Әбулахап Райымбековтың "Дастан-өмірі" туралы

Әбекең өлеңді көптен жазып келе жатқан кісі. Осы қолжазбадағы жырларының да қайсыбірі тым әріде – 1934 жылы жазылыпты. Бірақ, амал не, ақын болу – стажға байланысты емес. Райымбеков, рас көптен ғана емес, көп те жазады. Өлеңге бір кісінің қаламы төселсе – Әбекеңнің-ақ қаламы төселгендей еді. Асылы, төселу дегеннің өзі сапаға қатысты болмауға керек. Өйткені, төселген қалам жаман өлеңді, әсіресе, көп жазады. Біздің байқауымызша, Әбекең жас кезінде, әу баста-ақ нашар жазғанға ұқсайды. Әрине, бәріміз жақсы білетін, көбіміз жақсы көретін ағамыз туралы бұл пікірді жұмсартыңқырап айтуға болар еді, бірақ одан нәтиже, қорытынды өзгермейді. Сондықтан әділетке жүгінген жөн.

Нар өркеш Нарсайының баурындағы,
Арманым, колхоз қызы аулымдағы.
Қия алмай жүрерімде мен қалаға
Қолымды қала бердің алдың-дағы.
Сен онда үлбіреген гүл едің ғой,
Сен сонда маған ақ жол тіледің ғой.
Мен оны әлі күнге ұмытпаймын,
Ұмыттырмай сақтаған жүрегің ғой.

Бұл жолдар – 1966 жылы жазылған.

Нар өркеш Нарсайының баурындағы
Гүлденген жаңа өмірмен ауылым бағы.
Есімде қоштасарда қол қысқаның,
Жан құрдас колхоз қызы ауылымдағы.
Сен күлген өмір гүлі жас, ажарлы,
Сезбейсің білмек түгіл қайғы, зарды.
Бөлеген күн нұрына, гүл исіне
Оқиық, колхоз қызы, жаңа заңды.

Бұл өлең – 1936 жылы туыпты. 36-жылдан 66 жылға шейін 30 жыл өтіп кетті. Әбекеңнің өлеңі баяғы, бәз қалпы, басқаша айтқанда, 36 жылы да нашар, 66 жылы да дәл сол күйі. Жо-оқ, авторды «өспеді» деп кінәлаудан аулақпыз, о басында «тумады» дегенді ғана айтқымыз келеді. Бұндай жай мына бір белгілі анегдотты еске салады. ...Бір топ шал өткендегі өмірлерін айтып, мақтанып отырады: бірі – жас кезінде тоң ойғанын, топырақ аударғанын сөз етсе, екіншісі – атқа шауып, асау үйреткенін, енді біреуі күреске түсіп күшін сынағанын, қысқасы, бәрі де күнінде болған, қайратты, алымды жандар екенін, ал, қазір кәріліктен ғана жапа шегіп отырғандарын ортаға салысады. Сонда Қожанасыр тұрып: «Жоқ, мен баяғы жиырма бес жасымдағы қалпымдамын»– дейді. Әлгі шалдар бұған күдіктенісе, одырайыса қарасады. «Өйткені,– дейді сонда Қожанасыр,– біздің ауылда жатқан қара тасты мен жиырма бес жасымда да көтере алмап едім, қазір де көтере алмаймын, қайратымның қайтпағандығын осыдан-ақ көре беріңдер».

Жетпеген қашан да халықтар,
Жездімде кен қазған алыптар,
Отанның жез жүгін бүгін де
Ғарышқа көтерген даңқтар.
Забойлар кең аспан астындай,
Жарысқан кен сеңі тасқындай,
Жарылыс төңкерген тауларды
Жөніме жұмылар қосшымдай
Самосвал машинам сабылтқан –
Бұрынғы он шахта ағылтқан
Жез құзын бір өзі төңкеріп,
Кеншім кен космосын бағынтқан.

Ә.Райымбеков кеншілер, шахташылар туралы көп жазады. Өз кейіпкері – Бөпежановтың бейнесін автор былай жасайды:

Сұңқардай қара торы бала жігіт,
Санаулы қатарынан дара жігіт.
Смена шеберінен шахта бастап,
Ақталды қуаныш жүрек жара үміт.
Көмірін Байқоңырдың ағылдырған,
Майданның ас-арқауын сабылдырған.
Жез қазған кен басқарып жұлдызданды,
Мыс толқып шахта астын сағым қылған (89-бет).

