Р.Ғамзатов өлеңдерінің жаңа аудармасы хақында
Расул Ғамзатов поэзиясы біздің халқымызға қашаннан жақын, өз топырағымызда туғандай етене. Өзге ұлт ақындарымен салыстырғанда, Расулды аудару да жеңіл секілді көрінеді. Бірақ бұл сырт қарағанда ғана солай. Ақын жырлары жұрт ойлағандай «Жайдақ су» емес. Оны осылай ғып көрсететін жыр сөздерінің қарапайымдығы, тілге, ұғымға жеңілдігі, сайып келгенде, стильдің, сөз саптаудың халық үлгісіне жақындығы болуға керек. Ақын жырлары, әйтпесе, тым қою, күрделі; оқылуы, ұғылуы оңай болғанымен, жазылуы қиын, нағыз шеберлік пен ақыл-парасаттан туған жырлар.
Өз елінің даналығын, топырағы мен шөбінің исін творчествосына мұншалықты мол, сарқа сіңірген Расулден басқа ақынды атау – өте қиын.
Жұттым мен күнді судай-ақ
Албырап әрбір ақ таңда.
Жұттым мен жарқын нұр бояп
Батысқа барып батқанда.
Бұл шумақтың қазақша өлең боп тұрғанын, шебер құрылған шумақ екенін жоққа шығаруға болмайды. Түпнұсқадағы: «Ступая по нагорьям лет»-тың «албырап әрбір ақ таңда» болып, еркіндеу аударылғанына да әбден келісуге болар. Бірақ бірінші, «Жұттым мен Күнді судай-ақ» (Я солнце пил, Как люди воду) деген жолда, әйтеуір, бір нәрсе жетпейтін тәрізді, себебі, қазақ ұғымында Күн – қатты нәрсе, сондықтан оны, «ерітіп» не басқаша бір есебін тауып ішпесе болмайды; ал шуақ болса – бір сәрі. Бұл, әрине, жеке талғам мәселесі... Осы өлеңнің соңғы шумағындағы «Құмар желді» «Құмыр» жел деп түзеу дұрыс емес.
Сонау алыс жұлдыздарды бетке алып,
Талай-талай ракеталар кетті ағып.
Сенсің, Адам, менің шырқау жұлдызым,
Саған жетсем болды маған тек барып (13-бет).
Мұнда «тек барып» деген тіркес (әсіресе «барып») жақсы, еркін шумақты сірестіріп, тамырдан тиген суық сияқты, қозғалтпай ұстап тұр.
Тон киіп жүреді өздері,
Шаштары нағыз ақ қардай.
Аузынан шыққан сөздері
Мақал боп шығып жатқандай –
секілді жолдар қазақ топырағында туған, нағыз қазақ өлеңі тәрізді, аударма деуге ауыз бармайтындай.
Расул Ғамзатовтың бұдан бұрын қазақ тілінде шыққан жинағын аударуға талай ақын қатысты. Олардың бәрі де қазақ өлеңіне көп-көп еңбек сіңірген, өңменіндей өршітіп айта алатын шын мәніндегі талантты ақындар болатын. Әрі екі тілді де білетін кісілер еді. Бірақ Гамзатовты аудару – әрқайсысының «оң жамбасына» келе бермейтіні белгілі болды. Біздің ойымызша, бұл ақынды «түгелімен», сіңіре, мүмкіндігінше дәл аударғандар: Қ.Мырзалиев пен осы С.Жиенбаев. Жоғарыда келтірілген үзінділердегі ұсақ-түйек кемшіліктерге жаратпауымыздың өзі – көзге ұрып тұрған ірі кемшіліктердің жоқтығынан болуы мүмкін.
И чтобы понять Махмуда, мой наследник
Ужели прочитает перевод?
Ужели я писатель из последних,
Кто по-аварский пишет и поет?
Махмұд жырын оқимын деп жас қауым
Күтер ме әлде аударуын басқаның.
