Н.Исахметовтың өлеңдер жинағы жайлы
Нүсіпбек Исахметов – көп жылдан бері жазып келе жатқан, талай жинағы жарық көрген ақын. Ұтымды да өткір, тосын да ойлы жырларымен көзге түскен Нүсіпбектен өз басым көбірек күткендіктен бе, бұл жинақ әп дегенде еліктіре қоймады. Ашығын айтайық, ақын тым салақсып кеткен тәрізді. Анкета толтырған сын-ды, өлеңнің жолын құр сөзбен, сөздермен толтыра салу – оңай шаруа.
Болып па еді сендей қала,
Болса да мен теңгерем бе.
Қарап қалам таңдай қаға,
Бірінше рет көргеннен бе...
Ертең ерте тұрмадым ба
Кремльдің курантымен.
Шықпадым ба шыңдарыма («Москва»)
Москваның қуатымен.
Жинақ осы секілді шумақтармен ашылады да әрі қарай кете береді, кете береді.
Ертеде намаз білмейтін, бірақ Құдай-тағалаға деген ниеті дұрыс біреу күніне бес мәрте жайнамаз жайып: «ақ қойдың кендесі, қара қойдың кендесі, мен – Құдайдың пендесі» деп, құбылаға қарап жығыла береді екен. Нүсіпбекте де сол секілді, ұлы астана Москваға деген жақсы ниеттен басқа ештеңе аңғарылмайды. Өзі ақын, оның үстіне Москваны «бірінші рет» көрсе, әлгі жолдардан гөрі салмақтырақ бір нәрсе ойға оралуы керек еді.
Келесі өлең «Қызыл алаң» аталады.
Қызыл алаң, қызыл алаң,
Тұрмын бүгін нақ төріңде.
Күн сезімнен қызу алам,
Болып барам ақ көңіл де.
Байтақ мынау Одағымның,
Мен де іргелі бір елімін.
Сол жаңарған адамыңның
Жалындаған түлегімін...
Отанымның бар түкпірі
Саған келіп түйіскендей.
Махаббаттың тартып нұры
Қос жүректер сүйіскендей.
Бұның бәрі сырғып қана оқылатын кәдуілгі қызыл сөздер. Адами бір нәрсеге таңданғанда, сүйсінгенде, одан гөрі қуанғанда көңілшектеніп, «ақ көңіл болатыны» рас. Сол себепті, бірінші шумақтың төртінші жолында ғана, өзге тармақтармен салыстырғанда, шындық, жан бар тәрізді. «Тұрмын бүгін нақ төріңде». Алаңда төр бола ма? Шеті-жиегі, ортасы, т.б. болса – бір сәрі. Нүсіпбек сықылды ақын үшін, өзгесін былай қойғанда, «түйіскендей – сүйіскендей» сипаттас ұйқастардың өзі абырой әпермейді. Мұндай арзан үйлесімдерді ақтау үшін ой, сезім, сурет керек қой.
Енді бір өлеңінде ақын:
Қазақ әні естілді
Алты қырдың астынан.
Алды менің есімді
Мына ғажап тасқын ән,– дейді. Осы шумақты оқығанда еріксіз: бұл өзі қайда жүрген адам деген сауал туады. Расында, авторға қазақ әні осынша таңсық па? Әлде өзі «алты қырдың астында» жүр ме?
Жинақта «Кепебұлақ молалары» деген тәп-тәуір өлең бар. Бірақ мұнда да әлтек-тәлтек жолдар ұшырап қалады.
Кепебұлақ бас жағында мола бар,
Жатыр мұнда ескі әруақ – бабалар.
Жамау тілеп тұрған жыртық киімдей
Әр жыл сайын кем-кетігі жамалар.
Соңғы екі жолдың мағынасы бұлдыр. Себебі, қазақ ескі моланы «жамамайды», жаңартпайды. Егер қауым ішіндегі бос орындар тірілер есебінен толып жатса – басқаша құру керек жырды. Әйтпесе:
Анасына «апа» деген сөз арман,
Баласына «әке» деген кез арман.
Туған елге – туысқанның бәрі арман;
Туған жерде өлмегеннің өзі арман.
Бәріміз де тіршіліктің қонағы,
Сондықтан да қадірлейміз моланы.
Неге ғана туған жердің түлегі
Жат жерлердің топырағында қалады?!
Елге керек әр қашан да ер күші,
Азаттықты келмес жаудың бергісі (?)
Қан майданда қаза тапқан ерлердің
Туған жерде тұрса деймін белгісі!
Мұндай жолдардың кемшілігін де кешіруге әзірміз.
Достарым-ау, сендерді көп ойлаймын,
Мені де ойлап жүр олар деп ойлаймын.
Өздеріңе табына өлең жазып,
Сөздеріңе сағына ән арнаймын.
Әп-әдемі-ақ шумақ. Шыншылдық бар, сезім бар, жылылық бар.
Еркіндікті ақындар сүйеді деп,
Еркелетіп жіберген өзің білем,– деген жолдары да жарасып тұр.
Нақ отыз жыл колхозында
істеді апам қыс-жазы,
Қазір міне асып кетті
қырық жылдан стажы.
Немерелер, шөберелер ортасында бұл күнде
Өскендер мен өлгендердің
штатта жоқ ұстазы.
Мұндай жолдарды да құптағың келіп тұрады.
Біздің біраз ақындар «Москва», «Қызыл алаң», «Қазақстан», т.б. тақырыптарды өздерінің өлең жинақтарын баспадан өткізетін, «ай мүйізді ақ серке» сын-ды түсінетін сияқты. Әрине, бұл түбірімен жаңсақ түсінік. Саяси өлең деген өлең жоқ, өлең деген өлең бар. Өлеңді атына емес, затына қарап іріктейтін кез әлдеқашан жеткен. Нүсіпбек мұны білуге тиіс...
Қорыта айтқанда, жинақты іріктеу, қарау керек. Автордың қабілетті кісі екені белгілі. Әйткенмен, тәуір өлеңдер тым аз көрінеді. Әр тұста бір жылт етіп қалатын тармақтар мен шумақтар Исахметов үшін қанағат болмауы ләзім.