Мұхтар Шахановтың жинағы туралы

Көлемі 280 бет

Мұхтар Шаханов – жырды түйдектей, төгіп жазатын алымды ақын. Ол нені болсын күйіп-жанып айтады, қыза толғап, қызықтыра сөйлейді. Тақырыпты да тапқыш-ақ. Әсіресе, тарихи оқиғаларды арқау ете жазылған толғау-балладалары, дастандары тартымды, нәрлі. Өмірді, тұрмысты жақсы білетін ақын кіп-кішкене детальдардың өзінен үлкен қорытынды жасай алады. Бұл қысқасын айтқанда, ақынның ақын ретінде де, азамат ретінде де өскендігін дәлелдейді.

Кім қайратты?
Кім кімге асқар тұлға?
Мүмкін бе екен тағдырдан бас тартуға?
Неткен ғажап!
Биіктен құлаған тас
Сынғанымен қалады тас қалпында.
Құзар шыңда,
Ойпаңда,
Бұралаңда
Талайлары сын күтіп тұрады алда.
Быт-шыт болып кетпей ме қам кесектер
Кім-кішкене қабақтан құлағанда (7-бет).

Бұл үзіндіден Мұхтардың кез келген құбылысқа жіті қарайтынын, өрден домалаған кез келген тас кесекке шейін оның назарынан тыс қалмайтынын, басқаша айтқанда, көре де, ойлай да білетінін аңғаруға болады. Ендігі заман ақынының ең басты қасиеті де осы болуға тиіс.
Нұрға орап жаңа отауды
Түннің бір ортасында.
Ай туды, Алатауды
Жамбастап арқасына (10-бет).
Соңғы екі жолды түсіну тым қиын. Алдыңғы екі жолды түсінген-ақ болайық. «Ай туды жамбастап арқасына». Арқасына жамбастағаны, әрине, болмайды. Бұ сықылды тұстар да, аса жиі болмағанымен, кездесіп қалып отырады.

...Енді бізге бір жүру жоқ,
Сондықтан
Екеуміз де құздан ұшып өлеміз.
Тіршілікте жетпесек те мұратқа
Ақыретке бір барамыз бірақ та.
Ант етемін алған серттен танбасқа,
Жасымасқа,
Жүнжімеске,
Талмасқа.
Өміріме шуақ құйған өзің ең,
Өлімге де алдыменен сен баста (14-бет).

Бұл жолдардан ақынның екпіні көрінеді. Менің ойымша Мұхтар монолог жазғанда жандырып жібереді. Бұ да лириктерге аса қажет әрі басты қасиет, өйткені, лирика дегеннің өзі де монолог қой.
Жинаққа енген шығармалардың ішіндегі ең шоқтықты, сөз жоқ, «Сенім патшалығы». Мұнда Мұхтар драматург ретінде танылады. Ақынның жоғарыда айтылғандай, монологке шеберлігі осы тұста мықтап аңғарылады. Шығарманың бүкіл рухында, композициясында шын мәнінде табылып, сәтті шыққан көп тұстар бар. Осы заман адамдарына өткен оқиғалардың, сол оқиғаларға қатысушы адамдардың ірілік-кісіліктері төңірегінде толғап, ой тастау тап осы жолы ұтып кеткен. Осы шығарма жайлы көп-көп пікірлер (жақсы-жаманды) айтуға болар еді. Бірақ бұл – біздің кішкене рецензияның міндетіне кірмейді. Әрі «Сенім патшалығы» театр сахнасы арқылы жұртшылық назарына ілігіп қалған дүние болғандықтан, ол туралы жабық рецензияда айтып жатудың қажеті шамалы.
«Махамбеттің соңғы монологы» аталатын туынды да назар аударарлық. Шығарманың басынан бастағандағы: «бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап» деген жол – артық, алып тастау мақұл. Сонсоң, Махамбеттің басын алдық деп мақтанып келген ұлына ақылды әрі ер көңіл әкенің «ұрсатын» тұсы тым ұзақ. Ашу үстінде отырған адам мұншама мылжыңдамас болар.
Ал, жалпы алғанда, кітап – талантты кітап, өлең сүйгіш қауымды тағы бір қуантарында дау жоқ. Бірақ... өзімізше кемшілік деп санаған (ұсақ-түйек жайлар: кейбір жеке сөздер, ұйқас-үйлесімдер, т.б. тұсына қара қарындашпен белгілер қойылып, отырды, сондықтан оларға тоқталып жатпадық) жайларды да айта кетуді жөн көрдік.
Мүмкіндігім бола тұра
Саған жәрдем бермесем
Менің қолым кесілсін.
Мүмкіндігің бола тұра
Маған жәрдем бермесең
Сенің қолың кесілсін (38-бет).
Өзіңсіз келген күндерден,
Өзіңсіз терген гүлдерден
Өзіңсіз кешкен ойлардан,
Өзіңсіз өткен тойлардан, т.б. (90-бет) деп кете береді, кете береді. Қашан айтатынына, «тоқ етеріне» жеткенше шегің үзіледі.
Жалпы Мұхтар жырлары, біздің ойымызша, эстрадан, сахнадан айтуға ылайық, оқудан гөрі тыңдауға жақсы, үнді, екпінді келеді. Әсіресе, ақын өз шығармаларын өзі орындағанда өте күшті әсер етеді. Бірде бір қазақ ақыны, қарапайым жұртқа Мұхтарша әсер еткенін көрген де, естіген де емеспіз. Бірақ, жазба әдебиетте құлақ – бір басқа, көз – бір басқа. Ескі ақындар сықылды суырып салып айтылмағаннан кейін, Мұхтар жырларына да сөз жоқ, жазба әдебиеттің талабы қойылады, басқаша айтқанда, мұның да көркемдігін көз бағалайды. Тыңдаушыға жақсы әсер қалдырған жырлар оқушыға кейде ондай әсер бере алмай жатады. Мұның мәнісі, ақынның бір қатар өлеңдерінде қара дүрсіндік, сөзге, ұйқасқа салақ қараушылық, сөз саралаудың көп тұста жетіспей жататынынан. Автор сюжет, идея қуып кетіп, кейде өлеңнің басқа қасиеттеріне көңіл бөлмей қояды. Мұндай жерлер құлақтан құтылғанмен, көзден қашып құтыла алмайды. Мәселен:
Алыс кетсе несі өкініш көңіл көгі аршылар,
Көңіл көгі аршылар да намыс отын қамшылар

