ҚАНАҒАТ — ҚАРЫНҒА ҒАНА КЕРЕК

 

Біздің ешқайсымыз да жаман жазғымыз келмейді. Амал не, бізде осы күні не көп – жаман өлең көп: жаман өлеңді жек көреміз, сүйте тұра өзіміз жаман өлең жазамыз. Неге бұлай? Неге біз жақсы жаза алмаймыз? Міне, әңгіме осында.
Соңғы кезде жазылған поэзия туралы, жастар – біздер туралы мақалаларда біздің әрқайсымыздың да талантсыз емес екендігіміз айтылып жүр. Бұл, сөз жоқ, рас. Ендеше, тағы да сұрақ. Өзіміз талантты екенбіз, өзіміз оқыған кісілерміз – жақсы шығарма жазу үшін тағы не керек? Енді тек қана еңбек керек. Сонда іздену, оқу, үйрену – бәрі еңбектен шығады. Бұл – біз ашып отырған жаңалық емес, бұрыннан белгілі жәй.
Біз еңбек туралы өлеңдер жазамыз, бірақ нашар жазамыз, өйткені сол еңбек туралы өлеңнің өзіне еңбегіміз сіңбейді. Бұл – бір. Енді Әбіш Кекілбаев айтқандай, дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерін оқымайды емеспіз, оқимыз. Бірақ оқудың да оқуы бар. Бір мектептен бір сыныпты бір жылда бітіріп шыққан көп шәкірттің білім дәрежесінің әр түрлілігі сықылды біз де әр түрліміз.
Біреулеріміз, мәселен, А. Вознесенскийді керемет ақын дейміз. Несімен керемет – ол жағын ойлана бермейміз. Енді біреулері: сонда (Вознесенскийде) не мықтылық бар, әншейін дақпырт та, әйтпесе мұндай өлеңдерді қарапайым қай оқушы түсінеді дегенді де қойып қалады. Тіпті қате пікір. Мұны не ақын, не жазушы айтты деуге ұят. Мұндайлар көп емес, әрине, бірақ бар. Бұл әдеби талғамның әлсіздігін, творчестволық ауқымның тым тарлығын көрсетеді.
Біздің кейде «Жақсы шығарма жазылса – жанымыз садаға, оны жақтамайтын қайсымыз бар» деп отырып, сол жақсы шығарма машинкаға басылып, алдымызға келгенде танымай қалатынымыз да сондықтан. Мұны біз өткенде бір жас ақынның өлеңдерін көркем әдебиет баспасында талқылау үстінде анық байқадық. Әрине, бұл да біздің жаман жазуымызға қырсығын тигізетін факт. Бұл – екі.
Бүгінгі поэзия сынында ақын өлеңінің жақсы екенін айту үшін сыншылар: «құйылып тұр», «төгіліп тұр», «сорғалап тұр» деген секілді тіркестерді көп қолданып жүр. Әрине, бұл жақсы тіркестер, егер өлең соған шынымен жауап берсе. Амал не, ал олай болмай шығады көбіне. «Құйылып» тұрған өлеңнің тек ұйқасы, ырғағы және біраз жылтырақ сөздер. Оған қоса жалған пафос, өтірік қуаныш, немесе «күйдім», «сүйдімдер» мен «мынауыңызды маған бер, анауыңызды маған бер, табиғат!» деген секілді тілемсек жолдар тұрады. Бұл, әрине, шын жақсы өлең бола алмайды. Дегенмен, сыншының сөзі жұртқа қатты әсер етеді. Ақындар енді «құйылып» жазуға барынша тырыса-ды. Осыдан келіп, ақын өз қаламының жорғасымен «төгілтеді». Ол төгілу қашанға барады? Төгілемін деп шашылып, құйыла-мын деп «сұйылып», ақыры жоқ болады. Сонсоң ол өлеңді қатты ойланып, тебіреніп, тіпті бас қатырып жазу керек екенін ұмытады. Ақынның ғажайып сырға, ойға, жұмбақ сезімдерге, неше түсті бояуларға толы лабораториясы қаңырап бос қалады.
