ІЗДЕНУ ЖОЛЫНДА

(Ақын ақын туралы)

Қалың орманда жалғыз қалған кісінің жүрісі қызық. Адасқанын сезген сайын берекесі ұшқан жолаушы әрі-беріден соң батыс пен шығысты айырудан қалады. Ондай жағдайға душар болған адам үшін жолдағының, маңайындағының бәрі жаңа, бәрі бейтаныс: жолға көлденең түскен бұта да, балақтан ілген әрбір тікен де оған кедергі бола алады. Оның бағытын жер қолайы, табиғи біту ыңғайы білгілейді. Поэтикалық творчество адамының да әуелгі жолы осыған ұқсас. Оның да ізі ирек, оған да көп нәрсе бейтаныс, оның да бағытын көбіне-көп жағдай билейді. Сондай-ақ қайтіп, қалай жол табу – нені аттап, неден айналып өту кісінің кісілігіне, талантына байланысты. Поэзияда да ғылымдағы сияқты «сайрап жатқан» жол жоқ. Әрине, жол жүрген сайын әр нәрсеге көз үйреніп, әлгіндей ну орманның көп түкпірлерінің көріне бастауы табиғи жай, көркем творчествода мұның атын тәжірибе жинау, машықтану атайды. Айырмасы: орманда бір қалтарыстан жалғыз аяқ жол кезіксе, адам қуанып қалады, өлеңде басқаша: ақын әрбір оңай табылған тіркеске сақтанып қарайды. Өйткені дәл тіркес өзінікі болмауы мүмкін. Міне, нағыз творчествоның қиындығы ғана емес, құны да осында жатыр.

Бәрі де аян, бәрі аян,
Аян емес сыр бар ма?
Бәрі де аян, бәрі аян
Сырды айтпаған жыр бар ма?
Десе де, бір қатты мұз
Ерімеген сияқты.
Сонда да бір сұлу қыз
Сүйілмеген сияқты.
Соны сүйіп, соны еріту
Маған қалған сияқты.
Бұл – әлгі секілді ну орманға қараңғыда кірген адамның айналадағы біраз нәрсеге: ана түкпір, мына түкпірден, ирелеңдеген қосылған көп-көп жолға, соқпаққа көзі үйренген, талай жағдайға көкірегі көндігіп қалған кісінің сөзі. Бұл өз мақсат, бағытына саларын шамалап алған адамның сыры секілді еді.
Алпысыншы жылдардың басында ақын Сабырхан Асанов жыр-ізденіс, ой-толғаныс орманына осылай кірген. Оның жоғарыда үзінді келтірілген өлеңі бастаған жыр жинағы жарық көргелі де жиырма жылдай уақыт өтіпті. Содан бері ол талай-талай поэзиялық жинақтар берді, поэтикалық талай-талай формалар тапты, батыл-батыл қадамдар жасады. Жолында көлденең жатқанды аттап, көрініп тұрғанды айналып өтіп (аттауға адым жетпейтіні) деген секілді, өз бетінше жүріп отырып, Сабырхан да талай жол алыпты.

Киіп кетіп жатпаса да ой көлденең,
Әліге дейін айыра алмай мен келем.
Ақша бұлттар – менің әппақ жаным ба,
Ақ бұлттардың жанымын ба әлде мен?!

Міне, осы сауал ақын қиялының қозғаушы бір күші. «Анау не нәрсе, өз өміріңнің мәні не, немесе айнала орта деген не, оның маған қатынасы қандай» секілді сауал – ой, сезім биігіне көтерілер әр кісінің алғашқы баспалдағы. Ізденіс атаулы содан басталмақ. Сабырхан жанында адам сүйсінерлік бір маза-сыздық, қанағатсыздық бар. Онысы әр кезде әр қалай ашылып жатады.

