ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ

Жұмекен Нәжiмеденов

ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ



Біздің ғасырымыздың әрбір күні бір-бір жаңалық, календарьдың жұлынған әр парағы бір-бір тарих болып отыр. Кешегі жаңалық бүгін үшін тарих. Бүгінгі жаңалықты ертеңгі күні тарихқа айналдыратын да сол жаңалық. Жаңалықты жаңалық қана ескірте алады. Бүгінгідей, эстрада мен космостың, химия мен футболдың заманында, поэзия атқарар істің, поэзия көтерер жүктің зорайып, ауырлап көрген кезі жоқ шығар. Поэзияның жаңашыл жанр екені жалпыға аян. Ол жаңаның жаңасын, жақсының жақсысын, кешегі күннің тәжірибесіне сүйене отырып, ертеңгі күнге естіртіп, соған өлшеп айтуға тиіс. Сонда ғана ол, осы күні көп айтылып жүрген, дәуір тынысы, Уақыт рухы деген талаптар деңгейінен шыға алады. Гомер “Илиадасын”, Данте “Тәңірінің тәлкегін”, Фирдоуси “Шахнамасын”, Фр. Петрарка “Лаура туралы жырларын” жазғанда, олар үшін, келер ұрпақ: мына бізді ескерді, ескермеді деп жату орынсыз. Мәселе жырлауда. Сондықтан да Пушкин мен Мицкевич, Абай мен Мақтымқұлы жырлары, әлі де болса, жақыннан, жанымыздан естіледі. Аталған ақындардың әрқайсысы өз кезінің шындығын, өз дәуірінің дақпыртын жырлағаны белгілі. Бірақ олар барлық уақыттың көзімен көрді, барлық кезеңнің тілімен жырлай алды дейміз ғой. Алдымен, шығарма сол кез үшін, өз кезі үшін шығарма болу керек. Одан арғысы уақыттың қолында екені хақ. Мәселенің бәрі, әрине, осында.
Біз “Жазушы” баспасынан шыққан 70 шамалы өлең кітабын оқып шықтық. Бәрінің де жырлайтыны бүгінгі заман: космос пен химия заманы; бұл заман тұрмыстағы тыныштықты қандай ұнатса, махаббаттағы мазасыздықты, творчестводағы тойымсыздықты сондай ұнатады екен. Оқылған өлең жинақтарының қайсысынан болмасын, “болдым, толдым”, “жетілдім, біттім” секілді қарын қанағатына тән керенаулықты көре алмадық. Өнерге тән өміршеңдік, өмірге тән өрлік бар. Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екені дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын да өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек. “Мен ақын болайын деп пе едім, өмір ғой мені ақын еткен” депті бір мықты. Бұл сөздер, басқа алыс мағынасын былай қойғанда, “Рақмет, ұстазым, сенің арқаң ғой адам болғаным” деген сияқты естіледі. Ұстазына сенбейтін шәкірт болмайды. Біздің оптимизм деп жүргеніміз, бір сөзбен, сол, өмірге сену деген сөз. Ал, өнер осы сенімнің айнасы. Өмірге сену, оны дәріптеу, алдымен, өнерге сену, өнерді дәріптеу екені хақ. Ақын Әбділда Тәжібаев:
Патшалар өліпті, палуандар өліпті,
Емендер сыныпты, темірлер сыныпты.
Қай ақын қай жерде, қай жылы сөніпті?
Қай құдай ақынның өлгенін көріпті?! – деуі осы сенімнің арқасы. Әбділда Тәжібаев болмысынан мазасыз, күйгелек ақын. Ол от басының күйгелегі емес, бүкіл қоғамның, заманның күйгелегі. Тұрмыстағы, тіршіліктегі болымсыз, қиқым, ұсақ қимылдарға жатырқай қарап өте шығу ақын салтында жоқ. Жағымсыздықтың бәріне жаны қас, нендей болмасын жаманшылықты көргенде ақын шыдап тұра алмайды. Жаманшылықты неге көрдім деп өкінбейді, дүниеде жаманшылық неге болады деп күйіп-піседі. “Аралдардағы”:
Осынау сұлу дүниеге
Сұмдықтар неге орнайды –
деген жолдар, кімнің де болмасын, әлденеге күйінгенде, әлденеге ыза айтқанда ойына орала кететін-ақ жолдар. Әбділдада өлең жазу үшін өлең жазу деген болмайды. Ол өз сырын ішіне сыймаған кезге дейін сақтап, әбден булықтырып, бұқтырып барып бір-ақ аттыратын сияқты. Оның өлеңдерінің шампан тығынындай ытқып шығып, бұрқырап төгілетіні де сондықтан болса керек. Әбекең әдебиетке келгелі бергі 40 жылдан астам уақыт ішінде мақтаудың да, сынаудың да көкесін көріп келе жатқан ақын. Оның қолына ұсынылмаған гүл, сол гүл ұстаған саусақ тырнағының астынан ізделмеген кір жоқ. Өз басым, оқушы ретінде, Әбекеңнің талай ортақолды, төмен делінген шығармаларын оқыдым, оқып та жүрмін. Бірақ бірде-бір өтірік өлеңін, осыны да бір жаза салайыншы деген, жүректен шықпай, қалам мен тілдің ұшынан ғана шыққан “нем кетті” жырын оқыған емен. Нені жырласа да, қай дәрежеде жырласа да сол баяғы Әбділда боп жырлап келеді. Әбекеңде кемшілік болса, ол өлең жаза алмағанның кемшілігі емес, Адамның, азаматтың, натураның кемшілігі. Одан басқасын тұрмыстың, тіршіліктің өзі үйреткен. Тәжібаев адам ретінде де, ақын ретінде де ылғи бір қайнаған, қызу өмірдің арасында жүреді. Ылғи да біреулерді қорғап, біреулерге қарсы шығып жатады. Ол ылғи да стадионда отырғандай. Мұның бәрі ақын жанының мазасыздығын көрсетеді. Ал, мазасыздық өмірге деген құштарлықтан, махаббаттан. Онсыз да тәтті өмірді қайтсем тәттірек жасаймын, онсыз да жақсы күнді қайтсем бұдан да гөрі жылырақ, жақсырақ етем деген игі тілектен туған мазасыздық. Сондықтан да ақынның:
Мен тойынған емеспін несиеге,
Әзірлігім тағы жоқ пенсиеге.
