Қ.Жойқынбековтың әңгімелер жинағы туралы

«Жаз өтіп барады» атты әңгіме махаббат хақында. Автор, сөз саптасына қарағанда, осы бір үлкен, күрделі тақырыпты екіге бөліп, екеуінің де қыртыс-қатпарын бір әңгіме арқылы ашып-айқындап тастағысы келген сияқты. Әбекең (бастық), оның шофері Виктор, Әшкендермен көңіл жарастырып жүрген Мақпуза сұлу – тұрақсыз махаббаттың өкілі де, сарайдай үйде жалғыз «қартайғанымен», Мырзабек тәрізділерге «шымшуыр лақтырып», Әшкенді ғана қабылдайтын Зияда – тұрақты махаббаттың дәл өзі дегенге саяды. Несі бар, автор осыны көркем сөз құдіретімен дәлелдеп шыға алса – кісі сөгетіндей пиғыл емес.

Әрине, шағын шығармада да өтпелі кейіпкерлер, эпизодтық көріністер бола беретін шығар. Бірақ, ондай жағдайда әр эпизод көңілге ұялап қалуға тиіс, әрбір өткінші кейіпкер не қимылымен, не бір ауыз сөзімен есте қалуы керек қой. Осы тұрғыдан келгенде, бригадир Жағыпар, Семен Михайлович, Мырзабек – мүлде басы артық кейіпкерлер. Әңгіме табиғатына олардың қосқан ештеңелері жоқ, қайта негізгі желіні тарқатып, бүлдіріп тұр. Не ішкі дүниелері ашылмайды, не сырт пішіндері елестемейді.

Солардың салдарынан Мақпуза бейнесі де солғын, бірер сәтті рефликасы болмаса, әлдекім аузына салып берген сөзді түсінбей, ойланбай қайталап отырған нашар әртіс күйінде қалған. Оның Әшкеннің бөлмесінде ұйқысырап (ұйықтайтын жағдай емес-ақ), «Қойыңызшы, Әбеке» деуі де сендірмейді. Ал, жалпы бұл қыздың табиғатында шындық бар. Кісі өлтірушінің де өз қылмысын ақтайтын сөзі болады. Егер Мақпузаның сөзіне сенсек оның ісінде де ақтап аларлық біраз жағдай табылар еді. «Біз осы өмірге неге келдік? Ішіп-жеп, ойнап-күлу үшін»– дейді ол. Міне, автор, гуманист-күрескер ретінде, үңіле суреттеп, тап осы пиғыл, осы түсінікке аямай соққы беруі тиіс еді. Өйткені, бұл Мақпузаның емес, мақпузалардың ұғымы. Әңгімеге толығырақ тоқталу себебіміз де содан.

Зылиқа деген әйел Дәулетбаймен көңіл қосады. Енесі – Ақ әже, ұлы – Телғара, Телғараның құрбысы – Омарбай, Құтжол, Тигрис, т.б. иті бар, адамы бар бұл әңгімеде де («Телғара») шашырандылық байқалады. «Алтыдан жетіге қараған» Телғараның тағдыры – адам аярлықтай-ақ. Кішкене баланың өміріне бөгде адам – Дәулетбай араласты. Өгей әке мен туған шеше туралы, біздің әдебиетте де, басқа халықтар әдебиетінде де, талай-талай шығармалар жазылды. Бұдан тақырып «сарқылды» деген ұғым тумайды, қайта, байыта, тереңдете түсуді керек етіп келе жатқан «тірі» тақырыптардың бірі – осы секілді... Сонымен... Талғараның туған әкесі (соғыс жоқ қой) сотталып кетіпті. Көшедегі балалардың айтуынша, о кісі Әнуар деген біреуді атып, соған сотталған. Неге атты? Қалай атты? Бұндай сұрақтарға әңгімеде ешкім, ештеңе жауап бермейтін болса, оны көше балаларының аузымен Телғараға есіттірудің қажеті бар ма еді? Әкесі қанша қылмысты болғанымен, одан Телғараның көңілі суып, Дәулетбайға бауыр баса қоя ма? Бір сөзінде Зылиқа енесі Ақ әжеге: «балаң енді маған өкпелемес» дегенді айтады. Неге? Дәулетбайдың көзін ашпаған күшіктерді тірідей көмуі, ақырында, «алтыдан жетіге қараған» Телғараны бақташының бишігімен ұруы – тым үстірт, жасанды сияқты. Бар болғаны алты-жеті жастағы балалардың: «Осыны ұсынамын», «Ұсыныс жасаймын» деп келетін сөздері де үлкендердің (олардың үйлерінде бұлай сөйлейтін үлкендер де жоқ) аузынан шыққандай. Зылиқаның «Телғараш», Дәулетбайдың «Зылиқаш» деп сөйлеулерін де жарасып тұр деу қиын.