Жинақтау арнау өлең өте көп. Автор өз өлеңдерінің алдына құлаш-құлаш алғы сөз жазып, анаған, мынаған да арнай берген, арнай берген. Кейде, көңілі түскен адамдарын (әрі қайсына жеке-жеке арнау жазудан жалыққан да шығар) тізіп ап, бәріне бір-ақ өлең арнау тәсілін де тапқан. Мысасы:

Есмағамбет, Бейсембай, Әлкей, Сәбит,
Әбділда, Мәлік, Ханғали, Әбілхамит,
Белгібай, Мұрат, Хайролла, қолдап Серік
Ғылымға мені әкелген өзі Ғабит. (35-бет)

Үзінділерді бұдан әрі де жалғастыра беруге болар еді. Бірақ оның қажеті қанша! Өйткені, бұл жалаң өлеңнің жамандығын дәлелдеу үшін әдейі іріктеп алынған шумақтар емес. Жинақтың кез келген жерінің, кез келген бетінің жағдайы осы. Ал, бұл келтірілген үзінді-шумақтардың нашарлығын айтып жатудың да қажеті жоқ. Өлең өзі үшін өзі айтып тұр. Ана шумақтың мына жері, мына шумақтың ана жері жетпей тұр, немесе, мына бір тұсын қырнап жіберсе жанып кеткелі тұр дейтіндей, кем-кетікті жіпке тіздіретін кітап – бұл емес. Мұнда, тіпті, ұйқастың өзі ескі, жұтаң; әркім бір сүйреп, әбден көң-тақы болған: халықтар – алыңдар – даңқтар, алтындай – тасқындай, сабылтқан – ағылтқан, т.б. секілді дыбыстар. Бұдан отыз-қырық жыл бұрын болса, бұ сын-ды өлеңдер, тақырыптың арқасында, бәлкім жарап та қалар еді. Ал, қазір? Әлгіндей жырларды, ұйқас-тіркестерді ел (ауыл) ақындарының өзі домбыраға қосып айтуға арланады. Ал, жырды жазып шығаратын ақын жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары мұндай «шығармаларға» қалай уақыт қиятынын түсіну қиын.

Біз білетін Әбекеңнің төрт-бес жинағы жарық көрген. Бірақ қалай шықты? Жинақтардың өздері өз күштерімен шықты ма, әлде, бәрін бір Әбулақап итеріп шығарды ма? Жо-оқ, бұл жинақтарды артынан итеру – аз, алдынан біреу (біреулер) сүйреп отырмаса, қазіргі институттарға «зорлықпен» түсетін көп-көп балалар сияқты, жетек пен демеу – екеуі бірдей керек. Өйтіп түскен бала – маман боп, өйтіп шығарған кітап «адам» боп не көктетеді?! Сондай кітаптарды басып отырған Баспа не ойлайды? Бір адамға жақсылық жасау – азаматтық, кісілік. Ал, сол жақсылық арқылы мыңдаған, он мыңдаған адамға жамандық жасалып жатса – әлгі жақсылық – жақсылық боп не бітіреді! Сайып келгенде, мұның бәрі әдебиетке, оқушыға қиянат, жұрттың енді-енді өсе бастаған талғам-танымына қиянат.

Баспада мемлекет белгілеп берген қағаздың, қаражаттың мөлшері бар. Оны жаман кітап үшін бөлген жоқ, жақсы кітап шықсын деді. Әбулақап Райымбековтың бес кітабының орнына басқа бір тәуірірек (кітап болса – бұдан тәуір болары – хақ) бес кітап шықса – кімнің ішін тесер еді. Тіпті, Әбекеңнің осы кітаптарын жоспарға кіргізу үшін басқа біреулер, сөз жоқ, сызылғанын, жоспардан түрлі сылтаулармен шығып қалғанын ойласаң – төбе-құйқаң шымырлайды.

Ал, автордың өзі өз жинақтарына қалай қарайды? Осы тұсты түсіну өте қиын. Өйткені, Ә.Райымбеков – филология ғылымының кандидаты, ғалым. Көп-көп ақындар творчествосына өзі талдау жасап, өзі үкім кесе алатын адам. Сөйте тұра, әлгіндей өлеңдерін түрлі жолдармен өткізу тұсында өтініш (арыз деуге де болады) үстіне өтініш жазып, жоғарғы-төменгі мекемелер басшыларының құлақ етін құрыш қылады. Сондай өтініштің (бұл жолы арыз емес) бірі біз қараған қолжазбаның бетінде де жүр. Сонда бұ кісі не ойлайды. Осы өлеңдердің, құрығанда, нашарлау екенін автордың да сезбеуі мүмкін емес. Асылы «Жазушы» баспасының редакторларына әбден сеніп алған болса керек. Бірақ, жаман өлеңді редакциялап, жөндеп жақсартқан редакторды, жұртты қайдам, өз басым әлі көрген-емен...

Қысқасы, Ә.Райымбековтың осы, біз қараған қолжазбасы баспадан шығуға жарамайды. Әбекеңнің жеке басын жасы үлкен аға, әдебиетші-ғалым ретінде сыйлай тұра, мына өлеңдеріне солқылдақ пікір айтсам – басқаны былай қойғанда, Әбулақап сын-ды кісінің алдында ұятқа қалар ем. Сондықтан, Әбекеңнің мен қараған қолжазбасы туралы пікірімді Алексей Сурковтың ертеректе бір азаматтың өлеңдерін оқып шығып: «Сен ғажап, жақсы жігітсің, бірақ бұл бағаның сенің өлеңдеріңе ешқандай қатысы жоқ» деген белгілі сөзімен бітіргенім жөн секілді.