Қой бағатын өрісте ұзақты күн –
Қойшының сақ құлағы сияқтымын –
деген жолдары бізді қатты иландырады. Сондықтан да Әбекеңнің сөзі - өзі, өзі – сөзі сияқты. Сондықтан да оның:
Берері жоқ қой уақыттың
Таласып өзің алмасаң –
дегені әншейін, жәй ақыл-философия емес, көкейінен шыққан сыры, демі. Көкейдің сөзі қай уақытта да көңілге ұялауға тиіс. Поэзияның өміршеңдігі дегенді де біз осы тұрғыдан іздесек керек. Сөзді сөз ететін, оған құдірет беретін де шыншылдық қой. Шыншылдық бар жердің поэзиясыз болуы мүмкін емес. Ал, шындық ылғи да күресті, қорғауды, қорғанысты керек етеді. Ол үшін, алдымен, жауапкершілік қажет. Жауапкершілік - ардың ісі. Бір қимылды қорғамаса, бір іске жауап бермесе ақынның несі ақын, азаматтың несі азамат. Ақын ағамыз Әбділда Тәжібаев алпыстан асқанша жаны жауапкершіліктен, парыз-міндеттен, мойны жүктен-ауыртпалықтан босамаған кісі. Мұның аты жастық, мұның аты арпалыс, мұның аты өмір деген сөз. Әбекең бүгін таңда:
О, аспанның аласапыран бұлттары,
түнермеңдер, төндірмеңдер уәйімді.
Жетпей жатса сайтанға атар оттарың,
алсаңдаршы менің нажағайымды? –
деп тұрған адам. Сондықтан да ақынның:
Жастығым қайран өтті ғой менің,
басылып қапты кеудемде желім –
деген жолдарын жоғарыдағы, бірінші шумақ жоққа шығарып тұрғандай. Ә. Тәжібаевтың бұдан бірер жыл бұрын шыққан “Жартас” атты жинағы туралы біз осындай пәкірдеміз. Бұл пікірлер ақын туралы жаңа пікір айттым, жаңалық аштым деген кісінің пікірі емес. Өлеңді, өнерді қадірлейтін әрбір оқушының көңілінде жүрген, бұрыннан бар пікір. Тауды биік, көлді терең деп көп айтқаннан, шоқал боп кеткен тауды, шалшық боп кеткен көлді көргеміз жоқ. “Анау айтты ғой, мынау да айтты, мен айтып қайтем” деп жантая кетпей, жақсының жақсылығын айта жүру - әрбір адамның парызы деп түсінеміз... Ал, парызды өтеу - парыз.
Қалижан Бекхожиннің “Қайран жастық” жинағы туралы баспасөз бетінде жақсы-жақсы пікірлер шығып жүр. Дегенмен бұл жинақ туралы да бірер сөз айтуды мақсұт еттік. Поэзия жастықтың ісі, жастыққа тән процесс дейміз. Осы пікірдің өзін кейде қайта қарағың кеп кетеді. Қайта қарау атаулының, ревизия атаулының бәрі жақсылыққа апармайтынын жақсы білеміз. Бірақ поэзия жастыққа тән деген тұжырымнан гөрі, талант қартаймайды деген тұжырым әлдеқайда әділ тұжырым, әділ қағида сияқты. Шашына қарап шал есептеген адамдарыңыздың жыр кітаптарын ашып қалсаңыз жаңағы ойыңыздан ұялып қалады екенсіз. Мұндай “шалдарымыз”, әрине, көп емес. Санап кетсеңіз бір қолдың саусағына да жетпейді. Осындай кісілеріміздің бірі Қалижан Бекхожин өлеңді төгіп-ақ келе жатқан ақын. Өлеңдері барған сайын от алып, барған сайын жаңарып, жасылданып бара жатқан сияқты. Шаш ағарған сайын жыр бағы көгере түсетіндей. “Шыққан күннен күтем ылғи жаңалық” дегені сықылды, ақын ылғи да бір жаңа тіркес, жаңа ой, жаңа ырғақ іздейді. Көбіне-көп табады да. Ақын бағыбан сықылды: жыр бағының әр түбін күнге он түртіп, қисық өскен бұтасын қырқып, түзулерін мәжелеп, ертеңнен қара кешке шейін дамыл таппайды. Дамыл атаулының бәрі творчествоға қас нәрсе. Бұл - жасқа да, кәріге де ортақ. “Игіліктің жоқ, сәулем, ерте-кеші” дегендей, үйренудің, ізденудің ерте-кеші жоқ. Біреу кітаптан үйренеді, біреу өмірден үйренеді. Біздіңше, екеуі де үйренуге тұратын, үйрете алатын ұстаздар. “Пәлен ақын, не жазушы классик болды ғой, енді несін іздейді, несін қара тер болады” дегендердің тілін жұлып тастау керек. Ондайлар өнерді өнер көретіндер емес, өнерді дәреже көретіндер ғана. Өнерді дәреже, мақтан көруден артық сормаңдайлық жоқ. Таланттымын деп мақтану – мақтан емес. Өйткені, талантты ол өзінің алғырлығынан, пысықтығынан тауып алған жоқ, талантты берсе табиғат қана бере алады. Табиғаттың ісіне пенде мақтанып не бітіреді?! Мақтанса саудагерлер мен өнердегі дилетанттар мақтансын: саудагер өзінде жоқ байлықты қолдан жасап алады; ал дилетант одан да әрі кетеді. Біз мұны айтқанда ақылдымсу үшін айтып тұрғанымыз жоқ, көргенімізді, сезгенімізді ғана айтып тұрмыз.
Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы - әжім, жаңбыры – тер. Еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады. Қалижан Бекхожин қазіргі қазақ совет поэзиясының осындай бейнетқоры. Оның ешуақытта өзінің атағын, дәрежесін бұлдағанын сезген емеспіз. Кітабына жазылған аннотацияның тілімен айтқанда: ол өзінің “Қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекхожин” екенін де көп ескере бермейтін сықылды. Біз мұны осы ұғымның жақсы мағынасында айтамыз. Асылы, жан қинап еңбек етіп жүрген адам өзінің салмағы, орыны туралы ойлап жатуға уақыт таппайтын болса керек.
“Махамбет қабіріндегі тебіреніс” алдымен ақынның өзін-өзі қайрауы, өзін-өзі жауапқа алуы деп түсінеміз.
... Ал, мен –
Боқсақтағы боз қамыстай,
тоғышарға иілген,
бошалақпын, боз баспын.
Қойшы мінген жабымен
бәйгіге түсіп озбаспын...
Сен, бейне
Мұздыбалақ қыран ең,
Қанатымен тас жарып,
ажалын күткен қиядан.
Мен кейде
Жасықтардан жасқанып,
Өлімнен сескенгеніме
Сенің әруағыңнан ұялам.
