Мұқағали Мақатаевтың қолжазба мұрасы хақында
Жұмекен Нәжімеденов
Мұқағали Мақатаевтың қолжазба мұрасы хақында
( көлемі 744 бет)
Әр өнерпаздың, ақынның мықтап бір танылып, міні ойсырап, шыңы жарқырай көрінетін уақыты болады. Бұл жай – белгілі бір жылдардағы әдеби модаға да, ағым-алыпқаштыға да, тіпті, сол ақынның өлі-тірісіне де байланысты емес секілді…
Мұқағали марқұм көзі тірі кезінің өзінде жарқырап танылған шын мәніндегі таланттарымыздың бірі еді. Сондықтан шығар, өз басым осы қолжазбаны алғаш ұстағанда екі түрлі сезімде болдым. Оның бірі – қуаныш, бірі – қорқыныш. Қуанғаным - өзіме әлдеқашаннан таныс екпінді, әсерлі жырлармен қайыра кездесу рахаты, тұщыну, тану ләззаты да, қорқынышым - жақсы ақынның бұрын белгісіз орасан бір олқылықтарын (біреудің етегін түріп қараған секілді), мінін, осалдық жағын көріп қою; содан қауіптену, содан секемдену түйсігі екен, өйткені, әркім жақсы көрген, үміт еткен адамының бойынан ақау көргісі келмейді ғой. Мені, алдын ала ашылайын, әлгі айтылған екі сезім алдамады, екеуі де орнынан табылды. Бірақ, қолжазбаны оқу үстінде қуанышым молыға, күшейе түсті де, қорқынышым бірте-бірте азая берді. Себебі, мен ақын жырларынан көрген кемшілік-міндерді кешіріп, соған көндігіп үлгердім. Бұған әсер еткен – қолжазбаның ересен молдығы. Жеті жүз қырық бет өлең! Және кітап бетін көрмеген жаңа өлең!
О, жастық!
Сен өлгенде – мен өлемін,
Сенсіз мен қиылған бір бөренемін.
Көнеремін, білемін, көнеремін,
Көгере бер мәңгілік сен, өлеңім.
Жырсыз менің өмірге не керегім,
Жырдан басқа жұртыма не беремін? (12-б.)
Рас, жырдан басқа ақын не бере алады? Жырдан басқа жұрт не күтеді, не талап етеді? Бірақ көзі тірі ақынға талап тым көп. Ақынның жүріс-тұрысы, берген сәлем, алған қолы, тәртібі, мінезі... Мұқағали марқұм ондай талап-міндеттерден құтылған кісі. Бізбен бірге оның жыры қалды. Бұдан былайғы әңгімеміз ақынның тек жыры, өнері төңірегінде ғана өрбуге тиіс.
Не көрмедім демеймін.
Нені көрдім?
Маған, өмір,
Көрсін деп нені бердің?
Ештеңе де көргем жоқ,
Көрмей, білмей
Жөніме өлгім келеді, жөніме өлгім. (55-б.)
Неге көргісі, білгісі келмейді? Ақын атаулы көруге, білуге құштар емес пе еді?! Жо-оқ. Бәрі жақсы, бәрі ақынның, азаматтың назарына, жан-рухына ылайық болса – неге көрмесін! Тұрмыс-тіршіліктің кейде өстіп адал, арлы жанның бетін бастыратын “мінезі” - әлем әдебиетіне аян жай.
Мұқағали поэзиясы – шын мәніндегі халықтық поэзия. Айқын, ашық, әуенді. Өлеңдерінің үнділігі жағынан ол көп ақынға үлгі, өнеге. Одан қазіргі қалам ұстаған жастар үйренер талай-талай қыр, сыр бар. Мұқағали ешқашан моданың ақыны болған жоқ, сондықтан оның жырлары ескірмейді де. Атайы домбырашының қолындағы қой ішегін таққан домбырадай, барлық уақытта да, күмбірлей есіліп отырмақ.
Ақыр түбі ақылдылар үйретер
арамтамақ, азғын, ақымақтарды. (137-б.)
Іләйім, солай болғай. Мұқағали поэзиясының, негізінен, жарқындығының көп сыры – осы бір үмітшілдікте, сенімде де жатыр.
Шабындықта бөденелер, шегірткелер ән сап,
Жасыл тоғай жабығуда өздеріңді аңсап.
Оралыңдар, оралыңдар, оралыңдар елге,
біздер үшін неге керек атақ, даңқ, мансап.
Шақырады шабындықтар, бұйра шашты талдар,
Жолдарыңа көз тігуде кемпірлер мен шалдар.
Туған жердің аспаны да азан салып жоқтап,
Жұлдыздардың көздерінен отты жасы парлар. (139-б.)
Бұндай өлеңдер бұрын М. Мақатаевта болмаушы еді.. Сірә, ақын кейінгі жылдары жырдың формасы, өлшемі төңірегінде де іздене бастаса керек.
Сенемін!
Сенемін мен!
Сенемін мен!
(сенбесең оқып қара өлеңімнен)
Мына жер, ана аспанның тереңінен
Сенделіп, сенімді іздеп келемін мен! (323-б.)
Ақын сенімді іздеп те, сеніп те білген екен. Іздегенін – тапқан, тапқанын ұстай құлдана да алған, от-ауызды, орақ-тісті ақын батыл сөйлейді, жамандыққа, жаман мінезге төзімсіз-ақ. Мұнысы ақынның осы, соңғы жырларында, әсіресе, айқындала, ашыла түскен секілді. Мына бір жолдарды оқығанда менің көз алдыма: Жазушылар үйінің коридорында әлдекімді ұстап ап, көзіне шұқып тұрған Мұқағали-марқұмның аужар бейнесі елестейді:
Сен емессің, емессің!