Тауысылмайтын қазына бола ма – егер оны ылғи толықтырып отырмаса. Ол үшін тағы да еңбек ету керек, шындап қиналу, қайғыру керек, сонсоң барып қуансақ – ол баянды болмақ.
Міне, жоғарыда айтылған төкпелікті дәріптеудің тигізетін қырсығы, біздің ойлауымызша, осындай. Әрине, біз ең кейінгі жастар бос, жалтырақ, көз алдайтын құрғақ әсемдіктен, теңеу үшін өлең жазу ауруынан айыға бастадық, бірақ сауық-қанымыз жоқ.
Біздің көркем әдебиет баспасының басшылары, т.б. кейбір көркем өнер қызметкерлері: «Осы күнде ақындар көбейіп кетті, олардың бәрінің бірдей кітабын қайтіп шығарамыз»,– деп уайым айтады. Бұл – дұрыс емес. Керісінше, бізде ақындар өте аз. Оларды санауға «бір қолдың саусақтары» жетеді. Ал әдебиетті жағалап жүрген жай ақынсымақтар, жазушы-сымақтар санауға бір қолдың саусағы түгіл, бір бастың шашы да жетпес. Неге бұлай? Біз талантты ақындарды, үлкен ақын шығады деген адамдардың кітаптарын басып, қалған ағайын-дарды қоя тұрсақ болмас па? Жоқ, болмайды! Себеп? Себеп сол – баспада қағаз жетпейді, ақша жетпейді дегенді көп айтып жүр. Бұл жай сылтау емес, шындық. Өйткені баспаның қағазы жаңағыдай жаман, тіпті ештеңесі жоқ кітаптарды басуға кетеді. Сонсоң біздің үлкен ағаларымыздың жуан-жуан томдары бар және бір жазған шығармаларын олар бірнеше рет өңделген деген желеумен өңдеген сайын қайта бастырады. Оған қағаз кете ме – кетеді, ақша кете ме – сөз жоқ. Міне, сондықтан біздің жас ақындар: Тұрсынзада Есімжанов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты бірнеше талапты жастардың жинақтарын басу – баспа үшін үлкен шығын болып көрінеді.
Біз – жастар, кейінгі кезде «жаман ырым» бастап, үлкен жазушыларға, ағаларымызға өкпе айтып жүрміз. Өкпелегенде «біз бір керемет талант едік – танымадыңыз, жүйрік едік – бәйге бермедіңіз» демейміз. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, өзімізде де қиратып салған ештеңе жоқ. Болған күнде де біздің алдымызда Әбділданың, Хамиттің, Сырбайдың шыққан биіктері тұр. Оны біз көріп отырмыз. Ендеше олар болу үшін (егер бола алсақ) бізге көптеген жылдар керек қой.
Әйтсе де біздің өкпеміздің жөні бар секілді. Солардың қайсысы біздің шығармамыз туралы пікір айтты екен? Айтса кейбір жас ақындардың көп арақ ішетіндігін, аздап мас болатындығын айтты, дандайсып кетті деді. Ұрысты. Ал ішпейтіндер мен дандайсымайтындар ылғи ғана талантсыздар ма? Олай болғанда олардың талантсыздықтарын неге сөз қылмасқа? Бұл жағынан бізге бүгінгі орыс поэзиясы үлкен үлгі көрсетіп келеді. Есімізде ғой, Юрий Панкратовтың «Месяц» деген жинағы күні кеше жарық көрді. Соған орыстың белгілі-белгілі әдебиетші-сыншылары пікір айтып та үлгерді. А. Вознесенскийдің «Треугольная груша» атты циклі «Знамя» журналының осы жылғы төртінші санында жарияланды. Осы цикл туралы Л. Мартынов «Литературная газетада», Б. Соловьев «Октябрь» журналының жетінші санында, А. Дымшиц «Знамя» журналында мақалалар жазып, өз пікірлерін білдірді. Сонда бұл кісілердің Вознесенский туралы мақала жазудан басқа шаруасы болмаған ба? Әлде бүкіл кеңес поэзиясы бір ғана «Треугольная грушаға» қарап қалды ма? Жоқ, олай болмасқа керек. Жоғарыда айтылғандай, бізде бұл жәй мүлде басқаша. Біз үлкендерге, алдымен, өнерімізді емес, өзімізді танытуымыз керек. Қай жақтан келгенімізді айтуымыз керек, үлкен ақындардан кімді жақсы көретінімізді, әсіресе кімнен үйренетінімізді алдын ала сездіруіміз керек. Сонсоң барып біздің «жолымыз бола» бастайды. Сол дұрыс па? Бізді қоя-ақ қойыңыз, тіпті қазір белгілі ақын болып кеткен Ғафу Қайырбековтың творчествосы туралы да шын мәніндегі сын-талдау пікір болған жоқ қой. Тек анда-санда ғана әркім бір шумағын алып мақтап өте шығады. Ол ақынға қанша себін тигізеді? Қайырбеков секілді ақындардың нағыз құдіретті шығармалар жазатын кезі енді келді. Олай болса ол туралы пікір дәл осы кезде айтылуы керек еді ғой. Ізтай Мәмбетов туралы да осыны айтар ек.