«Қысқа ғұмыр» әңгімесінде тағы да еркек пен әйелдің арасы сөз болады. Дәлірек айтқанда, бұ да әйел жынысының тұрлаусыздығы хақында. Дегенмен, бірсыдырғы, жаман жазылмаған. Тым анайы тұстар мұнда да бар. Әсіресе, Ақбөпе мен Ергештің диалогы. Ақбөпе сын-ды әккі сұлу сырын мұнша арзан алдырмаса керек-ті.

Ал, Әминаның жаны нәзік, көкірегі терең. Өзі жетім, өзі су-қараңғы соқыр. Бірақ құлағы естігіш. Тұлабойы толы сезім. Оның көзі саусақтарының ұшына біткендей; бәрін сипап таниды, сипап түстейді. Әмина («Әминаның бақыты») тәрбиелі, таза, аяулы жан. Оның аузынан шыққан сөздерге оқушының да сенгісі, иланғысы келіп тұрады. Кімге қалай, білмеймін, өз басым осы әңгімеге сеніп қалдым. Материалдың адалдығына, шындығына сендім. Мәселе Әмина атты туа соқыр жас қыз бен Бекболат атты (ол да соқыр, бірақ қыдырса – жазылып кететіндей) жігіттің махаббаты жайында. Осы екі соқырдың бірін-бірі «түстеп тануынан» бір үзінді мына секілді:
«– Сенің шашың бұйра ма, қалай?– деді Бекболат.
– Білмеймін. Мамамдікі, Мәдинанікі (апасы) бұйра.
– Сенікі де бұйра екен, Әмина. Міне, қалай байқамайсың, көрініп тұр, бұп-бұйра, тек түсі қандай екенін аңғара алмадым.
– Менің шашым қап-қара, көмірдей қара. Мамам сөйдейтін.
– О, онда сұлу екенсің. Өзі қара, өзі бұйра шаш сұлу қыздарда ғана болады.
– Ә, сен қыздарға көп қарайды екенсің ғой.
– Жо-жоқ, біттей күнімде ауылдағы қазақтың, өзбектің бойжеткен қыздарын көргенмін.
– Бекболат, еңкейші, мен де сенің түріңді көрейін.– Бекболат еңкейді. Әмина оның бетін сипалай бастады» (86-бет). Шынайы-ақ.
Әңгіменің соңында Бекболат тіпті биіктеп кетеді. Ол Әминаға, Әминаның махаббатына бола жазылып кетейін деп тұрған көзін емдетуден бас тартады. Бұ қылығын ол Әминаның апасы Мәдинаға былай түсіндіреді:
– Бекболат, көзің бірдеңе көре ме?– деп сұрады Мәдина.
– Тәте, ептеп бір сәуле бар. Бейне алдымда шымылдық құрулы тұрғандай.
– Айналайын-ау, емдеуге болады екен ғой?
– Қажеті жоқ, тәте.
– Оның не, біздің қыздікі су-қараңғы, үміт жоқ.
– Тәте,– деді Бекболат ақ шел жапқан көзін Мәдинаға қарата,– көзімді емдеуді өзім де армандаушы едім... ертегі күні мына жарық дүниені көрсем – Әминадан айрылып қаламын ба деп қорқамын.

– Ой, балалық-ай,– деді Мәдина елжіреп,– қорықпастан қорқады екенсің. Сонда көзі бар сені көзі жоқ Әмина тастап кете ме? Қайта Әмина қауіптенуі керек емес пе?» (90-бет). Бақса, көзі бар жігіттің қасында жүрсе Әминаның «соқыр әйел» аты шығады екен, ал, соқыр жігіттің қасында жүрсе – ешкім өйтіп айта алмайды.

Осы әңгімеде үлкен әлеуметтік, моральдық материал бар. Әттең, әр кейіпкер, қоршаған орта төңірегінде тереңірек ойланып, шығарманы ұлғайта, қазбалай түсер ме еді!..

