«АҚ НАНДА ДА КІНӘ БАР»

(Жұмекен Нәжімеденовтің «Сезім иірлері» өлеңі туралы)

Қаршадайынан әкесінен айырылған ақын кінәмшіл, оған әкесі барлар кінәлі сияқты көрінетін, сондықтан, олар жейтін «ақ нанда да кінә бар» дейді өткен ғұмырына бала көзімен қараған Жұмекен.


Сонда кінә деген не? Кінә табиғатында теңсіздік жатыр. Әр баланың әкесі болуы керек. Соғыс. Әкелері соғысқа аттанғандардың балалары, әкелері елдегілерді кінәлайды. «Әкесі барлардың кінәсі көп, көп, көп, көп» дейді ақын. Бұл іштегі әлдекімге деген ызаның сыртқа шыққан көрінісі. Неліктен әділетсіздік бала жастан басталған. Кінә деген негізінен адамдардың бірін-бірі жазғыруынан болатын іс. Неліктен адамдар ел басына түскен қасіретті, жан басына түскен тағдырды емес, өзгелерді кінәлайды. Басқа қандай амал бар. Әкесі болса да кінәлі, ақ нан жесе де кінәлі, ақ не көк көйлек кисе де кінәлі. Бұл әлеуметтік мәселе. Теңсіздіктің түп-тамыры әділетсіздікте. Ол қайдан келген әділетсіздік, оны жасаушылар адамдар. Соғысты кім ашты, не үшін? Немістерге жер жетпеді ме, не іздеді өзге жұрттан, тіптен Германиямен ешқандай қатысы жоқ, Жұмекендердің әкелері не үшін немістермен қан майданға түсті. Бұл қазақ халқының соғысы емес-ті. Жанама, жалған саясаттың құрбаны болған Жұмекеннің әкесі. Бұл соғыс ата-мекенді қорғау емес, идеологиялық қажеттіліктен төгілген қан еді. Мағынасыз, мәнсіз нәрсеге мағына, мән беруге тырысушылықтың аты – идеология. Фашистік және большевиктік идеологиялардың құрбаны болғандардың әкелерін жоқтауы әкесі барларға кінә тағумен айғақталды. Кінә деген біреуді жазғыру емес, өз бойыңдағы тұншығып қалған сезім иірімдерін өріске шығару. Өзгелерді кінәлап жүріп есею қауіпті, себебі, ол адамның аяушылық сезімін өсірмейді.


Кінә – адамды тым ерте есейтеді, тіптен қартайтады, ақын:


Бір қарасам, он бір жасар қарт боппын,
арасында мені аяған көп қарттың –
Жақсылық па – аяп еткен жақсылық?!
Иә, достар, осы сауал, осы оймен,
Күл, кінәла, жайымыз бар есейген.
Содан шығар біздің ұрпақ қаталдау,
Қаталдығы: аянышты кездерде
аяуға да бата алмау
(Т.2. 332-б.)


Қазақ «Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер» дейді. Тасбауырлық қаталдық емес пе? Бұл қайдан шықпақ? Бірден ауызға оралатын сөз, ол балалығын жоғалтқандарда болмақ. Жұмекен айтқандай, он бір жас¬та «қарт» болсаң, не болмақ? Көктемнен кейін жайма шумақ жаз келетініндей, балалық көктемі жастықтың жазына өтпесе, ол аралықта өзінде жоқты өзгеден іздеп кінә санап жүрсе, аяушылық сезімі тыныстай ала ма? Бұл да бір ауыр сауал. Аяу деген жақсылық па, әрине, жақсылық, бірақ шын аяуды білмей тұрып жасағаның жақсылық болар ма екен? Қазақ тілінде мүсіркеу деген түсінік бар, ол аяғаннан жасалған жақсылық емес, ол да кінә іздеудің бір түрі. Нағыз аяу үшін батылдық керек. Аяу деген ірілік. Олай болмағанда аяу мен қорлау егіз болып кетпек.


Ал әлдекім бізді де аяп, болды ұққан –
Әлдекімге өшіктік біз сондықтан.
Ауызды ашсақ – сөздің небір өткірі,
сондықтан да мықты ысқырып, бет тіліп.
Өскендіктен шығар бәлкім, бұл мінез
аяу, қорлау – егіз ұғым деп біліп?
(332-б.)