Осы өлеңді естісе, Махамбеттің өзі де мәз болар еді. Қалижан поэзиясы қашаннан тентек, адуын поэзия. Ол шым-шымдап еппен тартуды білмейді, ұстағанын жұлқып тартады: не жұлып алады, не шалқасынан түседі. Күйшілер туралы неше түрлі талас пікірлер болғанда марқұм Ахмет Жұбанов: “Әркім өзінің мінезін тартады, сендер жұртты босқа кінәламаңдар” деп ескертетін. Табиғатынан ірі, оқыс мінезді Қалекең өлеңде де сонысын істеп келеді. “Қайран жастық” негізінен, жақсы кітап, бірақ осы жақсы кітап үшін де “Махамбет қабіріндегі тебіреніс” - оқыс жақсы өлең.
Қазіргі қазақ лирикасы - өскен елдің лирикасы. Қазіргі өлеңде бос сөзге орын жоқ. Әрбір өлеңнің көтерер жүгі нақтыланып, көздегені көрініп келеді. “Тисе торғайға, тимесе терекке” дегеннен арылдық. Мұны бір сөзбен өлеңнің сыйымдылығы (емкость стиха) артты дейміз. Предметность поэзии дегеніміз де осы төңіректегі нәрсе.


Асан боп туып қазақтар
Өліпті Асанқайғы боп.
(Жұбан Молдағалиев)
Машиналар, машиналар қаптады,
бірақ есек пенсияға шықпапты.
(Сырбай Мәуленов).
“Асқақтаған Алатаудың басына лапылдаған қызыл күн өзінің отты сәулелерін құйып-құйып жіберді” деген сықылды лепірме, қызыл сөздер қазір ешкімге әсер етпейді. Қазір бір шөміш көбіктен жалғыз мөлдір тамшы артық екенін кім-кімде түсінді. Мәселе көлемде емес, салмақта, сабақта емес, дәнде. Дәні жоқ өлең – дәмі жоқ өлең. Әрине, барлық ақынның барлық өлеңі талапқа сай дей алмаймыз. Жаман өлең жақсы ақында да бар. Бірақ шын жақсы өлең жаман ақыннан, шам алып іздесең де, табылмайды екен. Әдетте, өнер туралы сөз еткенде оның ең озық үлгілері тілге бұрын оралады. Күн сәулесінің алдымен шыңға түсетіні сияқты, көз де алдымен биікті көреді. Табиғаттың өзі таңдап, талғап шығарып қойған биіктер күн сәулесін бұрын тоспай тұра алмайды. Қазіргі ақындардың бағыт-мақсаты да сол, Ленин идеялары нұрландырған адамзат ақыл-ойының шың-шындығынан, сенім-нанымынан шығу. “Барлық жол Римге” дегендей, барлық поэтикалық стиль соған бағышталған.
Өмірде ащы-тұщыны айыратын таңдай десек, өнерде жақсы-жаманды айыратын талғам екені рас. Талғам - таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркі. Бізде өзгеге қатаң талап қоятын талғампаздар толып жатыр. Ал, сол талапты өзіне қоятын адам кемде-кем. Өзіне сараң, өзгеге жомарт жандар екінің бірінен шыға бермейді. Қолдан келсе дәл сондай болғанға не жетсін! Қуандық Шаңғытбаев жұртшылыққа “Ар” атты кітабын ұсынғалы ширек ғасыр болыпты. Ширек ғасыр ақын үшін аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде Қуандық анда-санда газет-журнал бетінде, не көптеген ән текстері арқылы радиодан болмаса, өлең сүйгіш қауыммен жинақ болып, том болып түптеліп кездескен жан емес. Әрине, ширек ғасыр ішінде ақынның талай жинақ беретін мүмкіндігі бар еді. Мүмкіндік мүмкіндігімен, ал талғамның аты қашан да талғам ғой. Қуандық Шаңғытбаевтың: “Мен ақын емеспін ғой, мына сендер ғой ақын” деген сөзін біз талай естідік. Бұл, әрине, сыпайылық. Оның үстіне осы сөздерде ақынның өзіне қойған қатаң талабы да жатқанын біз енді аңғарғандаймыз. Осындай жыр кербезі жинағына құс кербезінің атын қойыпты. Жинақ “Аққу әні” деп аталады.
Сапар шалғай,
Жол алыс,
ақынға жоқ ешуақытта демалыс! –
деп өзі айтқандай, Қуанағаң демалып жатпапты, көрген-түйгенін түгендеп, буынып-түйініп, талғап, таңдап жатыпты. “Аққу әні” басынан аяғына дейін дерлік ылғи бір сазды, үнді жырларға толы. Небір керемет шұрайлы сөздер, теңеу-эпитеттерге көз тұнғандай. Кез келген өлеңі әнге, әуенге сұранып тұр.
Қу медиен құла дүз…
Құлан жортса – тұяғы күйген,
Құладын ұшса қияғы тозған,
Торғын сағым құба жон.
Күнгейінде көлбеген
асқар-асқар манар тау,
арқасында ақ селеу,
…Атар таңда Алтай бар,
батар күнде – Атырау –
деп тайпала жөнеледі. Бұл “Ғасырлар үні” атты ораториядан. Көне күннің әуені әрине. “ Құлан жортса – тұяғы күйген, Құладын ұшса қияғы тозған – қу медиен құла дүз!” Үйлесім-ақ емес пе? Жинақтағы көп жақсы өлеңнің ішінен біреуін ғана алып көрелікші. “Реквием”.
Жоқ Қобыланды!
Түсті қолдан айдай қайқы алдаспан.
Тарғыл тұяқ Тайбурылдан
Тау мен түзде із қалды.
Үшінші жолдағы Тайбурыл деген сөзге осындағы “Т” дан басталатын қалған сөздер магнитке тартылған темір үгіндісіндей тартылып тұр. Аллитерация, ассонанс секілді әріп, сөз үндестіктері аса жымдасып, әсем өрнек салып тастапты мұнда.
Сансыз сапар шеккенімде
Сәйгүлікті салдыртып,
Сағынамын
Сандуғаштай
Сал-сұлу қыз Сараны. С.С.С.С.
немесе:
Оңашада отырғанда осыны ойлап, ой, алла-ай,
Орынымнан тұра алмаймын
Омырау жасқа боялмай. О.О.О.