«Нөсер» әңгімесінің де кей тұстарында сезімді қытықтарлық хал-күйлер, көріністер жоқ емес. Бірақ, тұтастай алғанда, автордың шын ниетімен акцент жасап, салмақ салған жерлеріндегі мүкіс-ақаулар, жасанды сезілетін жайлар шығармаға оқушы сенімін азайтып тастағандықтан, әңгіме әрі-сәрі күйде қалып қойды. Біріншіден, мұндағы махаббаттың тым тәттілігі (слащавость) бірден секем алғызады.
– Зайдажан, сен мені сүйесің бе?– деді.
Анау «сүйемін» дейді (91-бет).
Екіншіден, Мәрлен деген қойшы жігіттің тым жиіркеншектігі. «Қыли веттехник есін жиып, кеткен соң, ол төсекке жата алмады. Сонсоң далаға шығарып өртеп жіберген» (94-бет). Мас боп-ақ келсін, жарайды, сол қылиды Мәрлен жаратпай-ақ қойсын, бәрібір, қай қазақ қонаққа салған төсек-жастығын өртеп жатушы еді? Мәрленнің былайғы мінез-қылығынан бұ сын-ды кесірлік те байқалмайды. Сол қыли, содан соң келгіштеп жүріп, ақыры, Мәрленнің келіншегі Зайдамен ойнап қап, дүниеге әкесінен аумаған қыли (?) нәресте келеді. Әрине, өмірдің өз заңы, өз сюжеті бар, бағзы бір мұғалім айтқандай, «өмірде не болмайды», әйткенмен, кейіпкерлердің ешқайсының характер, психологиясы ашылмаған, адамдар дараланбаған жерде қанша келісі бар оқиғаның өзі де дүдәмал туғызбай қоймайды екен. Өйткені, оқиға иланымды болу үшін, соны жасайтын кісілердің анық бейнелері (психологиялық) болуы керек, сол оқиғаның үстінде көп нәрсе, тіпті, автордың жасырын ұстаған идеясы да ашылуы тиіс. Мұның бәрі де жоқ. Бұ жерде Қ.Жойқынбеков тек «әйелге сенбе» деген біржақты, ескі пікірді тықпалай беретін сықылды...

«Бала жүрегіндегі» бала Ертайдың тасқын апатынан қаза болуы, рас, ешқандай психологиялық дайындықты керек етпейтін кездейсоқ оқиға болғанымен, Сайран есімді талантты суретшінің «бас киімін тосып», көшеде қайыр сұрап кетуі – мықтап дәлелдеуді, әлеуметтік мәнде дәлелдеуді керек ететін хал. Демек, салмақты, түбірлі жай. Сайранның жеке басының өзі бір повеске «нан» болатындай материал. Ал, автор оны баланың көзімен бір көрсетеді де, әріге бармайды. Сондықтан ол сюжетке қатыссыз кісі боп қала береді. «Тобық ойынындағы» Намыс пен Зукенді де толық ашылған, образдары шыққан, толыққанды кейіпкерлер деу қиын.

«Тобық ойынында» автор қарапайым жұрттың тұрмысын, «Мәжит әнінде» ән табиғатын білмейтіндігін аңғарып алады. «Менің көкем» әңгімесін қайыра қараудың қажеті жоқ – алып тастау керек.

«Айқас» – ит туралы, бөлтірік туралы екен. Әрине, ешкім де дүниеге иттің көзімен қарап көрген жоқ. Бірақ иттің де өзіне, итке ғана тән жүрегі болатын шығар. Біздің жазушылардың кейбір шығармаларындағы иттер, әйтеуір, философиялық трактат жазбайды, басқаның бәрінде «интеллигенттіктерін» көрсетіп-ақ келеді. Мейлі ғой. Дегенмен, бұл тақырыпқа, тынышы, жармаспау. Жармастың екен, «Ақ азу», «Көксерек», «Я – Рекс»-тердің авторлары шарлаған тұстан аулақ жүру...
Жинаққа он бір әңгіме кірген екен. Оның әрқайсысын тәптіштеп, талдап жату мүмкін болмады. Тек, қайсыбір, біздің ойымызша, басты-басты деген жайларға ғана тоқталдық. Жинақты шығару үшін әлі біраз жұмыс істеу керек дегенді аңғарта алсақ – үмітіміздің ақталғаны.

Материал мол. Қайсыбірі тіпті қою. Әңгіме көлеміне симайтындай. Адамдар да көп. Бірақ көбі оқушының көз алдында, не есінде қалмайды. Жүріп бара жатқан поездың терезесінен қарағандайсың: бейтаныс жүздер жылт-жылт етіп өте шығады. Ал, сөздердегі, сөз құраудағы талғамсыздықты, жаңсақтықты тізу үшін – өте көп сөйлеу керек болды. Сондықтан қолжазбаның бір қатар тұсына белгі қоюмен шектелдік.