Немесе, мына жолдар:

Күннен күнге дарынның ашылғандай бұлағы,
Өлеңдері газеттерден күле қарап тұрады (2-бет).

Сахнадан оқылса бұл тіркестердегі кемшіліктер білінбей кетер. Ал, көзге бір түрлі көрінері хақ: Намыс отын «қамшылағанды» қалай түсінуге болады.

«Өлеңдері газеттерден күле қарап тұратыны» қалай? «Тағдырымның жанарынан жеңіс көрген күндерім» дегені де дәл ұғым бермейді. Бұ сын-ды түсініксіз жолдар ұсақ-түйек көрінгенімен, қазіргі заманның сауатты ақыны үшін әжептәуір мін. Мұндайлар жоғарыда келтірілген бірер бетте болса, елемей-ақ қояр ек, өкінішке орай, талай парақтардан аңғаруға болады. Ондайларды редактор да көрер, көрсетер деп ойлаймыз.
Тағы бір мәселе. Жұртқа жақсылықты көп жасап едім, соным алдымнан шықпады, немесе, мен достыққа адал болдым, өзгелер олай болмады, мен жанып тұрмын, жұрт сөніп жүр деген секілді ойлар көп қайталанады. Бұ жағын да ескерген жөн.
«Сейхундария», «Махаббатты қорғау», «Күре тамырды іздеу», «Сенім патшалығы», т.б. поэма, балладалары 1977 жылы жарық көрген «Сенім патшалығы» атты кітапта бар секілді еді. Одан кейін жарық көрген кітаптарында да осы шығармалар ылғи қайталанумен келеді. Бұ кітап не кітап? Тағы да таңдамалы ма, әлде, тағы да қайта басылу ма? Әйтеуір жаңа жинақ емес тәрізді. Әлдеқашан жазылған, әлдеқашан жұртқа мағлұм болған дүниелерді қайта-қайта баса беру – кімнің мұқтаждығы? Автордың ба, баспаның ба? Баспаны – білмеймін, ал, автор қырыққа жаңа келіп, қылшылдап тұрған ақын, қайта басылуларды бұл сықылды жиілететін мұқтаждық жағдайға (қартаю, не тоқырау) жетпеген адам. Ақтарып, төңкеріп-ақ жазатын жаста ғой.
Жинақты ықтияттап оқып шыққанда ойымызға оралғаны осы жайлар еді. Бөтен пікіріміз жоқ, қайталап айтамыз, әрине, жинақтың жалпы сапасы жаман емес.