Бұл сырттай қараған адамға “Реквием” туралы пікір айтудан гөрі “Реквиемнің” сөзін теріп, әрпін санап кеткенге көбірек ұқсауы ықтимал. Тым қиқым, ұсақ көрінуі кәдік. Солай-ақ болсын. Қ. Шаңғытбаев поэзиясы туралы сөйлегенде өлеңнің үндік, дыбыстық үйлесімін ауызға алмау мүмкін емес сияқты. Бұл ақынның жақсы қырларының, негізгі қасиеттерінің бірі. Өлеңде үлкен адами-әлеуметтік ой, рух болып, ол осындай сұлулықпен төгіліп жатса одан артық поэзия бола ма. Қуандық ақынның өткен-кеткен жақсыларды ойлап “омырау бояуы” да ойлантатын фактор. Жақсы адамдар неге өледі, жақсы күндер неге өтеді? Жақсыны жоқтау жаманнан жапа шеккенде тіпті күшейе түсетін болса керек. Жақсыны мадақтау – жаманның көзіне шұқып, “Сен жамансың” деумен барабар.
Бір өлмек бар тірілерге,
бірақ сирек жақсы өлім .
Енді қалай! Жақсы, даңқты өмір сүре білген адам жақсылап өле де біледі. Бұл, әрине, әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Сондықтан табиғатта Аққу да сирек болады. Жақсы жинақ та жылда туып жатпайды. “Аққу әні” де осындай сирек табыстарымыздың бірі деп білеміз. Әдет бойынша әрбір мақтаудың аяғы сын, ескертпе, тілек болады ғой. Бұл ақынға сын да, ескертпе де айтпаймыз, тілек қана айтамыз: ақын ендігі жинағын мұнша ұзақ күттірмесе екен. Ол үшін ақын өлеңді көбірек жазса талғауға да, таңдауға да жетер еді.
Ғафу Қайырбековтың баспадан жаңадан ғана шыққан жинағы “Алтын бесік” деп аталады. Бұған ақынның соңғы бірер жыл ішінде жазған, негізінен, жол, сапар жырлары енген. Ғ. Қайырбеков нені де болсын, түйіліп келіп түйдектеп тастайтын, айтқыш, жарма жыршыларымыздың бірі. Содан да болар, ақынның бұдан бұрынғы жинақтарындағы біз оқыған біраз өлеңдер жазылып шығарылғанымен, халық ақындарының жиын-дүбірде суырып айтқан жырларына көбірек ұқсайтын еді. Төгіп айтам деп шашып алатын, шашақтаймын деп сетінетіп жіберетін тұстары болыңқырайтын. Мына жинағында Ғафу бұрынғы жақсы өлеңдеріндегі сыршылдықты одан әрі тереңдете, топшыландыра түсіпті. Таң қалып, таңдай қағып өте шықпай, неге де болсын, көз тоқтатып, көңіл қойып, үңіле, зерттеп қарай бастаған сықылды. Шын ақын көзге көрсетумен ғана қанағаттанбайды. Көзге көрсеткесін қолға ұстатуды тілейді.
Ақ боз үйді тіктіріп,
Көк жайлауда жатырмын.
Шаңырақтан бұлт кіріп
Оралады желбауға,
Қонады кеп омырауға,
- дегенде, омырауыңызды еріксіз бір сипап қалатын сықылдысыз. Сол шаңырақтан кірген бұлт сияқты, ақынның тақырыбы, суреттейтін болмысы мезгіл деген “желбау” арқылы жылжып түсіп, өзіне,”омырауына” қона бастапты. Буалдыр қиял бері кеп, болмысқа, шындыққа айналыпты. Алыстағысы жақындап, жақындағысын қолына ұстапты. “Дауыстаман: мен сүйемін сені деп”-дейді ақын. Несін дауыстайды? Иегінің астында тұрған құлаққа кім айқайлайды? Саңырау кісі болмаса, ондай айқайдың ерсі екенін кім білмейді?
Сөз арнаймыз, жыр арнаймыз көрсін деп,
бермей жүрген көңілдерін берсін деп.
Ой, сұмдық-ай, ет дәметкен мысықтай
Жалтақтаймыз, сен де бір сөз дерсің деп.
Жақсы айтады, аямай айтады. Өзге түгіл өзін де аямайды. Затында шынын айтқан адамдар аянбайды екен. Мұнысы несі деп екі иықты бір көтеру ешқайда қашпайды. Алдымен, ақын көңілінің құпиясын, сырын, стилін түсінуіміз керек. Бізге сырын сеніп айтқан адамға біз де сенуге тиіспіз ғой. Мен Ғафу ағамның осы жолдарына сенемін, иланамын.
Ал сендіре білу қуатты ақынның ғана қолынан келетін шаруа екені кімге де болса ақиқат жай.
Қырықтан кетсең сырғанап,
Қала да қоймас жас иісің.
Арттағы күнге бір қарап,
Көк желкеңді қасисың,
Қасисың да жасисың,
Қырықта барлық қонбаса
Салтанат мәңгі саған жоқ,
Алайда қырық жасыңда
Миың орта болмаса
Ойшыл болмасқа шараң жоқ.
Қырықтағы да, жиырмадағы да, алпыстағы да, егер ол азамат болса, ақын болса, ойланбай отыра алмайды. “Махаббаттардың қашан да, ойланбау жеткен түбіне” деп марқұм Төлеген Айбергенов айтқандай, қырсықтың көкесі, қашан да сол, ойланбаудан шыққан ғой. Қазіргі өскен, өрген поэзиядан да, алдымен, іздейтініміз, талап ететініміз де сол ой екені рас. Бағзы бір жолдастар поэтикалық жекелеген шығарма туралы: “Ойы жақсы-ау, әттең тілі нашар” деп өкініш білдіреді. Жұртқа қайдам, өзімізге осы пікір өте түсініксіз. Ойы жақсы, тілі нашар? Ойдың жақсы екенін қайдан біледі, егер тілі болмаса? Ал, жақсы ойды бере алып тұрған тіл жаман тіл бола ма? Шығарманың берілу процесінде, айтылу әдісінде ақаулықтар болса оны қаламгердің жазу техникасынан, тәжірибесінен іздеу жөн болар. Жалпы, тілді ойдан бөліп қарау өнбейтін іс сықылды. Ғафу енді бір өлеңінде осы ой туралы:
Ойшыл болу керек деп,
Үгіттейміз жастарды.
Шықпай жатып жөргектен
Жұрт қартая бастады.
… Ақыл сатқан өңкей бір
Түбіт сақал данышпан –
дейді. Мұнысы осы біз болуымыз керек. Амал не, кімге айтылса да жақсы айтылған. Жақсы етіп тұрған, Ғафудың өзі кінә ғып таңып отырған сол, баяғы ой мен ақыл. Жинақтағы “Оңаша ойлар” аталатын осы бөлім түгелімен дерлік жақсы өлеңдер. “Белгісіз хат” балладасы, “Ақ үй туралы аңыз”, “Қажымұқан”, “Ақ қайыңдар, қайыңдар” т.б. шығармалары сәтті дүниелер. Қысқасы, бұл жинақ ақынның жаңа бір биігі іспеттес екен. Ойға қарсы шықса шықсын, бірақ осындай ойлы өлеңдер жаза берсін дейміз ағамызға.
