Кольцов өлеңдерінің аудармасы хақында
Түпнұсқа: Что ж вы, злые, что вы вьетесь
Над усталой головой?
Что вы с ветром не несетесь
В край неведомый, чужой?
Аударма: Дәл төбемде ұйытқып анық
Тұрып алмай, қағынғыр.
Желдей есе жүйткіп ағып
Шалғай кетер шағың бұл!
Над головой деген – дәл төбемде емес. Мағына әрегірек. Желдей есіп деген – тым байырғы тіркес. Өте жиі қолданылғандықтан әбден тозып, сары жұрт болған. Сондықтан өлеңге жарамайды. Тыңнан әсер ете алмапты. С ветром – как ветер дегендерде айырма бар екенін былай қойғанда, жап-жаңа (свежесть деген мағынада) жолды қолдан «ескіртуге» болмайды. Тым құрса: желге еріп, желмен бірге деу дұрыс. Онда да жетісе қоймас, дегенмен...
Еліктірмей, желіктірмей
Баспанасыз жетімді,
Біржолата сөніп күндей
Кетті қиял, нетүрлі.
Аудармада белгілі дәрежеде еркіндік болмай тұрмайды. Ұйқас та керек. Әйткенмен, «сөніп күндей» мен «нетүрлі» – өз орындарында тұрған жоқ. Әсіресе «нетүрлі» мүлдем кірікпейді. Жұрттың құлағын да ескерген жөн.
О чем бессменная печаль
И частые стенанья?
Мұнша мұңның сыры неде,
Дертің неден асқынды?
Бұл екі жол осылай-ақ болсын.
Страшна ли жизни темна даль
И с юностью прощанье?
Әлде көңіл бүліне ме?
Қимай қызық жас күнді?
«Страшна ли жизни темна даль» – терең, күшті жол ғой. Мұны «Әлде көңіл бүліне ме?» деген әсте бере алмайды. Мұндай жолдарды дәл беру үшін, қуаттырақ қып беру үшін, нағыз «тарыққан» жағдайда, ұйқасты да, үйлесімді де құрбан етуге болар, бірақ мағынаны емес. «Ровеснику» (Құрдасқа) деген өлеңнен 8 жол қалып кеткен. Өлеңнің негізі рухы осымен де «шығып тұрған» тәрізді, әйткенмен бұл түпнұсқаны бір оқып ап, мазмұнын (мектептегіше) «өз сөзімен» айтып берген сықылды әсер қалдырады.
Поэзия держится только в выражениях – Бұл не айтқаныңда емес, қалай айтуда дегенге саяды. Дұрыс сөз. Әрі қарай:
К людям в соседки поселились
Тоска, и сон, хандра и лень (осень)
Ауыр бір ойдан сергімей
Билеген тегіс елді үрей (күз) – үрей емес.
Ал, осы өлеңнің соңғы екі жолын аудармашы жақсы берген:
Көп қырттың құрғақ мақтаны
Ығыр ғып бітті мені де.
Бұ жерде «пустая болтавня» дегенді «құрғақ мақтан» деп алу да, біртүрлі жарасып тұрған тәрізді. Мұндай еркіндіктен өлең (түпнұсқа) күшеймесе, әлсіремейді.
Түпнұсқа: Я был у ней: я вечно буду
С ее душой душою жить;
Пускай она мне изменит –
Но я изменником не буду.
Аударма: Барып ем іздеп тағы да
Кем болды бақыт кешкен күн (?)
Салса да жара жаныма
Шығармай өтем естен бір.
Аударманың әлсіздігі – айдан айқын, дәлелдің қажеті жоқ.
И черные туманы
Скрывают правды свет
Шындықтың жүзін бұл елге
Жауып тұр зілдей, көк тұман.
Сәтті аударылған жолдар. Бұған да дәлелдің керегі жоқ.
Вся жизнь моя – как сине мире:
С ветрами буйными в раздоре –
Бушует, пенится, кипит,
Волнами плещет, шумит.
Өмірім менің – көк теңіз,
Байқамай батып кетпеңіз –
Көкке атып асау толқынын,
Таппайды бір сәт ол тыным.
Аударманың еркіндігін – өлеңдігі ақтап тұр. Тек, «байқамай батып кетпеңіз» дегені, бір түрлі кекесін тәрізді естіледі. Кольцовтың өлеңі болған соң да шығар: кекесін, сарказм, мазақ тәрізділер ол ақын творчествосына тән қасиет емес.
Очи, очи голубые – көздер-ай, көздер, көгілдір; Мне вас болше не встречать! – адасып қалдым бір белде емес, әрине.
Девы, девы молодые
Вам меня уже не ласкать!
Қыздарай, неткен өмір бұл (?)
Аймалау қайда сендерге (?) Сөз жоқ, жетпей жатыр.