Аяу дегенді түсіну үшін кісілік мінез қажет. Кісілігі жоқ адамның аяушылығы – қорлау. Өмірде бұл екеуінің аражігі тайға таңба басқандай анық емес. Ол адамның талғамы мен парасаттылығына қатысты. Аяу сезімі неден басталып, немен аяқталмақ. Ол қандай ой өрімін талап етпек, оның мақсаты қалайша айқындалмақ. Сірә, аяушылық өзегі ізгілік, ол кінә дегенді түп-тамырымен жоюшы қуат. Әлдекімдердің ізгі жандар болмауынан аяудың орнына қорлау жүрсе, әрине, мінез қатаймақ, өмірге деген бөгделік қалыптаспақ.


Адамды аяп көмек жасау жолында
мен ештеңе аяп көрген емеспін!
Аяушылық – жүректің нақ өз үні,
ал аяуды – қорлау көрген қашанғы
адамдардың өзімшілдік сезімі.
Аяушылық – ұлы сезім!
(332-б.)


Осы өлең жолдарында мынандай дүниетанымдық-философиялық ұғымдар өріліп тұр, олар: аяу, аяушылық, қорлау және өзімшілдік.
Аяу өзіңнің адам екеніңді мойындау. Жаратушы кімді болмасын бұ дүниеге адам етіп жіберген екен, олай болса сенің адам баласын аяушы – Жаратушыға деген парызың, ислам лексикасында мұсылмандығың, философиялық мәністе өзіңді-өзің тануың. Адамның адамды мойындағаны, оның аяушылық сезіміне ашылатын өріс. Мен де адам, ол да адам, кімнен кім артық? Міне, осы пиғылда аяушылық сезімі туады. Осы сезіммен өсіп-өнген адам – кісілікті, ізгілікті, парасатты жан. Аяу – сезім, аяушылық осы сезімнің жүзеге асуы.
Қорлауды ақын дөп басып анықтап берген, ол өзімшілдіктен болатын жағдай. «Мен өзім» деп сөз бастаған адам қауіпті. Ондай жанның аяушылығы мазмұнын жойып, қорлауға өтіп кеткен. Өзімшіл адамның жасаған аяушылығы – қорлау, «жақсылығы» залалды. Мұсылмандық шарттың бірі – оң қолын берген садақаңды сол қолың білмеуі керек дейді, біз көбінесе жария аяушылық жасап, кері нәтиже жасап жатқанымызды есепке ала бермейміз. «Аяушылық – ұлы сезім» – ақынмен толық келісемін. Ол ұлы сезім болса, Жаратушымыздың құдіреті. Ол Алла тағаланың өзінің пендесіне деген мейірімі, бұл аяушылықтың ұлылығының мәнісі.
Өкінішке қарай, аяуды біз мезгілінен өткізіп алып барып, тым кештетіп шуылдасып жататын да әдетіміз бар.


Аяушылық – ұлы сезім!
Бұл сезімге бүкіл адам, халық құл,
тек сол үшін жалғыз-ақ шарт қалып тұр:
мұқалуы керек ептеп мықтының,
жығылуы керек кейде алыптың!
Пендешілік!
Баяғы өмір
Баяғы ән –
түсінгенмен мойындамас жай адам,
Пушкиндердің өңменіне оқ таяған,
Лермонтовты өлтіріп ап аяған.
Аяу сондай бола ма ылғи?..
(332-333-бб.)


Ақынның баян етіп отырғаны нағыз шындық. Қазақ халқы ХХ ғасыр басында кеңес заманында баршама мықтыларынан, алыптарынан айрылды. Уақыт өте оларды аяп, ескеріп жатқан қалпымыз бар. Бүгінгі күнді алсақ, ақын айтқандай, мықтыларымызды ептеп мұқалтып жатқанымыз да шындық, сонда бұлардың күні өтіп, көздері, өздері жойылған соң аяуды бастамақпыз ба? Тәжірибе жеткілікті, бірақ, сол пендешілік, сол баяғы ән, неге? Менің айтарым, «Аяушылық – ұлы сезім» екені. Өкініштісі соны әлі де дер кезінде сезіне алмай жүрміз. Оған кедергі – өзімшілдік, оны бүгінде амбиция деп те атап жүр. Неге десеңіз, «ақ нанда да кінә бар».

Ғарифолла Есім