Бүгін таңда қазақ ақындары талай-талай тың, сүбелі тақырыптарға барып жүр. Партия, Ленин, космос, қойшылық сықылды тақырыптарға өлең арнамаған бірде-бір ақын жоқ десек артық айтқан болмаспыз. Ал ақындардың ең көп жазатын, көп шиырлаған тақырыбы туған жер, отан тақырыбы екен. Тіпті махаббатты жазбаған ақын да туған жерін жырлапты. Бұл ең ыстық сезім; жерін, топырағын қастерлеуден артық қасиет қайда бар. Осы тақырыпты жырлау төңірегінде ақындар көп ойланып, көп толғанатын сияқты. “Жерім, мен сені сүйемін, өйткені сен менің туған жерімсің” деген сықылды жұрттың бәрінің-ақ аузына түсе кететін жалпылама жырлардан арылып қалыппыз.

Таулары жатыр Баянның,
Көгінде сұңқар ақ бұлттар,
Жерінде Сұлтанмахмұттар,
Атамнан қалған аяулым –
Таулары жатыр Баянның.
(Сырбай Мәуленов)

Аспаның қандай, Арал, кең!
Күрсініп неге алам дем,
бір нашар туған балаң ба ем…–
Бір жұлдыз болып жанар ма ем,
бір жұлдыз болып қалар ма ем!.
(Зейнолла Шүкіров)

Жер аз ба гүлжай,
ал мұнда,
Қасірет қанша, жетер ме ой,-
Тау екеш, достар, таудың да
Жетімі жаман екен ғой.
(Әбдікәрім Ахметов)

Қабырғатал, құдіретімсің ең үстем,
Мыңыншымын сенде туған жемістен,
Осы ұлыңның амандығын тіле сен,
Мыңыншы боп өтуге мен келіспен,
бірінші ұлың болу үшін күресем?!
( Тұрсынзада Есімжанов)

“Әу” деген дауысы ңда бұл далада
алыстап барып-барып жоқ болады.
(Дүйсенбек Қанатбаев)

Өнер туралы, өмір туралы, беріктік, тұрлаулылық туралы ең әсем, ең қимас сырларын да ақындар осы туған жер фонында жақсы айта алатын сықылды. Жаңаша айтайын, жақсы айтайын деген игі талпыныс үлкен тақырып алдындағы жауапкершілікті арттыра түсетіні белгілі. Тұрсынзада Есімжановта:
Опасыздық еткен адам Отанға
Сатылмай қоймас –
деген жолдар бар. Біздіңше, сәтсіз, үстірт жолдар. Отанға опасыздық етуден артық қандай сатылу болмақ?! Жалпы, опасыздықтан артық сатқындық бола ма?! Осы сықылды ішінара кездесіп қалатын, аңдаусыз айтылған, тексерілмей тіркелген жол-шумақтар жалғыз Тұрсынзадада ғана емес, басқа да ақындарымыздан байқалады екен. Мұның бәрін жіпке тізіп жатуды артық көрдік.
Талантты ақындарымыздың бірі Мұқағали Мақатаевтың “Алатау, ассалаумағалайкүм” атты өлеңі бар. Осы өлеңді түгел келтіргім кеп тұр.
Көзінің де, көңлінің де нұрын алған талайдың,
Алатауға тамашалап таңмен бірге қараймын,
Уа, ассалаумағалайкүм, әппақ басты арайлым!
Шаруа-ата секілденіп өміріңді сарып қып,
Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып,
аман-есен жатырмысың, айналайын жарықтық?
Жат осылай тапжылмастан, осыныңды хош алам,
Баурайыңда бауыр да аман, тең-тұс аман, дос аман,
Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам!
Мақатаев поэманы да, өлеңді де көптеп, топтап жазып келе жатқан адам. Маған салса, оның басқа барлық жазғанын таразының бір басына, осы өлеңін бір басына салар едім. Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма осы өлең қатты ұнады. Адамның қара көзімен ойнайтын сиқыр емес, қасық қанымен ойнайтын сиқыр бұл! Сырттан қарағанда осы өлеңде пәлендей әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тың теңеу, соны образ, терең ой сықылды өлең атаулының бәрінен талап етіліп жүрген қасиеттер де байқалмайды. Кейде өлеңді бір сөзбен жандырып, бір сөзбен бүлдіріп алуға болады екен. Осындағы орынды қолданылған : “жарықтық", “босаға”, “ассалаумағалайкүм” деген үш сөз өлеңді жақсы көтеріп кеткен.
Ал, ең бастысы: ақын сезімінің шыншылдығы, мөлдірлігі. Осы күні дәуір тынысы, уақыт рухы деген сөздер көп айтылады. Мұны айтқызып жүрген де сол уақыттың, дәуірдің өзі болу керек. Дәуір тынысы, уақыт үні деген дорбаға салып, биіктеу қазыққа іліп қойған нәрсе емес. Ол ұмтылып барып іліп алып жүре беруге келмейді. Космос, корабль, стадион, эстрада сықылды сөздерді қанша үйіп-төгіп пайдаланғанмен уақыт рухы берілмейді. Уақыт рухын бере алатын да адам рухы. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде уақыт рухы қаға беріс қала алмайды. Өйткені, әрбір азамат, алдымен, өз кезінің ұлы. Өз ғасырының ұлы, жиырмасыншы ғасырдың азаматы бесінші ғасырды жырласа да бүгіннің, осы кездің тілімен жырлайтыны айтылып жүрген шындық. Әрбір жақсы шығарма дәуір тынысын берген шығарма. Әрбір жақсы шығарманы жақсы ететін де сол дәуір шындығы. Дәуір тынысы деген дәуірдің шындығы деген сөз болар. Ол туралы жазылған, жазылатын кітаптар да үстіне скафандр киген кітаптар емес, жәй мұқабалы-ақ кітаптар. Ол үшін әрбір жаңа шығармадан дәуір тынысын іздеймін деп ерекше, жайшылықтағыдан, тұрмыстағыдан тыс бірдеңелер іздеудің қажеті жоқ. Өмірді зерттеу, тұрмысты түсіну деген өте дұрыс нәрсе, қанша айтылса да құнын түсірмейтін сөз. Уақыт, тіршілік адамның психологиясына әсер ететіні хақ. Әркім өз тамырын тыңдап, көкірегіне үңіліп, жүрегін сауып жазылған шығарма ғана дәуір талабының деңгейінен шыға беретіні сондықтан шығар. Дәуір деген сәлем беріп кіріп, қоштасып шығып кететін әдепті қонақ емес, келер-кетерін ешкім көрмейтін, бар-жоғы да байқалмайтын ауа іспеттес. Ол адамның рухына, бүкіл тынысына, қанына сіңеді. “Өнерпаз, алдымен өзіңе үңіл” деудің мәні де осында секілді. Әсіресе лирикалық поэзияда бұл өте орынды кеңес.