Давно, за пустотой бессрочной,
К тебе я, милый, не писал
И в тихий край земли полночной
Докучных строк не посылал;
Аудармасы: Тірлікке күйкі алаңдап,
Жазбаппын көптен саған хат.
Қашықта жүрген досымды
Хабарым қалай таба алмақ.
Мұнда «За пустотой бессрочной»– тірлікке күйкі алаңдап емес. «Хабарым қалай таба алмақ» та шумақта өз орнын таппай, қалқып тұрған жол. Қысқасы... «Жазбаппын көптен саған хат» дегеннен басқасы жаңсақ шыққан. Әсіресе соңғы екі жол.
Түпнұсқа: Лучше ж воином,
За царев закон,
За крещенный мир
Сложить голову!
Аударма: Дұрыс па әлде патшаның
Тәртібіне көнгенім,
Жауынгер боп,
Жорықта
Жақсы болар өлгенім!
Бірінші жол – дұрыс па әлде емес. Дұрысы, ең абзалы деп тұр. Жас жігіттің көңілінде күмән жоқ, нық сенім ғана бар. Крещенный мир дегенді тастап кетуге болмас. Аудармашы қанша қазақша сөйлеткенімен, ақынның – орыс ақыны екенін де ескерген жөн. Әрі заманы – сонау заман. Колорит, Ұлттық колорит деп аузын толтырып сөйлеуге құмар жұрт – мұндайға, әсіресе, мұқият қарайды.
Түпнұсқа: Обними, поцелуй,
Приголубь, приласкат,
Еще раз, поскорей,
Поцелуй, горячей.
Аударма: Құшақта да,
Сүйші бір,
аймалашы аптыға,
тағы, тағы, тағы да
Сүйші, сүйші қаттырақ.
Жақсы-ақ берілген. Ғашық, құмар жандардың алқыныса айтысқан демдері естілетін сықылды. Бірақ осыны тағы бір оқып көрейікші: өлеңнің екпіні (өлшемі) сәл-пәл келмей жатқандай ма, қалай? Егер:
Құшақта, сүйші бір,
аймала аптыға,
тағы сүй, сүй тағы
Сүйші, сүй қаттырақ – десе қайтер еді? Түпнұсқаның бұдан арғы шумақтарындағы өлшемді (размер) аудармашы дұрыс алыпты.
Үрейлене бермеші
Лағындай еліктің – деген жолдар Кольцовта жоқ. Әйткенмен, осы өлеңге жарасып, сіңіп кеткен тәрізді.
Түпнұсқа: Надо мною буря выла,
Гром по небу грохотал.
Слабый ум судьба страшила,
Холод в душу проникал.
Аударма: Аспан астын дүбірлетіп,
Соқты дауыл бір дүлей.
Тағдыр тағы дірілдетіп,
Көңіліме кірді үрей.
Мұны да негізінен дұрыс аударылды деуге болар еді. Тек «слабый ум» деген қалып кеткен. Бұ тіркестің орны бөлек. Себебі, «Слабый ум» болмаса... немене, дауыл мен жаңбыр, найзағай көрмей жүр ме? Шумақтың «жанды жері» деген осы!
Под крестом – моя могила,
На кресте – моя любовь!
Бұл екі (күшті жолдар) жол да: Қорқытпайды бір өлім де
Махаббат та – алданар –
Боп, «түйіншегінен» айрылып шыққан.
Аударманы, қолға қалам алып, түпнұсқамен салыстырып, жол-жөнекей мін-сын таға беруге болады. Аудармашының өлең жаза алатындығы да, тіл білетіндігі де көрініп тұр. Түпнұсқаны жоғалтпай, дәл, жатық берген тұстары да баршылық. Оның бәрін рецензияға тізе беру – артық көрінді. Тек қайсыбір ойдың, сөздердің иіріміндегі – ағаттық па, салақтық па – әттеген-ай жерлерді ғана көрсеттік. Ал, негізінде аударма шыққан. Біздіңше, бар кемшілік: Кольцовты барынша қазақша сөйлетем деген талаптан кеткен. Қазақша сөйлету – дұрыс талап. Бірақ дұрыс талаптың да шегі бар. Қай тілде жазбасын, түпнұсқа авторының стиль, сөз саптау мәнерін, бояу-колоритін жоғалтуға болмайды. Кольцов – шын мәніндегі халық ақыны: тілі қарапайым, ойлары да, сөз иірімдері де «қиыннан қиыстырылған» емес. Әрине, ақынның бұл қасиеті аудармашыға жеңілдік келтіреді деген тұжырымнан аулақпыз...
Қорыта айтқанда, Кольцов өлеңдерінің аудармасын мұқият (қарындаш ұшы тиген жерді де, тимеген жерді де), қайыра бір тексеріп, редакциялап, өндіріске ұсынуға болады.