Сен емессің!
Жақсылық көрген емес сенен ешкім.
Сен - өсекшіл қатынсың, ер емессің!
Алаңысың төбелес, ерегестің!
Жұрттың айтқан сөзіне қарамағам,
Мен де сені жағалап, ағалағам.
Бұл күні,
Естисің бе, жаман адам,
Басыңды бес тиынға бағаламан. (259-б.)
Бұ сын-ды қатал сөздерді естуге ылайық адамдар әлі де жүр. Олар Мұқағалидың жан сырын, неге қуанып, неге ызаланатынын ешқашан ұққан емес, баққандары әдебиеттің аз ғана қабілетті адамдарының төңірегінде өсек өрбіту, сөз көбейтіп, пікір тарату. Олар үшін өнер – тамақ асыраудың, дәреже, мансап өсірудің құралы ғана. Аз ғана талантты жандардың өнеріндегі, не өңіндегі сынықтықты көрсе – бір жасап қалатын қатігездер…
Мақатаев көп жұртқа “Қызылкөз бәле” құсап көрінгенімен, зады момын, жаны нәзік, сезімтал, жүрегі жалаңаш адам еді. Ол қулық-сұмдықты білмейтін. Оны ғұмыр бойы – еңбегі, өлеңдері сүйреп келді. Өлеңдеріндегі сықылды алғырлық өзінде болған жоқ. Әйтсе өлеңін өзі сүйрер еді ғой. Өнерінің сүйреп әкелген жері – Мұқағалидың тірісінде көрген рахаты. Ал, өнерін өзі сүйрейтіндей пысықтығы болғанда Мұқағали - Мұқағалидан әлдеқайда биік тұруға ылайық жан. Сол олқылық енді толуға керек...
Ақын жырларына жұртшылық ықыласы соңғы бірер жылда, әсіресе, қатты құлады. Оның себебі, жыр құмар қауымның көзі жоқ кісіге деген ізет-құрметінен ғана емес, өлеңнің сапасынан да. Басында айтқанымыздай, ақын қазір шын танылып отыр. Мұқағалидың күні бүгін жетістігі де, кемшілігі де алақанымызда секілді. Бірақ, бұндай түсінікке де сақ қараған жөн. Біздің қолымыздағы бір машина сексеуіл емес, бір папка жыр. Поэзия! Қазіргі деңгеймен қарағанда да, осы дүниелердің ішінде, ашығын айту керек, баспа бетін көруге жарамайтын дүниелер жоқтың қасы. Ең нашар дегендерінің өзі ақынның қолынан шыққанын сөйлеп тұр. Әйткенмен, біраз жырлар автордың соңғы редакциясынан өтпеген, жол, шумақтар іріктеліп, сараланбаған. Қайсыбір өлеңдер бірін-бірі қайталаған күйінде жүр. Мұның бәрін нақ бұл қалпында қоя берсек – ақынның атына ылайық іс еткен болмаймыз. Тіпті, машинкадан кеткен қате болуы да мүмкін, қайсыбір түсініксіз сөздер, тіркестер кезігеді екен – ондайдан арылтып ұсыну мақұл. Негізінен, оқушыны сүйсіндіріп отыратын бұл қолжазбаны оқып шыққанда, өз басым, мынадай түйінге келдім:
1) Барлық қайталау, қателерді сылып тастау жөн. Қолжазбаның көп беттеріне белгілер соғылып отырды. Әсіресе бірінші папкада ауылды еске алу сарыны өте мол. Ең жақсыларын іріктеп басу керек. Сонсоң, тағы да, бірінші папкада “Мен шын махаббат көргем жоқ” дегенді көп айтады, оны да азайтпаса болмайды.
2) “Менің отаным” (409-бет) атты ұзақ өлеңде “Жылғалар, көлдер, бұлақтар” т.б. біртекті сөз-ұғымдарды тізе береді, тізе береді, бірақ аяғында түйін жоқ.
Қаршыға тиіп кептерге
Қанатын үзіп кеткенде,
Қалқып бір ұшқан найзадай (?)
Тырналар ұшып өткенде
Саршаның күні (тамыздың шығар)
Жеткенде... (263-бет)
секілді Сыпыражыраулық аңғарылады. Мұндай тұстар біраз бар. Оларды да әзірге (ақын шығармаларының толық жинағы шыққанға дейін) ұстай тұрған дұрыс болар еді. Сондай-ақ, “Отаным, саған айтам” (719-бет) атты поэма да тым арзанқол, Мұқағали атына татымайды.
3) Толып жатқан ән текстері бар. Оларды да кейінгі кітаптарға қалдыра тұру абзал.
Ақын Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының өлі-тірісін қоса есептегенде, ешбір қайраткерінен кем емес. Оның қалдырып кеткен мұрасы төңірегінде әлі талай келелі-келелі сөздер қозғалары хақ. Мына жинақ болашақта ақын творчествосына арналып айтылар сүйсіну-мақтау сөздер биігіне апарар жолдағы алғашқы баспалдақ қана. Оқушыны ренжітіп алмас үшін (ал, оған автордың өлі-тірісі бәрібір) азды-көпті іріктеу, жинақты бұдан да гөрі жақсарту шараларын, шет-жағалап та болса, айтып өттік. Бұл жұмысты жауапты, сауатты редакторға жүктеу дұрыс.