Қайбір ақындарымыздың бүкіл жинағын оқығанда бірде-бір жақсы өлең, не жақсы шумақ таба алмай дал болады екенсіз. Әдетте, біз мұндай жинақтар туралы ештеңе айтпауға үйреніп кеткенбіз. “Жаман ғой, жаманды жаман дегенде май шыға ма” дейміз. Бұған жаман жинақтың авторлары да үйреніп алған. Баспадан кітап шығып жатыр. Бірде-бір жолының асты сызылмайды. Өйткені, бәрі дұрыс. Ұйқасы бар ма, бар, ырғағы да бар. Қанша буынмен бастаса, сонша буынмен бітіреді. Сыртынан қарағанда жұп-жұмыр, теп-тегіс. Оқылғанда да мүдірмей оқылады.
Түнде ұзақ отырып қалыппын,
Құлаппын төсекке қалжырап.
Дей алман: “ұйқыға қаныппын”,
Мен үшін кідірмес таң бірақ.
Бұл Әбірәш Жәмішевтің “Күміс кірпіктер” атты өлеңінің бірінші шумағы. Әбекеңнің лирикалық кейіпкері ұйқысын аша алмай төсекте көп жатады. Біреу жүзіне жүзін, көзіне көзін тақағандай болады. Алғашқыда аяулымның өзі екен деп қалады:
Бұл несі? Сүйгелі жатыр-ау,
Қарай ғап соншама қадала.
Жанары жалын ба еді, апыр-ау,
От болып күйдіріп бара ма?!
Ешкім күйдіре де, сүйе де қоймайды. Сонсоң кішкене қызым екен деп ойлайды:
Қызықтап мұртымның тұқылын
Көзін кеп тақайды көзіме.
Күлемін, келеді қытығым,
Тентек-ау, әй, мұның өзі де.

Ұйқымды жалма-жан ашып ап қараймын…
әлгілер бекер ғой…
Сүйтсе:
Жанары жарқ етіп шашырап,
Оянған күн сұлу екен ғой.
Әбекеңнің геройы түнде кеш жатқаннан таңертең ұйықтаңқырап қалыпты. Бетіне күн түсіп тұр екен. Бар болғаны осы. Осы үшін қырық жолдай өлең жазылыпты. Өлеңінің түрі жоғарыдағыдай. Не деген талғамсыздық! “Күміс кірпіктер” атты бұл өлең жинақтағы ең басты өлең: жинақтың өзі осы өлеңнің атымен аталыпты. Жинақта мұндай өлеңдер біреу болса, он болса да кешіруге болар еді. “Күміс кірпіктер” кітабына енген қырық шамалы шығарманың бәрі осы деңгейлес болса, қалай төзерсің.
Өкім Жайлауов кітабын “Шопан даусы” деп атапты. Жақсы тақырып, керек тақырып. Жинаққа алпыстан астам өлең еніпті. Бәрі де дұп-дұрыс, бәрі де мап-мақұл. Бірақ осы дұрыс нәрсенің бәрі поэзия бола бермейді екен. “Поэзия дегеннің не нәрсе екенін мен білмеймін, бірақ анық керек нәрсе, соның ішінде маған керек екенін жақсы білемін” дейді Михаил Светлов. Біз де поэзияның не екенін дәл айтып беру жауапкершілігін міндетімізге ала алмаймыз. Бірақ “Шопан даусының” нашар жинақ екенін айтуға болады. Бұл өлеңдерде от былай тұрсын, ұшқын жоқ. Қанша үңілсеңіз де жылт еткен ештеңе көрінбейді. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған ойлар, қиыса-қиыса қиюы қашқан ұйқастар. Шопан туралы автор:
Қазір сенің дей алман жолың тараң (?)
Игіліктің төліне толы қораң.
Қаһарыңнан қаймығып қалт-құлт еткен,
ақ қар, көк мұз, түтеген долы боран.
Бұл шопан туралы өлеңі.
Тездетіп бар да үйінен
акушер қызды кел ертіп.
Көңілімде толғақ жиілеп
Күпті ғып қойды елертіп (?)
Бұл “Толғақ” деген өлеңі. Әріптеп іздеп, әдейі табылып алынған жолдар емес, Өкімнің кез келген өлеңінің кез келген шумағы. Жинақта “Шана үстінде” деген өлең бар. Іліп алар өлең осы. Бұл өлеңді көрсетіп тұрған да басқа, қалған өлеңдердің нашарлығы. Басқа өлеңдері мықты болса, “Шана үстінде” сынайтын-ақ шығарма. Мұндай жинақтарды шығаруға болып тұр, ал шығармауға әбден болар еді. Бір адамға жақсылық жасаймыз деп мыңдаған адамға қиянат жасау деген осы. Әрбір нашар жинаққа қол қойғанда осы жағын да ойлау керек сықылды. Анкета толтырғандағыдай салқын қандылықпен қалай-қалай салған өлі сөздер өлең болып жарытпайды.
Қадыр Мырзалиев ақындық тапқырлығымен, ойының нақтылығымен ерекше көзге түскен адам. Ол нені айтса да дәл айтады, тауып айтады. Өнер алдындағы, ақыл-ой алдындағы өз жауапкершілігін бүкіл ел, заман алдындағы парыз-міндет деңгейіне дейін көтере білген, шын мәніндегі мәдениетті ақын. Қадыр, қашан да болсын, объектінің күн жағынан, жақсы жағынан қарайды. Бірақ ол мәселенің көлеңке бетін, көрінбей жатқан бетін зерттеп біліп, көңілімен сезіп отырады. Болмыстың бір қырын алғанда, екінші қырының қай жақта, қай жерде тұрғанын есінен шығармайды. Оның теңеу-образдары да алыстан алынған дүниелер емес, әркімнің-ақ күнбе-күнгі көріп, ұстап жүрген тіршіліктегі, тұрмыстағы дүниелері. Осы қасиеті Қадырды оқушы көңіліне ерекше жақындастыра, ұғындыра түседі. Оның өлеңдерінің кез келген оқушының “тіліне жеңіл, жүрегіне жылы тиіп” жататыны сондықтан.