Мен болдым ба ең соңғы ақын бүгін де
Өлеңдерін жазар авар тілінде? (22-бет)
Осы аударманың алғашқы екі жолын қарау керек сияқты. Қай ұлт ақынның болмасын, көңліндегі ой, көмейіндегі сыр бұл. «Жас қауым – басқаның» деген ұйқастық тіркестерді өзгертпеген күннің өзінде, алдыңғы сөздерді (мағыналарды) өзгерту дұрыс.
Күншілдердің құралы бар деседі,
Күн көрсетпес қарап жүрген адамға.
Сол құралы – қарғыс атқан өсегі,
Жетіпті ғой менен бұрын саған да.
Сөз жоқ, жақсы аударма, аударма екені білінбейді, әрі соншалықты дәл аударма. Мұндай, біздің ойымызша, сәтті шыққан, нағыз шабыттан, ақындық өнерден туған шумақтарды тізе беру, аудармашы өнерінің құндылығын, сапалығын дәлелдеу – біздің титтей рецензияның мақсаты емес. Қазақша сөйлеген Ғамзатов өзі үшін өзі, кімнің алдында болсын, жауап бере алады. Біздің мақсат, қолдан келгенінше, редакцияға, редакторға көмектесу.
Ты, книжку раскрыв, в уголке примостилась,
Пускай, мол, на скачках твой вырбался конь,
Но чайник уже сам,
Раз попал ты в немилость,
Чтобы чаю напиться, поставь на огонь.
Кітап оқып отырсың сен бұрышта,
Мейлі сенің атың озса болғаны.
Сен отырсың, мен отырсам – дұрыс па,
Шәйді қойып жатырмын-ау мен-дағы. (24-бет).
Осында «өкпелеушінің» орны мен «өкпелетушінің» орны ауысып тұр. Бәлкім, аудармашы әдейі ауыстырып отырған шығар? Өлең үшін қайсысы ұтымды? Мәселе сонда?
Ұмытылмас Махмұдтың жырлары
Әйелқұмар Кавказ аман тұрғанда.
Махмуда песни будут жить, покуда
Неравнодушен к женщинам Кавказ.
Мұндағы «Неравнодушен»– жек көрмейді, кет әрі емес секілді мағыналарды береді. Аудармашы соны «әйелқұмар» деп алғанының арқасында әлгі тармақ әрі өте сәтті (жай-ақ сөз болғанымен) қазақшаланған, әрі күшейіп, өткірленіп кеткен.
Оқ пен орден қашанда бір кеудеге жабылар,
Күлкі менен көз жасы бір беттен-ақ табылар.
Бал менен у да байқасаң, бір көмейден өтеді,
Қыран менен кептер де бір аспанға кетеді.
От пен судың әуелеген қара бұлт қой мекені,
Қобыз, қанжарды ілуге бір-ақ шеге жетеді.
Әдетте, нашарлау аударманы оқығанда, сөз жоқ, түпнұсқаны іздегің кеп, тап осыны автор қалай айтты екен деп, әрбір тіркес, жол сайын жалтақтаумен боласың. Ал, жақсы аударма, керісінше түпнұсқаға жалтақтатпайды, кейде тіпті, аударма қарап отырғаныңды, еріксіз, ұмытып кетесің. Сөздің, ойдың жүйелілігі, ұйқас-ырғақтың жарасымдылығы қолтума шығармадағыдай, еліктеріп әкетеді. Сағи Жиенбаевтың басқа ақындарды аударуға да қатысып келе жатқанын жақсы білеміз. Бірақ мына аудармасы соның бәрінен де сәтті шыққан тәрізді. Өйткені, қолжазбаны оқу үстінде біз түпнұсқаны сирек іздедік, яки, Ғамзатовқа жалтақтамай, Сағиға сеніп қалдық. Қысқасы, Расулды аударуға Сағидан басқа ақынның керегі жоқ секілденді. Аударма өнері үшін ең үлкен жетістік осы болуға тиіс. Жоғарыда айтылған пікірлерді ескерген жөн. Қалай болғанда да түпнұсқаны күшейтуге, әсірелеуге (жарысып аударған жағдайда) болар, бірақ, әрі сәл де болса еркін кетіп, әрі одан (автордан) әлсіз жолдар түзуге әсте болмайды. Міне, аударманың негізгі принципі.