өнерде өз биігіне шығып кетіпті. Оның өз биігінен құламайтыны да – ақиқат сөз. Өйткені әлдекімдер сатылар жасап қолтықтан сүйемелдеп шығарған биік емес бұл қарапайым талант иесінің қатардағы еңбекқор азаматтың өзінің биігі өзіне өзі жасаған тұғыры. Жыр сүйгіш көпшілік қауымның жүрегіне бұл томның жол табары хақ. Бұл жинақ Шамағаң қаламынан туған шығармаларды әрине түгел қамтымайды. «Шабытты шақ» ақын творчествосына жасалған алғашқы ілтифат қана. Сөз өнерін қадір тұтатын жұртшылықтың ақын томдарымен әлі талай кездесетініне өз басымның сенімім мол.