Самұрық самғады дейміз,
ол - күшін сынағаны шығар,
Бұлбұлды сайрады дейміз
Мүмкін ол жылағаны шығар-
дейді Қадыр. Шынында да, мүмкін, “жылағаны” шығар?! Сан қырлы табиғаттың біз қай сырын түсініп, қай қыртысын ақтарып жеттік дей аламыз! Қадыр өлеңдерінде жаңа шындық, жаңа сенім (новая убедительность) бар. Ақын поэзиясын қызғылықты ететін де осы. Поэзияда ой, образ, теңеу дегендерді қызық етіп қалау үшін көретін көз бен ұстайтын қол аздық етеді. Ақыл мен Сезімнің үстіне, өмірлік үлкен тәжірибе керек. Осы тәжірибе Қадырда мол. Осының бәрін қосып білім, оқымыстылық редакциялағанда ғана тегіс, біртұтас творчество шығады. Қадыр творчествосы сондай творчество. Заман, уақыт қойған ауыр талапты, қай жағынан болса да, көтере алатын да осындай творчество болса керек. Қадыр талантының, ақыл-білімінің үстіне, аса еңбекқор, ізденгіш ақын. Ол поэзиясы үшін ғана өмір сүріп жүрген сияқты.
Махаббат менде - тақырып,
Махаббат - өмір сендерде –
деп, замандастарына қызыға қарайтыны да содан. Ол өзіне айтылған әрбір жылы сөзді, көрсетілген ыстық ықыласты қойылған жаңа талап, парыз-міндет деп қана түсінеді. Сондықтан да Қадырдың:
Өмір сүріп жүргенім жоқ,
Өтеп жүрмін парызымды –
деуге әбден правосы бар. Поэзияның осындай бейнетқоры Қадыр Мырзалиев жастар аталатын кейінгілердің ішіндегі ең көрнектісі. Ол өлеңді төгіп-ақ жазып келеді. Соңғы кезде жарық көріп жүрген кейбір мақалаларда Қадырға сын да айтылып жүр. Бірер әрпі жетпейтін, не артық кететін ұйқастар Қадырда ғана емес, жұрттың біразында бар тәжірибе. Оны Мырзалиевке мін етіп басу - болымсыз, өнбейтін тіршілік. Ұйқастырса жұрт Қадырдай етіп-ақ ұйқастырсын! Қазіргі қазақ өлеңінде ұйқастыра білмейтін ешбір ақын жоқ. Жақсы ақынға ұйқас мәселесін әңгіме қылу, мін ғып айту - профессорға әліппе үйретумен бара-бар нәрсе деп түсінеміз. Қазақ поэзиясы ұйқас проблемасын атамзаманда шешкен. Әйтеуір Қадырға бірдеңе айту керек болса, оны ұйқассыз да айтуға болады. Қадыр кейде қарапайым айтам деп, қарадүрсін айтып алады, түсіндірем деп ежіктеп кетеді. Керек нәрсені айтам деп, кез келгенді айтып салады. Содан барып арзан, Қадыр қаламына татымайтын, тайыз жолдар туып қалады. Мұндай өлеңдер Қадырда өте аз, бірақ жоқ емес. Осы жағын талантты, талғампаз ақын ескерер деп ойлаймыз. Оқушымен есептескен дұрыс, бірақ оның артына түсуге болмайды.
Сағи Жиенбаевтың жыр арнасында күркіреген көк толқын жоқ. Оның толқыны бәсең ағатын, сабырлы, мінезді “Ақ толқын”. Күркіреген көк өзенде көбік те көп болады ғой. Сағида ондай болмайды.
Қашаннан тауда жүргендер
Қасиетін білер бір гүл бар:
Құбылмайды өзге гүлдердей,
Қызықпайды оған бұлбұлдар -
- деп, өзі айтқандай, Сағи ақын біреу қызықсын деп “құбылуды” білмейді. Ылғи да бір мінез, бір принцип. Барын орынды, ақылды пайдаланады. Cағи шебер, мастер ақын. Оның әр сөзі орнында, әр бояуы керек жеріне ғана жұғады. Атқаны нысанаға дәл тиеді. Бұл ақынның өлең ісіне ұқыптылықпен, сақтықпен қарауының арқасы, соның жемісі.
Лирикада табиғат тақырыбы, лирика - лирика болғалы жырланып келе жатқан, іргелі тақырыптардың бірі. Бұл салада да ақындар бірсыпыра жырлар жазып, ізденістер істеп тастапты.
Желіндері сыздаған
бие бұлттар бір табын.
Душқа түсіп мұздаған
дір-дір етіп тұр талы.
(Қадыр Мырзалиев)
Төбешікте шоқтанып тұрған қайың
ару қыздың ұқсайды үкісіне.
(Тоқаш Бердияров)
Жұлдызы жиі түнгі аспан
мақталы алқап дер едім.
Мен соны терем тынбастан,
Сол деп ұқ саған берерім.
Түнімен терем, әманда,
Ойға бір батып отырам.
Таң деген әппақ қанарға
Жұлдызды салып толтырам.
(Әділбек Абайділдәнов)
Табиғат - біздің анамыз. Оған жыр арнамау мүмкін емес. Біз оқыған кітаптардың ішінде табиғат жәйлі жыры жоғы жоқ деуге болады. Бірақ соның көпшілігі-ақ селт еткізбейді. Бұрын жазылып қалған жақсы жырлардың әсері, не соның вариациясы ғана болып жатыр. Қай тақырыпты да жырлағанда әркім өз қырынан, өз биігінен келеді ғой. Әр ақын өз “жаңалығын” ашады. Тыңнан бір нәрсе айтпаса, ол тақырыпқа жолаудың керегі жоқ. Табиғатты суреттеу, әсіресе, сонылықты, жітілікті керек етеді. Табиғатқа жұрттың бәрі құмар, оны бәрі біледі. Табиғатты жырлаған ақынның “қатесінің” көріне қалатыны да содан. Өйткені “оригинал” көз алдыңда жатыр. Бұған қарап, табиғаттан тікелей көшіру керек деген ұғым тумайды. Табиғаттан үйрену керек, оған еліктеу керек. Пастернактың, Ахматованың т.б. ірі ақындардың творчестволық тәжірибесі осыған саяды. Тютчевтың, Блоктың ең қысқа, ең әсерлі өлеңдері табиғат туралы. Олар әрбір селт еткен бұтаға, секіріп түскен тамшыға сезім салады, мінез береді. Бір теңеу айтылса, осымен өлең бітті деп, шығып жүре бермейді, үңіліп, зерттеп, астарлап тастайды. Ақын суреттеген әрбір бұтаның артында адам бар, әрбір тамшының көзінде шындық бар. Соны сезім сүзгісінен, ой елегінен өткізгенде ғана әсерлі поэзия тумақ. Адамның көңіл-күйіне де мықты әсер ететін осы табиғат. Александр Блокты қуып оқып жүретін біреу: “Мен оның (Блоктың) өлеңіне қарап, сол өлең жазылған күні күн ашық болды ма, бұлтты болды ма, бірден біле қоям” деп мақтанған екен. Біздіңше, бұған таң қалуға болмайды. Поэзияның жаны лирика десек, лириканы лирика ететін де осы көңіл күйі, жан атмосферасы. Көңіл күйі (настроение) жоқ өлеңді мақтау қандай қиын болса, сынау сондай қиын. Ондай өлеңдерді де тізіп жатуды артық көрдік.