Енді тағы да мақаламыздың бас жағында айтылғандай, өлеңіміз жайлы сөйлейік. Алдымен, біз осы қай кезде өмір сүріп отырмыз. Бұл жылы, яки алпысыншы жылдары біз жасаған өлең қандай болу керек? Тіршілігіміздің тынысы қандай? Міне, осындай сұрақтар қайда барсаң да алдымыздан шығып жүр. Заңды нәрсе... Жалпы, ойлана білуіміз керек.
Біз, жастар, алпысыншы жылға ала қанат көбелек мініп, гүл аралап, қызықпен жеттік. Енді бұл көбелек бізді қайда апарады? Сірә, мұнымен алысқа ұзамайтын тәріздіміз. Бұдан барлық скрипканы сындырып, барабан алып шығу керек деген ұғым тумасқа керек. Әңгіме скрипканың әуезінде ғой. Ол не туралы сайрайды? Қандай ой туғызады? Қандай алысты меңзейді? Ақырында оның әуені тыңдаушыны мүлгітіп ұйқтата ма, әлде төсекте жатқан адамды орынынан тұрғыза ма? Бізге осының соңғысы керек секілді. Өйткені бізге оқушыны ойлантатын өлең жазу керек. Ал ой адамды, оның жан-күйін тыныштыққа қалдыра алмайды. Тынышсыздық ұйқтау емес – ояну, өлу емес – өмір сүру. Біздің өмір сүргіміз келеді. Атом мен ракета ғасырында, бүкіл дүние тағдыры бірер кнопканың басылуында тұрған шақта біз жайбарақат, сұлулыққа, махаббатқа мүлгіп, ойсыз, философиясыз жырлап отыра аламыз ба? Жоқ, бұл мүмкін емес. Біз жазған әр шумақ, қолдан келсе әр жол тынымсыздықты танытсын. Лирикалық геройларымыз, трактор айдаудан бұрын, көп сырлы, сырт қарағанда жұмбақ мінезді, қайғыны да, қуанышты да сақтап алатын кеудесі бар, қажыр-қайраты мол күрделі де күшті адамдар болуы керек. Шынында да олар сондай. Фантастар айтқандай, қашан біз металдан адам жасап алғанша ет пен сүйектен жаралғандарды жырлауымыз керек. Біз көбіне өзіміздің жағымды кейіп-керімізден өзіміз тайыз, әлсіз боп шығамыз. Біз, қазақ жастары сол құдіретті адамды танып білуде, оның тереңіне бойлауда орыс әріптестерімізден Е. Евтушенко, Р. Рождественский, А. Вознесенский, Ю. Панкратовтардан көп жайда олқы жүрміз. Бірақ бізде де бір игі беталыс бар секілді. Рас, әлі әлсіз. Бірақ оның күшеймейтініне кім кепіл? Бұл орайда жақсы шумақтар, тіпті жақсы өлеңдеріміз де жоқ емес. Тек соны тәрбиелеп, өсірейік. Қанағат – қарынға ғана керек, ал талантқа ол жараспайды.