Тауға тұғыр қоюдың керегі жоқ,
Таулар өзі-ақ алыстан көрінеді,

немесе:

Үлкен де емес, кіші емес,
Әппақ та емес, қара емес,
Өңім де емес, түс емес,
Жоқ емес, иә бар емес,–
Жадымда қалды бір елес;

болмаса:

Отызға жас та келді, сөз де келді-ау,
Құрғыр-ай, тұра тұрмай тез де келді-ау.
Балаша шатпақтатпай шала-шарпы,
Ойланып іс қылатын кез де келді-ау;

немесе:

Бір өлең жазғым келеді,
Баламдай бөлеп тербетіп,
Бір өлең жазғым келеді
Ұмытпастай жер беті.
Қайда екен шіркін сол өлең?
Тапқан күні-ақ өлер ем;

болмаса:

Өмір жайлы ой басыңа келеді екен,
Ымыртта күн батысқа қарап тұрсаң,–

дегенді де Сабырхан айтыпты. Ал осы сықылды салмақты, ойлы ақынның:

Оңға қара,
Солға қара,
алға қара –
айналаңның бәрі қыз.
Дәл осыны көргің келсе
ЖенПИ жаққа барыңыз,–

тәрізді жалаң өлең жазып кеткені қалай? Несі бар. Жыр ала-құла болса, онсыз да шұбарытқан ұғым-талғам бір түске қайдан келе қойсын. Бұл секілді ақынның алақолдығын «іздену» деген бір ғана сөз ақтап алады. Бірақ, шын нашар жолдарды ештеңе ақтай алмайды.

КазГУ болсын, ЖенПИ болсын,
Қайда болсын, бәрібір.
Жатақхана, жатақхана –
Жастық шақтың пырағы;

немесе:

Кеудесіне тулаған көк теңіз кеп,
Көгал қуған қалды артта өктем із көп (?)...
Сапырып сап-сары ала жапырақты
Күз ішінен (?) мен жүрмін көктем іздеп;
болмаса:

Қусырылып көкжиектің іргесі (?)
Күйіп жанған елдің жаңа кірді есі.
Таянды да самалдай боп тұрды есіп
Оңтүстіктің әдеттегі бір кеші;

немесе:

Кеудемнен бір көкжиек ашылып,
Мені тым, тым алыс шақырар.
Төрінен түрлі өрнек шашылып (?)
Төгілер түрлі нұр сатылар (?);

болмаса:

...Көп толқытқан қарасын көркем болып,
Сірескен бұлт саңылауын дүрбі етемін,–

дегенді де Сабырхан Асанов айтыпты. Келтірілген үзінділерде кездесетін кейбір тіркестерді логикалық-мағыналық жағынан тексеріп көрейікші. Пырақ – пегас – ат, қанатты ат. «Жатақхана – жастық шақтың пырағы» дегеннің ешқандай ұғым бермейтінін дәлелдеу үшін көп біліктің керегі жоқ. Сол сияқты, «өктем із» деген де із болмайды. «Өктем із көп – көктем іздеп» жақсы ұйқасқаннан басқа ештеңе бермейді. «Көкжиектің іргесі» де ұғым боп жарытпайды, өйткені көкжиектің өзі ірге ғой – аспанның іргесі – іргенің іргесі бола ма, т.б.
Өлең тану мәселесінде Сабырхан талғампаз жігіт. Білімді де. Әлгіндей мін-кемшіліктерді өзі де көре алар еді. Түзей алатынына да дау жоқ. Қасым Аманжолов: «Салақтық – ақындық қасиет емес» дейді. Рас сөз. Бірақ Сабырханның «салақтығы», егер салақтық болса, жалқаулықтан туған салақтық емес. Ол – бүгінгі таңда көп ізденіп жүрген ақын. Өлеңдерінде ылғи да дерлік, әлденендей бір тың жәйтті, бұрын өзі де, өзге де көре қоймаған қайдағы бір қалтарыс-сырларды ашуға тырысып отырады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дегенді біз қағида ғып қабылдадық. Ал екінші жолды: «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегенді көбіне-көп ескере бермейміз. Сабырханда осы қиыннан қыстыру талабы басым болып келеді. Оп-оңай, өзінен-өзі қаламның ұшына оралып тұрған ұйқас-үйлесімдерден ақын ылғи қашқақтап отырады, өзінен өзі ойға келіп тұрған логикалық шешімді шеніне жолатпайды. Міне, сондықтан да оның өлеңдері бір қарағанға олпы-солпы, кедір-бұдыр боп көрінеді. Себебі бұрын ешкім қолданбаған тіркес, «Сірескен бұлт саңылауын дүрбі етемін» теңеуі әп дегеннен кімнің көкейіне қона қойсын! Әйткенмен, көкейіне қонбағанның бәрі жаңа емес, жаңаның бәрі жақсы емес. Біз бұл ақынға сын айтқанда, осы жақсы емес, жаңасы туралы айтамыз. Рас, қанша жаңа болғанмен бір жүрген жеріңді екі мәрте бассаң, өз ізің де өзіңдікі болудан қалады. Кейде өз төріңді ғана емес, өз көкірегіңді өзің тастап шыққың келетіні сондықтан. Әттең, қолдан келсе ғой! Басында айтылғандай қалың орманның, ой орманының ішінде жүрген адамның өз бағытын қалай «өзгертетіні»– стихиялық жайт. Осылай жүрейін, осы бағытты қалайын деп, әдейі (саналы түрде) барып ешкім ештеңе ашқан жоқ. Колумбтың Индияны іздеп жүріп, Американы ашып алғаны содан. Бұдан, әрине, өнер адамы ылғи да мақсатсыз қаңғырады деген ұғым шықпайды. Индияны іздеу бақыты да көрінгеннің маңдайына жазыла берген жоқ... Қараңғы ормандағы сықылды, бізге Сабырханның кез келген діңге соқтығып, кез келген бұтаға сүрініп жүретін «көзсіздік» қасиеті ұнайды. Қайсыбір әдебиетшілер С. Асанов творчествосы туралы: «алғашқы адымдары жақсы еді, соңғылары бір түрлі болып кетті» деп кінә қояды. Мейлінше жаңсақ пікір. Ақын солай, ылғи да өзгеріп, жаңарып отыруға тиіс. Ол – адам. Өлең жазып қана емес, өмір де сүріп келеді: тәжірибе қайда, әсер қайда? Ол жыр тоқитын станок емес. Кеше мақтағаныңды бүгін айыптайсың, кеше оқыған кітабыңды бүгін қайыра оқисың, басқаша әсер аласың. Өмір, уақыт заңы осылай. Өз басым, осы тұрғыдан да Сабырханды барынша дұрыс түсінгім келеді. Қайта, керісінше, кейбір ақындардың бұдан жиырма жыл бұрын жазған өлеңі мен күні кеше жазғанының арасынан «ешқандай өзгеріс» (түсінік, ұғым, көру, ой түю тәсілдері, т.б.) көрмегенге таң болып қаласың. Баяғыда сондай еді, әлі сондай дегенге біраз жігіттер мақтанып қалатынын байқағанда, тіпті дал боласың. Мұндай ақындардың он бес-жиырма жинағынан он өлең оқысаң жетіп жатыр. Себебі: бәрі бірдей, ортақол, бәрі бір күнде жазғандай, түгел тінтіп керегі не? Станоктан шыққан матаның бір метрін көр не, он метрін көр не – бәрібір.
Андрей Вознесенский поэзиясын талдай келіп, Юнна Мориц былай дейді: «Плох тот поэт, который не обманул ожиданий и дал точно то, что обещал в юности. Значит, он лишен сильнейшего чувства – чувства пути...» («Юность», №10, 1981).
С. Асановта осы жол, сапар сезімі бар. Уақытты сезіну деген де осы төңіректегі түсінік. Оның ізденуі – іздеу үшін емес, қызығудың, құмарлықтың іздеуі. Құрғақ қолтаңба, стиль іздеу болса, алғашқы тапқандарының өзі-ақ үлгі болуға жарайтын еді ғой. Оның іздеуі, әрине, кеше қара қызды ұнатып, бүгін сары қызға ғашық болу секілді әсіре қызылдық емес, ой сүйетін адамның басты, ең басты қажеті, табиғи қажеті – өтіріктің өзінен шындық іздеу, құр сылдырдың өзінен сыр бағу.
Сабырхан Асанов өнер жолын: бәрі де аян, бәрі де аян,– деп «білгішсініп» бастап еді. Ештеңенің де аян емес екендігіне көзі енді-енді жетіп келе жатқан сықылды. Кітаптары біздің осы ойымызды растайды. Себебі ол:

Айта берсем,
бұл тірлікте «шүкірлігім»
тіптен көп.
Ең бастысы:
ойлар ойым,
істер ісім біткен жоқ,–

дейді. Іләйім, бітпесін! Іздей берсін, қалың қара орманда жүрген кісідей, адасып тұрып іздесін. Өнеріңді де, өзіңді де ескіртпеудің, қартайтпаудың бірден-бір дұрыс емі осы.