Төлеген Айбергенов сыршыл, жанып айтып, жарылқап тастайтын жақсы ақынымыз еді. Оның ақындық мінезі өр болатын. Жұлқынып, қызу сөйлейтін. Ежелгі халық поэзиясының отты, сазды рухын, өлең жазудың осы заманғы техникасына сәтті ұштастыра білген бұл ақын тым ерте үзілді.
Осы мен кемеңгер кең далама
айналып кетсем бе екен –
деп тұрған шағында сөнді. Төлегеннің “Мұнаралар” атты соңғы жинағы жәйлі көптеген жақсы пікірлер айтылып жүр. Ештеңенің жоқтан пайда болмайтыны сияқты, Төлегеннің ақындығы да “Мұнаралардан” пайда болған жоқ. Оның “Мұнаралардан” бұрын екі кітабы шыққан. “Мұнараларға” кірмеген қанша жырлары тағы бар. Осылардың басын қосса үлкен бір том шығады. Айбергенов творчествосы - қызық творчество. Бүкіл ақындық болмысымен, жетістік-кемшілігімен, қайшылығымен қызық. Үлкен том етіп шығарып алып, егжей-тегжейлі сөз етуге, зерттеуге татитын дүние. Төлеген туралы ендігі айтылатын сөз - аса жауапты сөз болуға тиіс. Өйткені, мұраға айтылатын сөз. Сондықтан да біз осы шағын, шолу сөзімізде ондай жауапкершілікті мойнымызға ала алмадық.
Өндіріп жазып келе жатқан ақындарымыздың бірі Тұманбай Молдағалиевтің кейінгі кітабы “Ескерткішке” ақынның, негізінен, жол-сапар әсерлері, көңіл күй жырлары енген. Тұманбай нәзік, сыршыл ақын. Егіліп, беріліп айтатын Тұманбай, қайтыс болған анасының ескерткішіне арнаған өлеңінде:
Жасымнан жаттап өскен жыр, өлеңдей,
Жүрдім бе қадіріңді біле бермей.
Қасыңа үнсіз келіп отырушы ем,
арқамды Алатауға тірегендей –
дейді. Табиғи, әп-әдемі өлең.
Бетімнен ешкім менің иіскеген жоқ,
баламды мен иіскедім есік ашқан –
деген жолдары сендірмей қоймайтын жолдар. Табиғатынан сезімін, махаббатын жырлағыш Тұманбайдың «Топырағың торқа болсын, анашым» циклі түгелімен дерлік жақсы өлеңдер болғанымен, ақыл айтайын, ақылды сөйлейін деген тұстарында жырлары олқы соғып қала береді екен. Жинаққа енген көптеген өлеңдерде осындай олқылық бірден көзге түседі.
Тәкәппар бол тағдыр қайда қуса да,
Сынып кетпе бетіңді жас жуса да.
Мойындама, ажал келіп қылышын,
тас төбеңнен жарқылдатып тұрса да
сықылды шумақ, Тұманбай үшін үстірт, өрліктен гөрі өзеуреуі басым, тым белсенді шумақ. Мұндай ойларды жандырып тұрып айтатын ақындар бар, бірақ олардың бірінің де аты Тұманбай емес. Біз мұны айтқанда, Тұманбайға: ылғи да еріп, егіліп жаз деп отырғамыз жоқ. Кімнің де болсын өз талантының характерін, әркім өзінің оң жамбасын танығаны мақұл демекпіз.
Қазіргі өлең өнері, тағы да айтамыз, өскен өнер. 40-50 жылдары жазылған жап-жақсы өлеңдеріміз бүгін қарасақ ескіріп, ол жылдары шыққан биіктеріміз аласарып қалыпты. Бұл заңды нәрсе. Бірақ шын мәніндегі жақсы шығарма ешқашан ескірмеуге тиіс. Спортта спортшылар күнбе-күн рекорд жасай бермейді. Олар рекордты өздерінен өздері озған шағында ғана жасайды. Мұндай шақ адам өмірінде біреу бола ма, он бола ма - оны айту қиын. Осы қағиданы поэзияға да қолдануға болады. Әр ақынның өзінен-өзі биік шығатын, өзінен-өзі озып кететін кездері болса керек. Сәбиттің «Майға сәлемін», Қасымның «Байқалын», Әбудің «Ақша бұлтын», Әбділдәнің «Аралдарын», Хамиттың «Жайық жырларын», Қалижанның «Махамбет қабіріндегі тебіренісін», Сырбайдың «Ақын мен толқынын», Жұбанның «Жыр туралы жырын», Қуандықтың «Реквиемін» т.б. ақындардың жекелеген туындыларын біз осындай озық үлгілер санаймыз. Біздің кейінгі ақындарымызда жақсы өлең көп-ақ. Жақсы циклдер, тіпті, негізінен, тұтас жақсы кітаптарымыз да бар. Бірақ жақсының жақсысы, жаңаның жаңасы болмай ма. Алатаудың барлық жерінің биіктігі бірдей болса, ол дәл осындай әдемі, осындай әсерлі болмас еді. Осы жағынан қарағанда, пәленнің пәлен өлеңі-ай, шіркін, деп тамсанатын үздік шығарманы біз алғы күннен күтіп келеміз. Қазір ақындарымыз ойлану, толғану үстінде. Алда В.И. Лениннің туғанына 100 жыл, Қазақстанның 50 жылдық мерекелі асуы тұр. Осыған байланысты үздік көркем шығармаларға конкурстар жарияланып жатыр. Осы асулар бір шаң берер, бір сілкінтер деп сенеміз.


1969 жыл